©2020 Астана Ақшамы
Ардагерлер келешекке алаңдамайды
Бүкіл Қазақстан халқымен бірге Астана қаласының Есіл аудандық Ардагерлер кеңесі ұйымының мыңдаған мүшелері Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын шынайы ниетпен қабылдап, қызу талқылауда.
Президентіміз өткен уақытымызда жеткен жетістіктерге сараптама жасай отырып, біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында еліміздің танымастай болып өзгергенін айта келіп, табысты мемлекетке айналғанымызды атап, жаңа бағыт-бағдар ұсынды.
Бұдан 15 жыл бұрын Президенттің басқаруымен Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдап, соны жемісті жүзеге асырудың арқасында біз қуатты, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған болатынбыз. Осы өткен уақытта біз шекарамызды заңдық тұрғыдан рәсімдедік. Елдің экономикалық кеңістігін құрдық, өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, конституциялық, саяси реформалар жүргізілді. Елдің жаңа орталығы – Астана салынды. Бұл жаңа типті салынған қала біздің бойтұмарымызға, мақтанышымызға айналды. Осы қаланың арқасында халықаралық қауымдастық ЭКСПО-2017 көрмесін Қазақстанда өткізуді таңдады.
Президентіміздің «Алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстамы бойынша еліміз ілгерілеп, қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді. Ұлттық экономикамыз шетелдік инвестицияларды тартудың үлгісін жасады. Қазір елімізге 160 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылып отыр. Кәсіпкерлер үшін негізгі талаптар мен салық жүйесі қалыптасты.
2012 жылдың нәтижесі бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіріп, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51 орынды иеленеді. 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсіп, күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 7 есеге азайса, жұмыссыздық саны 2 есеге қысқарды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есеге азайып, бала туу көрсеткіші біржарым есеге көбейгенін, білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есеге өскенін, сөйтіп, алға қойған мақсат – мемлекеттік бағдарламаның іске асып жатқанын хабарлады.
Әлемдік саясатта біздің еліміз халықаралық беделге ие болып, жаhандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарып, халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдайды. Әлемде бірінші болып Семей ядролық полигонын жауып, атом қаруынан бас тарта отырып, ядролық державалардан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепіл алдық. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін құптаймыз. Осындай саясаттың арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпаудың көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болғанына қуанамыз.
«Қазақстан – 2030» стратегиясының негізі жоспарлаған мерзімнен бұрын орындалғаны үлкен абырой болды. Тарихта тұңғыш рет біздің мемлекет халықаралық дәрежеде нақтыланған 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Келер ұрпаққа даулы аймақтар қалған жоқ, қорғанысқа қабілетті әскер, пәрменді құқық қорғау жүйесі, көппартиялы Парламент, көпшілік қолдаған Үкімет құрылды.
Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі, әл-ауқаты жоғарылады. Орташа айлық жалақы 9,3 есеге өсті, зейнетақы мөлшері 10 есеге, халықтың саны 14 млн-нан 17 млн адамға өсті, өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды.
«Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымызға айналды» – дейді Президентіміз. Бұл ретте біз нағыз бейбітшілік пен келісім орнаған ел екенімізді айтып мақтана аламыз.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2030 стратегиясының орындалуын сараптай келіп, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын, яғни, Қазақстан халқына Жолдауын ұсынып, енді біздің ең дамыған отыз елдің қатарында болуымызды жоспарлап отыр. Бұл дамушы елдердің арасындағы өте қатал бәсекелестік болмақ. Сондықтан, Президентіміз ұлтымызды осындай жаhандық экономикалық тайталасқа дайын болып, көздеген межеге жетуге шақырды. Олай болса, біз де 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы болатындығына, дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайтынына, XXI ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасыры» боларына сенеміз. Түйіндеп айтқанда, біздің ұйымдағы ардагерлер қауымы келешекке алаңсыз екенін айтады
Р. АТЫҒАЕВА,
Астана қаласы Есіл аудандық
Ардагерлер кеңесінің төрайымы