©2020 Астана Ақшамы
Ардагер – алтын тұғыр
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 74 жыл толып отыр. Қанды қырғында миллиондаған адам ел мен жердің, өскелең ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Қазір ардақты ардагерлеріміздің қатары жыл санап азайып барады. Кеше қан майданның ортасында күн кешкен майдангерлердің құрметіне арналған арнайы іс-шара өтті.
Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында соғыс ардагерлеріне қандай көмек көрсетілетіні айтылды.
– 9 мамыр қарсаңында елордалық 71 ардагерге 519 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұған қоса, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 332 адамға 9 АЕК, яғни 22725 теңге, ал 2817 тыл ардагеріне көмек ретінде 4,5 АЕК (11363 теңге) табысталады, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаева.
Сонымен қатар ҰОС ардагерлеріне мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға, шаштаразға бару және шипажайларда емделу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал қалалық автобустарда тегін жүру жеңілдігі қарастырылса, тіс протездеу де тегін жүргізіледі. Айтайық, қазір ҰОС қатысушыларына теңестірілгендердің саны 2900 адамды құрайды. Яғни, олардың басым бөлігі – соғыс кезінде жесір қалған немесе туғандарынан айырылған жандар.
Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында бас қаламызда ҰОС мүгедектері, қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар үшін «Белсенді ардагер» айлығы басталды, ол осы жылдың 29 сәуірі мен 29 мамыры аралығында өтеді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов айлық аясында диагностикалық зерттеулер, емдеу-сауықтыру іс-шаралары, терапевт, гастроэнтеролог, кардиолог, уролог мамандарының қабылдауы, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу тегін жүргізілетінін түсіндіріп берді.