Ардагерді ардақтау – ұрпақ парызы

0 341

Елордада қалалық Ардагерлер кеңесінің XI есеп беру конференциясы өтті. Конференцияда ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов есеп беріп, ұйымның одан әрі дамытуды көздейтін негізгі міндеттерін саралады.

Жиынға республикалық ­Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, елорда аудандарының ардагерлер ұйымдарының басшылары және белсенді зейнеткерлер қатысты.
Алқалы жиында ардагерлер тарапынан Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көзделген басым бағыттарға қолдау білдіру, ортақ іске бірігу сынды пікірлер қозғалды. Сонымен бірге ардагерлер ұйымына біріккен жанашыр азаматтардың ұлтты ұйыстыру ісінде ерекше рөл атқаратыны жан-жақты айтылды.
«Осы өткен бес жылда қаламыз­да мол өзгерістер болған. Қала дотациялық қаладан донор қалаға айналған, халық саны миллионнан асты, тұрғындардың әл-ауқаты артты және басқа да оң өзгеріс­тер болды. Ашығын айтқанда, қаламыздағы оң өзгерістерге де, шешілмей жатқан проблемаларға да бәріміз куәміз. Бүгінгі біздің басты қиыншылығымыз – дүние жүзін жайлаған коронавирус індеті болып отыр.
Тек қана елордада 140 мыңға таяу адам ауырды, қаншама ардагерлерімізден айырылдық. Бұл істе медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Сол кісілердің қажырлы еңбегінің арқасында індеттің таралуы күннен күнге төмендеп келеді. Бұл дертті де жеңеміз» деді С.Есілов.
Кеңес төрағасы осыдан кейін ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауына жан-жақты тоқталып өтті.
«Ардагерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді, соғыс ардагерлеріне материалдық көмек беріледі, зейнеткерлер тегін емделеді, әлеуметтік қызмет көрсету, зейнетақысы төмен қарттарға көмір алуларына қаржылай көмек бар. Қараусыз қалған қарттар «Шапағат» әлеуметтік нысанында, психикалық ауытқулары барлар Ақкөл ауданындағы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылған. Қала бюджеті есебінен «Қатаркөл» сауықтыру орталығында осы кезеңде 15 мыңға тарта адам емделіп шықты» деді ол.
Қалалық кеңестің тұрақты комиссиясының төрайымы Н.Шиврина мәдениет және ескерткіштерді қорғау туралы мәселелерге құнды ұсыныстар жасады. Сонымен қатар жиында мемлекеттік тілдің қолданысы сөз болды. Залда қатысып отырғандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болса да, барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысты. Олар қалалық кеңестің, әкімшіліктің ардагерлерге бағытталған қолдауларына ризашылығын білдіре отырып, жаңа сайланатын Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне алдағы бес жылда атқарылуға тиіс жұмыстарға өз ұсыныстарын білдірді.
«Ардагерлерді сала-салаға бөліп, қаладағы сол басқармамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек. Мысалы, ардагерлердің ішінде білім басқармасымен жұмыс істеген қаншама, олар неге қалалық білім басқармасымен жұмыс істемеске? Қала әкімінің ішкі саясат басқармасы мемлекеттік органдардың ардагерлермен тығыз байланыста болуын қамтамасыз етсе, ұлттардың саны көбейе түседі.
Қазіргі таңда «Қатаркөл» сауықтыру орталығы жекеменшікке беріледі деген сөз тарап жүр. Бүгінде бұл мекеме ардагерлер мен мүгедектерге толыққанды қызмет атқарып көрсетеді. Зейнеткерлер орталық жекеменшікке өтсе, бағасы қымбаттайды, қызмет сапасы төмендейді деп алаңдайды. Қала бойынша жылу беру мәселесі шешілген, бірақ бүгінгі күні кейбір қарттарымыз тоңып отыр. Мысалы, Қабанбай батыр даңғылындағы №20, 22, 24 үйлердің жылу жүйесі иесіз қалып отыр, осыған жауапты органдар көңіл бөлуі қажет. Конференция алдына қойған жоспарларын абыроймен орындап шықты деп ойлаймын» деп түйіндеді баяндамасын С.Есілов.
Сонымен қатар конференцияға қатысқан республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов республика бойынша ардагерлер кеңесінің атқаратын жұмыстарына тоқталып өтті. Сондай-ақ алдағы міндеттер туралы сөз қозғады. Конференция делегаттары қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерін сайлап, төрағалығына С.Есіловті, орынбасары етіп Е.Дүйсеновті бірауыздан бекітті.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =