Ардагерлер Астананы аралады

0 137

Астананың он бес жылдығына орай Атырау­ облысы  Құрманғазы ауданының бір топ ардагерлері бас қалаға арнайы­ келді. 

Қоғамда қазыналы қарттарға құрмет көрсету қашанда бар үрдіс. Кезінде ауданның көркеюіне үлес қосқан зейнеткерлер елорданың бүгінгі бет-бейнесімен танысып, той алдындағы дайындықтың куәсі болды. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедов қарияларға еліміздің бас қаласы Астананы аралауға осындай жағдай туғызды.

«Астана –Елбасының ерлігі. Қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға елу алты мың халқы бар Құрманғазы ауданы әкімдігінің ұсынысымен жиырмаға жуық ақсақалды Астанаға алып келдік. Мақсатымыз – елорданы таныстыру, өркендеу жолындағы өзгерістерді көрсету. Осы шара барысында ардагерлерді Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, Мәжіліс депутаттары Асхат Бекенов пен Жалғас Дүйсенғалиев қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Ардагерлер елорданың көрікті жерлерін аралап, қаланың бас жоспарымен танысты. Сондай-ақ, қарияларымызға үлкен қолдау білдірген Сәрсенбай Құрманұлына және ардагерлердің басы-қасында жүрген Болат Теміров ағамыз бен жерлес кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз» дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахман Рахметұлы. Игілікті шараның ұйытқысы бола білген аудан басшыларына ардагерлер алғыс айтып, ақ батасын берді.

Гүлмира шарханқызы

Қадырбай Жармұханбетов:

–Арайлы Астананың ең көрікті жерлерін араладық. Парламент үйінде болдық. Теледидардан көріп жүрген Бейбітшілік және келісім сарайымен таныстық. «Хан шатыр» орталығында қыдырдық. Осы жерден ауылдастарымызға базарлық алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Әркімнің әртүрлі жағдайы бар. Кейде адамға дүние жетіп жатса да, мәрттік, жомарттық, кең жүректілік, уақыт жетпей жатады. Соған қарамастан бізді бастап алып келген аудан басшыларына айтар алғысымыз көп. Астана асқақтай берсін дегім келеді.

Аманкелді хилау:

–Астананың жетістігіне тілекшіміз. Он бес жылдық мерейтойы қарсаңында осындай құрметке бөлендік.  Жалпы, елордаға  түрлі мемлекет басшылары келеді. Елдің қуанышы, мақтанышына айналған қаланы көріп, көңіліміз әбден толды. Әзірет Сұлтан мешітінде болып, бас қаламыздың одан әрі өркендеуін, қанатын кеңге жаюын бір Алладан тіледік. Бүгінгі билік басында жүрген азаматтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =