«Ардагерлерге мың алғыс» шарасы басталды

0 48

Бейсенбі күні елордада Еріктілер жылының аясында Алғыс айту күні мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ардагерлерге мың алғыс» шарасы басталды. Шара шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек бастаған «Астана жастары» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен бас қаланың волонтерлер штабының мүшелері бір топ майдангердің хал-жағдайын біліп, азық-түлік себеттерін тапсырды.Алдымен олар елорданың байырғы тұрғыны, жасы жүзге жақындаған Ұлы Отан соғысы ардагері Рауза Ширванованың шаңырағына барды. Семей қаласының тумасы Рауза Ахметқызы 1942 жылдың мамырында Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Содан бастап 1944 жылдың қыркүйегіне дейін №136 жеке байланыс ротасында радист, телеграфист болып қызмет етті. Одан кейін Чита қаласындағы Байкал жағалауындағы әскери округының штабына қарасты №245 авиация дивизиясына ауыстырылды. Сол жерден 1945 жылдың 2 желтоқсанында сержант шенінде әскери қызметтен босатылды. Беларусь майданында соғысқан Рүстем Ширвановпен шаңырақ құрған соң, жұбайының қызметіне байланысты Семей облысының Көкпекті ауданында, Алматы қаласында, Целиноград облысының Есіл ауданында қаржы саласында қызмет істеді. Рүстем Абдулұлы Целиноград қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін осында көшіп келді. Содан бастап елорда тұрғыны. Рауза Ахметқызы 1970-1980 жылдары аралығында осы қаладағы «Қайрат» ерікті-спорт қоғамында бас бухгалтер болып жұмыс істеп, зейнетке шықты. Майдангер ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, түрлі медальдармен марапатталған.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан майдангер әжейге қазіргі ұрпаққа бейбіт күн сыйлағаны үшін алғыс айтып, денсаулық тіледі. «Саулық» бағытындағы волонтерлер – Астана медицина университетінің студенттері әжейдің қан қысымын өлшеп, денсаулығын тексерді.
– «Ардагерлерге мың алғыс» шарасы шеңберінде Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетеміз. Үйлерін жинап, аулаларын тазалаймыз. Азық-түлік себеттерін тапсырамыз. Әр ардагерге бір-бір волонтерден бекітеміз. Акция бүгіннен бастап күн сайын жүретін болады. Бұл шараға демеушілерді тарттық, – дейді елорданың еріктілер штабының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =