©2020 Астана Ақшамы
АРДАГЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛДІ
Амангелді СЫЗДЫҚОВ,
Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы
– Қаламызда қанша ардагер бар?
– Астана қаласында алпыс үштен асқан ер кісілер мен елу сегізден асқан әйел адамдар, яғни, зейнеткерлер саны – 59 мың. Соның 260-ы соғыс ардагері. Өкінішке қарай, ай сайын олардың қатары азайып келеді. Сонымен бірге, елордада 4300-ге жуық тыл ардагері бар.
Жалпы, бас қаланың үш ауданында жеке-жеке ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Барлық зейнеткерлер қаладағы мекемелер мен аудандарға бөлінген. Қалалық мәслихаттың депутаттары, басқа да мекемелер мерекелерде қарттарды елеусіз қалдырмайды. Бұл бағытта шамамыз келгенше көмектесіп жатырмыз. Мәселен, Қарттар күні, Наурыз мерекесі секілді басқа да мейрамдар кезінде оларға тиісті құрмет көрсетіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады.
Бүгінгі таңда қаламыздағы барлық соғыс ардагерлері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қазақстанның басқа қалаларынан келіп, ағайын туыстарының үйіне тіркеліп, осы қаладан зейнетақы алып жүрген жандар есепке тұрғаннан кейін әрі кетсе бір айдың ішінде баспанаға қол жеткізіп жүр. Бұл – біздің қала басшыларының, әсіресе Астана әкімінің үлкен жетістігі.
– Қазіргі кезде ардагерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Біздің қалада тұратын соғыс ардагерлері жергілікті бюджет қаражаты есебінен коммуналдық төлемдерден түгел босатылған. Олар пәтеріне, үйдің тұрған жеріне салық төлемейді. Елордадағы соғыс ардагерлері мен зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Сонымен бірге, олардың қаладағы орталық клиникалық госпитальде емделуге мүмкіндіктері бар. Қазір ол республикалық деңгейдегі клиника болғандықтан, онда сырттан келіп емделушілер қатары көбейіп кетті. Ал, қалған зейнеткерлеріміз Астанадағы №10 емханаға барып, ем-дом алады.
Тіс емдеу, жөндеу, шаштаразға, моншаға бару мәселелері де соғыс ардагерлері үшін тегін ұйымдастырылған. Өз беттерімен жүріп-тұруға қабілетті кейбір санаттағы ардагерлеріміз санаторий, курорттарға ақысыз барып жүр.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы бөлінетін әлеуметтік көмекшілер жалғызілікті қарттардың үйлеріне барып, тамақ істеп, үйлерін жинап беруге жәрдемдеседі. Қысқасы, бүгінгі таңда елордада соғыс ардагерлерінің мәселесі жүз пайыз шешілді деп айтуға болады.
– Жеңістің жетпіс жылдығы жақындап қалды. Дайындық қалай?
– Мерейтойға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Жыл сайын қала әкімдігі Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне көмек ретінде 150 мың теңге бөліп тұрады екен. Биыл да сол үрдіс жалғастырылады. Бұл, әрине республикамыздың басқа қалаларына қарағанда неғұрлым көбірек. Сонымен бірге, мерейтой қарсаңында қаламыздағы ірі компаниялармен келісіп, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, игі шаралар атқармақпыз. Ардагерлерге көмектесуден ешкім де бас тартып жатқан жоқ. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз – мерекеде соғысқа қатысқан бір адам да назардан тыс қалдырмау.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ