«АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАУ» АКЦИЯСЫ

0 251

9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында, «Ардагерлерді ардақтайық» атты «Нұр Отан» ХДП акциясы бастау алды.

Астаналық 250-ден астам соғыс және үш мыңға тарта тыл ардагерлерін ұлықтайтын ізгілікті шара Жеңіс күніне дейін жалғасады.

Акцияның басты мақсаты – аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін мақтан тұту және құрмет сезімдерін қалыптастыру болып табылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктеріне тағзым етіп, қазақстандықтардың құрметін қалыптастыру. Одан тыс, қарияларға медициналық, әлеуметтік жәрдем көрсетіледі.

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальда болып, емделіп жатқан ардагерлермен кездесті.

– «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде іс-шараларымызды бастадық. Қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлығымыз ешқашан толастаған емес. Әр аудандағы ардагерлердің жағдайын жасап отыратын әлеуметтік көмекшілер олардың үйіне барып, күнделікті жағдайын біліп отырады. Ал Жеңіс тойының қарсаңында майдангерлерге ықыласымыздың еселенетіні белгілі. Бұл күндері қарттарымыз өздеріне деген қошеметімізді сезінулері керек. Қазыналы қарттарымызды моральдық тұрғыда көтермелеп, олардың қоғамдағы орнын бағалауға бағытталған ізгілік шаралары әрі қарай жалғасын табады,-деді Сапар Ахметов.

Осы күні «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ жа­нын­дағы «Нұр Отан» ХДП филиалы көшпелі жедел жәр­­дем бригадасын ұйымдастырып, Есіл ауданында тұратын Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, медициналық тексеру өткізді. Білікті дәрігерлердің тексеруінен өткендер қажеттілікке қарай түрлі медициналық мекемелерде одан әрі емделуге жатқызылмақ. Сонымен қатар, ардагерлерге ескерткіш сыйлықтар мен гүл шоқтары тапсырылды.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =