Аралас мектеп неге азаймайды?

0 336

Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуінше, 1937-1938 жылдардың өзінде елімізде 478 аралас мектеп болған екен. Ал бүгінде Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2047 аралас тілде оқытатын мектеп бар. Яғни 1,5 миллионға жуық бала аралас мектепте білім алып жүр. Сонда 1937 жылмен салыстырғанда тәуелсіз Қазақстандағы аралас мектептердің саны 4 есе өскен. Аралас деген аты ғана. Мұндай мектептердегі мәдени шаралар мен ата-аналар жиналысының барлығы орыс тілінде өткізіледі.Елордадағы аралас мектептердің біріндегі мұғалім Назым Мақсатқызы 3-сыныпты тәжірибе алаңы етіп көру үшін сабақты тек қана қазақ тілінде өткізе бастайды. Бірде мұғалім: «Көшеден үйі жоқ бомждар мен наркомандарды көретін шығарсыңдар. Олар жалқаулығы мен білімге деген құлшынысының жоқтығынан өмірде өз орындарын таба алмайды…» деп оқушыларды білімге ынталандыру мақсатында мысалдар келтіреді. Қазақша бір ауыз сөз түсінбейтін бастауыш сынып балаларының бірі үйіне барған соң анасына: «Мама, бізді апай наркомансыңдар, бомжсыңдар деп айтты» деп жеткізіп барады. Осылайша, ата-ана жағдайды түсінбестен мұғалімге келіп, аузына келгенін айтып, жұмыстан шығару үшін бәрін істейді. Тіпті көшеде талай рет қоқан-лоққы көрсетіпті.
Осы жағдай мұғалімнің жүрегіне үлкен жара салды. Назым Мақсатқызының айтуынша, аталған мәселе жалпы ұлтқа төнген қауіп. Бұл – халықтың жартысы, соның ішінде келешек ұрпақ ана тілін шала-шарпы біледі немесе мүлде мақұрым күйде өсіп келеді деген сөз. Астанада ашылған мектептер таза қазақ мектебі болғанда ғана ата-аналар балаларын жаппай сонда берер еді. «Мен 25 жыл бойы қазақ мектебінде жұмыс істеп, соңғы жылдары аралас мектепке ауыстым. Екі түрлі мектептің айырмашылығы жер мен көктей. Мұстафа Кемал Ататүрік көп тілді, көп дінді, көп ділді мемлекеттің өмірі ұзаққа бармайды дейді. Осының ішінде тіл мәселесі бірінші орында тұр. Аралас мектепке келгенде байқағаным, оқушылар арасында қазақ тіліне деген қызығушылық жоқ. Балалар ағылшын тілі мұғалімінің аузына кіріп кете жаздайды, ал қазақ тілі мұғалімінің бетіне де қарағысы келмей, кітапты жауып тастап, партаның бетінде жатады. Енді өзіңіз салыстырыңыз. Елімізді дамыту үшін бірінші тілімізді сақтауымыз керек. Орыс сыныбына кіріп келсеңіз, түгел қазақтың қара көз балалары отырады. Ішінде 1-2 ғана өзге ұлт өкілдері кездеседі. Бастауыш сыныптарда орыс сыныптары тіптен көбейіп жатыр. Бұған жас ата-аналардың латын әліппесін енгізеді дегеннен қорқып, баласын орыс сыныптарына жетектеп жатқаны дәлел» дейді Назым Мақсатқызы.

Елордада аралас мектеп көп

Мұғалімнің шырылдап отырғаны бекер емес. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында жалпы 91 мемлекеттік мектеп бар, оның 34-і қазақ мектебі, 8-і орыс мектебі, 49-ы аралас тілді. Мұндайда ел астанасында тұрып, баласын орыс сыныптарына сүйрейтіндей не күн туды екен дейсің. Кейбір ұлт зиялыларының пікірінше, ана тіліміздің өрісінің кеңеюіне кедергі келтіріп тұрған тосқауыл – осы аралас мектептер. Ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде ашылған. Сырдария губернаторы орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ балаларын бақылауға келгенде тапсырманың орындалып жатқанына қанығады. Ал сыныптан шыға сала, бір-бірімен қазақша шүйіркелесіп жүрген балаларды көріп, қара домалақтарға орыс балаларды қосады. Осылайша, аралас мектептер отарлық саясаттың негізгі күшіне айналған.
«Білім екі тілде берілгенімен шаралар қай тілде өтеді, тәрбие қай тілде жүргізіледі деген сұрақ туындайды. Аралас мектеп толық миссиясын орындап бітті. Себебі 90-жылдары орыс мектептерінің саны көп болғандықтан, аралас мектеп ашып, қазақ тілін енгізген. Бірақ қазір де аралас мектеп салуды жалғастырып жатырмыз. Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан мектептердің дені аралас тілде білім бермек. Сол жағалаудағы №89 мектеп бастапқыда таза қазақша білім берді. Кейін сол аумақта тұратын тұрғындар шағымданып, балаларының орыс тілде білім алуын қалайтынын жеткізді. Осылайша, былтыр ғана ашылған мектеп аралас білім беру жүйесіне көшті. Бірқатар мектептің директорымен сөйлестім. Сонда ата-аналар баласын қазақ сыныбына беруге тартыншақтайды екен. Өйткені оларда «өзім орысша сөйлеймін, ертең балама қазақша тапсырмада көмектесе аламын ба?» дейтін қорқыныш бар. Меніңше, қазақ мектептерінің мәртебесін көтеру керек. Онда да білім сапасы жоғары екенін көрсету керек» дейді М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан аралас мектептердің проблемасын талқылаған онлайн басқосуда.
Расымен, бұл – елордадағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Өткен жылдары Нұр-Сұлтан қаласының аралас тілді бір мектебінде 12 сынып ашылғанда, соның 11-і орыс тілді болды. Жыл санап, халық саны өсіп келе жатқан мегаполисте мектеп жетіспейтіні белгілі. Бірақ аралас мектептегі идеология бөлек екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, ата-аналар да қазақша басталған жиналыстың орыс тілінде аяқталатынын жиі айтады. Аралас мектеп болғанымен, директорынан бастап орысша сөйлейтінін көз көріп жүр. Мұны көрген балалар да 40 минут ана тілде тәлім алғанымен, қоңырауда орысша шүлдірлейді. Байқап қарасақ, мәселенің түйіні тереңде жатыр.

Өзге ұлт баласын қазақша оқытып жүр

Еліміз бойынша аралас мектептері көп аймақтардың көшін «орыс­танған» облыстар емес, керісінше Алматы мен Ақтөбе бастап тұр. Қазақ отбасылардың баласын орыс сыныптарына жетектеп апарып, қазақ мектептерін жапқызып жүргені санамыздағы құлдық психологияның әсерінен бе дейсің. Қоғам зиялылары осы мәселені қозғап, ең алғаш көтере бастағанда, орыс мектептерін әуелі аралас, кейін қазақ тілді мектепке айналдыру үшін мемлекет әртүрлі шаралар қабылдады. Алайда қолға алынған бастама кейін бақылаусыз қалды.
2019 жылға дейін мектеп түлектеріне грант бөлгенде 50\50 қағидаты сақталғанымен, тек былтырдан бері тілге қарап бөлмей, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша қабылдау жолға қойылды. Соның нәтижесі елімізде қазақ тілді мектептердің сапасы жоғары екенін тайға таңба басқандай дәлелдеді. Мемлекеттік гранттың 70-80 пайызын қазақ сыныптарының түлектері иеленуде. Тіпті 200 мыңнан астам өзге диаспораның баласы қазақ мектебінде оқып жатыр. Яғни өзге ұлттардың өзі мұндағы келешек қазақ тілімен тығыз байланысты екенін түсіне бастаған. Алайда сол түсінік өз қандастарымыздың санасына әлі толық жетпей жатыр. «Қазір өзге ұлттың өкілдері қазақ тілін үйренуге ерекше құлшыныс танытуда. Керісінше, қазақтар балаларын орыс сыныптарына беріп, орыс тіліне қарай ұмтылады. Өзінің тілін құрметтемейтін қазақтардың саны өсіп келеді. Өзге ұлт өкілдеріне ренжи алмаймыз. Олардың балаларын қазақ мектебіне апаруға деген ниеті түзу. Бірақ қалалық қазақтар балаларын орыс мектептеріне береді. Оған мектеп алыс, білім сапасы нашар деген әртүрлі сылтау табады. Шын мәнінде, қазақ мектептерінің оқыту деңгейі өте жоғары. Мектепті қазақша бітірген көптеген түлек шетелдік оқу орындарына жолдама алып жатыр. Кейбір ата-аналарда мемлекеттік тілді меңгермегендіктен жаңа оқу бағдарламасымен балаларымыздың тапсырмаларына көмектесе алмаймыз деген ішкі қорқыныштары басым. Осындай ата-аналар балаларының болашағына немқұрайлы қарап отыр. Өйткені 1-сыныпқа баратын балада мектеп таңдау құқығы жоқ. Ал ертең мемлекеттік тілге деген сұраныс артқан кезде сол балалар санын соғып қалатын болады» деді тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Қазақ тілінің қорғаны – мемлекет

2020 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда тұратын халықтың 69 пайызы қазақ, орыс ұлтының үлесі – 18,27 пайыз. Сонда орыс тілді және аралас мектептердегі шәкірттердің басым бөлігі қазақ балалар деген сөз. Олардың көбі Ресейде оқуға түсіп жатқаны туралы ақпарат бар. Қазір Ресейде демографиялық жағдай өте қиын. Сондықтан көрші елге адам капиталы керек. Біздің түлектерімізді мектеп бітіре сала, шаңсорғыш сияқты тартып алып жатыр. Бұл мәселені бірнеше жылдың ішінде шешетін қарапайым жол болса, ол балабақшаны түгелдей қазақ тіліне көшіру. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, бәрі қазақ тілінде тәрбие беруі тиіс. Ғалымдар 5 жасқа дейін берілген білім мен тәрбие балаға өмірлік негіз болатынын дәлелдеген. Әр бала балабақшада қазақша тәрбие алып өссе, ұлт болашағы да жарқын болады. Кейін ата-ана баласы 6-7 жасқа келгенде қандай мектепке беретінін өзі шешсін.
Аралас мектептердің көп сандысы орыс мектебінен араласқа өзгергендер. Көбінде білім басқармалары 1-2 ата-ана арызданып келсе, мектепті аралас қыла салады. Аралас мектептерге арналған оқу құралдары әуелде орыс тілінде жазылатыны да жасырын емес. Кейін оны қазақшаға аударады. Содан кейін аудармада кеткен қате қазақ тіліндегі құралдың сапасын төмендетеді. Қаламызда жаңадан ашылған мектептердің көбі қазақ мектебі болып жұмыс бастағанымен кейін аралас мектепке айналып кеткен. Себебі ата-аналар шулап жүріп үйлерінің қасындағы мектепте «Орыс сыныбын ашсын. Баламды қазақша оқытпаймын» дейді екен.
«Үйінен алыс жерге барып оқыған бала түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Білім берудегі басты принцип – «үйге жақын мектеп – жақсы мектеп». Саясатқа келсек, мемлекеттік мектептің бәрі қазақ тілінде білім беру керек. Аралас мектеп деген концепцияны ұмытатын кез жетті. Басқа ұлт өкілдері қашан қазақтың мәдениетін танып, сіңіріп үлгереді? Осыдан кейін ғана сапа мәселесіне ораламыз. Иә, қазақша контентті барынша көбейту қажет. Орыс тілінде сөйлейтін жастарды азайту үшін, қазақ тобына бөлінген мемлекеттік гранттардың санын көбейту керек. Одан кейін PISA-ның нәтижесін ашық көрсетейік, қазақы өңірлердегі мектептердің білім сапасы 2-3 жылға кешеуілдеп келе жатыр. Қазақ тілінің қорғаны – мемлекет. Мемлекет қазақ мектебінің санын көбейтпесе, жекеменшіктен қайран жоқ. Қазақ мектебін, гимназиясын салған қай кәсіпкерді көрдіңіз? Ал қосымша білім беру мекемелері неге көбейіп кетті? Білім беру жүйесі толық бір ауысымды форматқа көшпей, мәселе шешілмейді» дейді Academia.kz онлайн жобасының жетекшісі Нартай Әшім.

Мектеп тек бір тілде оқыту керек

Аралас мектептердің өз ішінде де ушығып тұрған мәселелер жетерлік. Оған орыс сыныптары мен қазақ сыныптары болып бөлінуі дәлел. Бірінен-бірі артықпын деуі немесе кемсітуі, екінші тараптың намыспен тартысуы талай текетіреске алып келген. Ендеше қазақ балалары бір-бірімен өзгенің тілі үшін төбелесіп жүр. Әрине, әр ата-ананың баласын өзі қалаған мектепке беруге толықтай құқығы бар. Мәселе, аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақ тілді мектепке айналдыруда болып тұр. Аралас мектептердің мәселесі қаншама жылдан бері айтылып жатса да, әлі де шешімін тапқан жоқ. Егемендік алғанымызға 30 жыл болса да ата-аналар неге баласын қазақша оқытудан қашады? Не кедергі?
«Бұл шынымен де жаныңды ауыртатын өкінішті жағдай. Қазақ отызды орда бұзар жас дейді. Бірақ қоғамда ғана емес, мектептерде де ана тіліміздің ақсап тұрғаны көрініп жүрміз. Мысалы, 1999 жылы №38 мектеп ашылған кезде қазақ мектебі болып ашылды. Сонда халықтың бәрі қарсы шыққан. Өзіміздің қазақтар: «Неге аралас мектеп болмайды?» деген. Сол жерде отырған жоғары лауазымды кісілер де біздің балаларымыз орыс сыныптарында оқиды деген. Бірақ сол кездегі директор Жамал Базарқұлқызының мықтылығының арқасында ол мектеп таза қазақ мектебі күйінде қалды. Мұғалімдер намысқа тырысып, жұмыс істеп, неше жыл қатарынан білім сапасынан көш бастап, аралас мектептердің алдын бірнеше рет орап кетті. Осылайша, қазақ мектебін мойындатты. Бұл жерде мектеп баланың қазақ тілінде оқып-ақ жарып шығатынын дәлелдеу керек. Орыс сыныбын бітірген ата-аналардың көзқарасы мүлдем басқаша. Олар баласын қазақ мектебіне тілге жаны ашып әкелмейді, «қазақ тілі деп қоймадыңдар ғой, оқытып алыңдар» деп келген талай ата-ананы көргенмін. Ал баланы алып, оқытайын десең бір ауыз қазақша түсінбейді. Балабақшада қазақша оқымаған, үйде қазақша сөйлемейтін балаға жалғыз мектеп қазақша үйретіп шыға алмайды. Алматыдағы мектептерде қазақ тілі екі топқа бөлініп оқылады. Ал бізде керісінше қазақ тілі бөлінбейді, орыс тілі екі топқа бөлініп оқылады. Бұл да оқушылардың тіл меңгеруіне әсер етеді. Иә, балалардың жан-жақты болып, бірнеше тіл меңгергені жақсы. Бірақ біз тәуелсіз мемлекетпіз. Біздің білім беру жүйеміз де тәуелсіз болу керек. Неге әлі күнге дейін оқушыларға орыс әдебиетін оқытып жүрміз? Балаларға керісінше әлем әдебиетін оқытайық. Мектеп бағдарламасында дүниежүзі тарихы бар да, дүниежүзі әдебиеті жоқ. Жақында осы мәселені әлеуметтік желіде әріптесіміз Аятжан Ахметжанұлы да көтеріпті. Дұрыс айтады, біздің балаларымыз неге ТМД-ның классиктерін, неге Еуропаның, Азия халықтарының шығармаларын оқымасқа? Бір жағы сол әдебиеттің бәрін қазақша оқиды, бір жағы кітап оқу мәдениеті мектеп қабырғасынан бастап қалыптасады. Одан кейін біз латын әліппесіне көшетін болғанды естігенде, тағы ата-ананың көңілі бұзылды. Себебі латын әліппесіне тек қазақ тілі көшеді, ал орыс тілі кирилицамен қалды. Сонда көпшілігі «Балам қиналғанша, орыс сыныптарындағы кирилицамен жүре берсін» деді. Бұл жерде мұғалім ата-анаға бәрін түсіндіріп айтып, жеткізуі керек» дейді № 82 «Дарын» мамандарылған лицейінің директоры Гүлмира Қашаулиева.
Біз жоғарыда атап айтқан себептердің барлығы екі ғасыр бұрынғы солақай саясаттың шырмауынан шығатын уақыттың жеткенін бағамдады. Енді түбегейлі шешім шығарып, аралас мектеп деген атаудан құтылып, мемлекеттік тілде білім беруге көшуіміз тиіс.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + five =