АРБАҒАН БIЗДI «АЛТЫН ДОП»

0 151

CristianoRonaldo8

Бүгін түнде Халықаралық футбол одағының (ФИФА) жыл сайынғы рәсімі бойынша әлемнің ең үздік футболшысына «Алтын доп» табыс етілді. Алайда ол Орталық Еуропа уақытымен есептелгендіктен Цюрихте өтетін салтанатты шараны тамашалау шығыстағы мемлекеттер үшін қиындық тудырып, түн ұйқыны төрт бөлуге тура келді. Солардың ішінде біз де бармыз. Бұған дейін дуалы деген ауыздар Месси, Роналду, Рибери үштігінде португалиялық жігіттің мерейі үстем болады деп сенімді түрде айтып келді. Оның үздік екеніне келтірген дәйектері де жоқ емес. Аргентиналық және француз футболшылардың өз қарсыластарына соққан доптарын қосқанда жалғыз Роналдудыкіне жетпей жығылатынын, Криштианудың Блаттерге өкпелеп, «Алтын доп» тапсыру рәсімінен бас тартып, бірақ кейін «битке бола тонды өртеуді» дұрыс санамағанын – бәрін-бәрін мысал ретінде айтады жұрт. Алайда біз биылғы «Алтын доп» иегері туралы толық ақпаратты газетіміздің алдағы сандарында жазатын боламыз. Ал қазір айтулы атақтың тарихы мен ешкім біле бермейтін есебіне үңілсек…

«Алтын доп» – «France Football» басылымы ұйымдастырған әлемнің үздік ойыншысына берілетін футболдағы ең үлкен жекелей сыйлық. Аталмыш сыйлықпен бұған дейін 1956 жылдан бері 18 мемлекеттің өкілдері марапатталған екен. Алайда «алтын доп» 1995 жылдан бұрын тек қана еуропалық футболшыларға табысталып келді. Сол себепті үздік деп танылғандардың көбі қарт құрлық өкілдері болып табылады. Тіпті бір кездері әлемді аузына қаратқан Пеле мен Марадонаның өздері «алтын допсыз-ақ» спорттағы өмірін аяқтаған болатын.

1995 жылдан бастап бұл сыйлық алдымен Еуропа алаңдарында ойнайтын басқа құрлық футболшыларына да ұсынылатын болып, бірнеше жылдан соң оның ауқымы бүкіл әлемдік аймақтарды қамтыды.

Бір қызығы, «Алтын допқа» ие болған 18 мемлекеттің кейбірі қазіргі әлем картасында мүлде жоқ. Еуропаның 15 елі бүгінге дейін 48 рет «алтын доп» алса, 8-і Оңтүстік Америкалық қос мемлекет – Бразилия мен Аргентинаның ойыншылары тиісінше 5 және 4 рет осы сыйлықпен марапатталған. Ал Африка құрлығының өкілі бір мәрте үздік атанса, Азиядан, Солтүстік Америкадан және Мұхиттар аймағы елдерінен «алтын допқа» лайық ешкім болмады.

Тізбектей шықсақ, 7 «алтын доп» Германияның еншісінде. Оның алтауы ФРГ кезеңінде алынған. Сол секілді Голландия да 7 рет «алтындаған». Франция 6, Англия, Бразилия, Италия 5, Аргентина, Испания, Португалия, КСРО 3, Чехия 2 (оның бірін ЧССР кезеңінде) мәрте  «алтын» футболшыны дүниеге әкелді. Ал Болгария, Либерия, Дания, Венгрия, Солтүстік Ирландия, Шотландия, Украина бір-бірден бұл сыйлықтың иегері атанған еді.

«Алтынмен» апталған 18 елдің футболшысы 10 ұлттық біріншілікте ойын көрсеткен екен. Италияда ойнаған 18 ойыншы, Испания біріншілігіндегі 15, Германиядағы 9 (оның 8-і ФРГ дәуірінде), Англия чемпионатындағы 6, КСРО-да өнер көрсеткен 3 футболшының «алтын допқа» қолы жеткен. Ал Венгрия, Голландия, Португалия, Франция, ЧССР жасыл алаңдарында доп тепкен ойыншылар бір-бір мәрте жыл үздігі атанды.

Өздеріңіз байқағандай, шотландиялық, солтүстік ирландиялық, бразилиялық, аргентиналық, украиналық, либериялық, даниялық, болгариялық өкілдер өзге біріншіліктерде жүріп «алтын доп» алған. Франциялық 6 «алтын» баланың  біреуі, сондай-ақ голландиялық 7 үздіктің жалғызы ғана өз біріншіліктерінде жүріп осы жетістікке жеткен екен.

Қысқасы, «алтын допты» өзге біріншіліктерде ойнайтын легионерлер 34 мәрте өз қанжығасына байлаған (Бүгінгі есептегенде, 34 мәрте!). Сонау «Ливерпуль» сапында жүріп «ағылшынның алтын баласы» атанған Оуэннің кезінен бүгінге дейін қатарынан он бір рет (!) келімсектердің жұлдызы жанып келеді. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапқаны анық.

Бір қызығы, екеуін қоса есептегенде Италия және Испания біріншіліктерінде ойнаған «алтын» футболшылардың саны 33 болса, әлгі екі мемлекеттің жергілікті футболшылары 8 рет қана үздік деп танылған.

10 біріншіліктегі 19 клуб өкілдері «алтын доппен» марапатталды. Ең көп «алтын доп» алған команда – «Барселона», 10-ы солардың еншісінде. «Милан» 8 рет, «Реал Мадрид» 6 рет, «Бавария» 5 рет, «Манчестер Юнайтед» 4 рет, «Гамбург», «Динамо К», «Интер» сияқты командалар екеуден «алтын доп» алды. Ал бір-бірден алған командалар мыналар: «Аякс», «Бенфика», «Блэкпул», «Боруссия Д», «Боруссия М», «Динамо М», «Дукла», «Ливерпуль», «Марсель», «Ференцварош».

Байқаған боларсыздар, Италия біріншілігіне тиесілі 18 «алтын допты» 3-ақ команда алған. Ал Испаниядағы 16 «алтын доптың» бәрін «Барселона» мен «Реал Мадрид» жинаған екен. Немістердің 9 добы 4 клубқа тиесілі болса, ағылшындардың 6 добын 3 клуб еншілеген екен. Кеңес Одағы біріншілігінде алынған 3 доп – екі команда ойыншыларында.

Осы күнге дейін 30-дан астам шабуылшы, жартылай қорғаушының 20 шақтысы, санаулы қорғаушы және жалғыз қақпашы «алтын доп» иегері атанды. «Алтын» жігіттердің көпшілігі, яғни 70 пайыздан астамы – оңқай. Бірақ Сивори, Блохин, Стоичков, Ривалдоларды айтпаған күнде де Мессидің бір өзі солақай аяғымен әлемді бірнеше мәрте  мойындатып үлгерді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 18 =