АРБА ҮСТІНДЕГІ БИ ДЕ ӘДЕМІ

0 119

Кеше Қазақ гуманитарлық заң университетінде арбаға таңылған мүгедек балалар арасында би өнерінен фестиваль өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы сайысты Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы, «Аяла» қоғамдық қоры және «Жан шуағы» студенттер қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

Қамкөңіл бүлдіршіндер сахна төрінде би биледі, ән айтты. Олар кембағал болғанымен, көңілдері мен көкіректерінің, саналарының, таланттарының жоғары екенін дәлелдеді. Анастасия, Сафия, Диана есімді қыздардың өнерін жұртшылық жоғары бағалап, ыстық ықыластарын танытты.

Әділқазылар өнерпаз балаларды Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

«Бұл шара арбаға таңылған жасөспірімдердің көңілдерін бір серпілтіп, өмірге құштарлығын арттырды деп ойлаймын. Бүлдіршіндердің өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезіндіріп, өнерге тарта түседі. Соңғы жылдары мұндай игі бастамалар жиі ұйымдастырылып, жер-жерден қолдау табуда» дейді ұйымдастырушылар. Ал, осы оқу орнының 3-курс студенті, студенттер қайырымдылық қорының жетекшісі Жанерке Абаева мұндай сауапты істер, шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + one =