АРДАГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

0 383

Күн сайын қатары сиреп бара жатқан майдангерлер қандай құрметке болсын лайық. Кеше Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагин Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шаңырағына барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Аудан әкімі Павел Кулагин Сиқымбай Мамыров ақсақалға соғыста көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдіріп, құттықтау хатымен қоса бір құшақ гүл мен тәттіге толы себетті табыстады.
– Сіздің жанқиярлықпен көр­сеткен қаһармандығыңызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Аспаны ашық, бейбіт заманда аман-сау жасай беріңіз, – деді ол.
Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған қарт майдангер отты жылдарды есіне алып, пулеметші болғанын, Польшаны азат етуге қатысқанын, бүкіл Еуропаны кесіп өтіп, Жеңісті Берлинде тойлағанын айтты.
Ардагер аңызға айналған Панфилов дивизиясының батальонында соғысыпты.
Жауынгерлік ерлігі үшін батыр Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі ордендерімен, екі рет Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған.
Сондай-ақ, аудан әкімі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаббас Ахметовпен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Грищенконың үйіне де бас сұқты.
Иван Грищенко Қиыр Шығыс­тағы майданда соғысып, Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежелі орденін, «Жуков» медалін кеудесіне таққан.
Жақында денсаулығы сыр беріп, ота жасатқан қария, сауығып 72-інші Жеңісті де қарсы алуға сөз берді.
Қазір Сарыарқа ауданында 70 ардагер тұрады. Олардың бәріне де осындай сый жасалып, құрмет көрсетіледі. Көп ұзамай аудан әкімдігі әр ардагердің үйінің тұсына онда майдангердің тұратынын біліп жүру үшін арнайы тақталар орнатады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − fifteen =