Әрдайым сергек Әприза

0 91

Адам баласының бойынан тек жақсыны көрумен ғана тынбай, өзi де айналасындағыларға iзгiлiк нұрын сеуiп, жақсылық жасауға дайын тұратын жандар болады. Астаналық Әприза Құсайынқызы солардың қатарынан.

Негiзi, Астананың байырғы тұрғындары Әпризаны жақсы таниды. Өйткенi, ол – осы жердiң тумасы. Қызмет бабымен, басқа да мақсаттармен елордаға бертiнде келген көпшiлiкке де оның есiмi таңсық емес. Себебi, ол үнемi қаланың мәдени өмiрiне қатысты оқиғалардың басы-қасында жүредi. Сондықтан, бұл қалада Әпризаны танымайтын адам кемде-кем. Дегенмен, мағыналы ғұмырын мәдениет саласында еңбек етуге арнаған адамның өмiрiн, жүрiп өткен жолын бiлмейтiндер де бар шығар деген ниетпен оның өнегелi iстерiне аз-кем тоқталғанды жөн көрдiк.
Ұстаздардың отбасында тәрбиеленген қыз жасынан алғыр болып өседi. Алғашқы еңбек жолын бастауыш сыныптарында мұғалiм болып қызмет етуден бастаған ол көп уақыт өтпей-ақ, белсендiлiгiмен көзге түседi. Сөйтiп, сол кезеңдердегi пионер, комсомол ұйымдарына жетекшiлiк етедi. Кейiннен Целиноград аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы, Целиноград облыстық комсомол комитетiнiң мәдениет жұмыстарын насихаттау саласында еңбек етедi. Бұдан кейiн аудандық партия комитетiнiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi мiндетiн абыроймен атқар-ған Әприза Құсайынқызы елiмiзде экономикалық аяқтан тұру деп танылған 1990 жылдардың бас кезеңiнде қалалық мәдениет бөлiмiнiң жетекшiсi қызметiне тағайындалады. Осы саланы басқара жүрiп, ел үшiн ең жауапты, ауыр кезеңдерде рухани саланың құлдырап кетпеуiн қадағалап, кiтапханалардағы кiтап қорының сақталуы мен толықтырылуын, кiтапхана желiсiндегi материалдық-техникалық базаның нығаюына үлес қосты.
1992 жылдан берi қаламызда елорда күнi шеңберiнде өткiзiлiп жүрген дәстүрлi фольклорлық-этнографиялық «Қымызмұрындық» мерекесiн ұйымдастырушылардың бiрi де – осы апамыз. Бұл шараға Елбасының өзi қатысып, кезiнде үлкен баға бергенi бар.
Араға алты жыл салып Әприза Құсайынқызы «Испат-кармет» мекемесiмен бiрлесе отырып, қалалық мәдениет саябағының ашылуына мұрындық болды. Күнi бүгiнге дейiн халық игiлiгi үшiн қызмет етiп келе жатқан Мә-дениет және демалыс саябағының директоры қызметiн атқара жүрiп, ол қала көлемiнде ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстардан да қол үзген жоқ.
1997 жылы республикалық мәдениет қызметкерлерiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру институтын «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бiтiрiп шыққан Әприза Құсайынқызы 2001жылдан бастап Қазақстан Республикасының «ЮНЕСКО» және «ИСЕСКО» ұлттық комиссиясының құрметтi мүшесi, Ресей Федерациясының Халықаралық психологиялық ғылым академиясының құрметтi мүшесi, «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубының вице-президентi, «Нұр Отан» партиясының мүшесi. Елордадағы М.Горький атындағы орыс драма театрының директоры қызметiне тағайындалған кезеңде де ол өзiнiң қандай iсте болмасын ұйымдастырушылығымен ерекшеленетiндiгiн көрсете бiлдi. Сол кезде театр алғаш рет Мәскеу, Мордовия, Санкт-Петербург, Испания және Қазақстан аумағындағы Ақтау, Петропавл, Қызылорда, Қарағанды және т.б. қалаларға бiрқатар гастрольдiк сапарларға шықты. «Алжир» мұра-жайының директоры болып қызмет атқарды.
– Қазақ әйелi қашаннан қастерлi. Олар осы күнде отбасы берекесiн сақтаумен бiрге ел тәуелсiздiгiнiң нығаюына да сүбелi үлес қосып келедi. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткенi белгiлi. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйелдер қоғам жүгiн қайыспай көтере бiлдi. Әлемдегi әсемдiк пен сұлулық әйел көркi мен ана мейiрiмiнен нәр алатыны да сондықтан болар, – дейдi Ә.Құсайынқызы.
Расында адамзат өмiрiнiң iргетасы әйел қолымен қаланатынын ескерсек, тiршiлiктiң шырайы да, отбасының шырағы да – әйел қолында. Осы қағиданы берiк ұстанған Ә.Құсайынқызы отбасында сүйiктi жар, екi ұлына ардақты ана, немерелерiне аяулы әже атанып отыр. Қала көлемiнде қайырымдылық шаралар өткiзудi де дәстүрге айналдырған ол бұл күнде Астанадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайының iшiнен ашылған түрiк музейiнiң директоры қызметiн атқарып жүр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =