Әр зат өз орнында тұрса

немесе Кеңістікті ұйымдастырушы – заманауи кәсіп

0 147

Үйіңізде, жұмыс орныңызда немесе дүкеніңізде барлық заттарды жайлы, ыңғайлы, жүйелі етіп орналастыру – сіздің көңіл күйіңізге сергектік әкеліп, сол арқылы өмір сүру жағдайыңызды жақсартады. Қым-қуыт тірлікпен жүріп, үй ішіндегі заттардың ретті, ретсіз тұруына аса мән бермеу өмірлік мақсаттарыңыздың да жүйелі орындалмауына ықпал етері сөзсіз. Осы шаруамен айналысып, тұрмысыңызды жеңілдететін заманауи кәсіп кеңістікті ұйымдастыру деп аталады.Бұл сала АҚШ-та 40 жылдан бері дамып келеді. Ал Ресейге келгеніне 6-7 жылдай болса, Қазақстанда небәрі 2-3 жыл бұрын ғана белгілі болды. Өзінің заң және экономика саласында жоғары білімді қос дипломы болса да қосымша білім алып, осы салада табыс тауып жүрген елордалық Диляра Сақатаеваның айтуынша, бүгінде елімізде бұл жаңа саланы меңгергендер саны шамамен отызға жуық.
– Кеңістікті дұрыс пайдаланатын үйде басы артық зат болмайды. Әрбір заттың өз орны болады. Сонымен қатар үйді реттеуге кететін уақыт 2-3 есеге қысқарады. Бұдан басқа оның пайдасы және мен үшін аса маңызды тұсы – адамдарды «ақылмен тұтыну деңгейін» меңгеруге үйретуім. Үйге көзге түскен кез келген заттарды ала бермей, бәрін ойластырып сатып алуға үндеймін. Орысша айтқанда, «минимализмге» шақырамын. Мұның түбінде экологиялық тиімділік жатыр. Мақсатым – клиенттерім мен оқырмандарыма үйлеріндегі кеңістікті дұрыс пайдалануды ғана емес, күнделікті іс-әрекетінің табиғатқа әсерін азайту. Мысалы, үйде жиналатын қоқысты сұрыптап, ecofriendly материалдарды таңдау, жарамсыз дәрілерді дұрыс утилизацияға тапсыру және т. б., – дейді Диляра.
Қазақстанның үздік банктерінің халық­аралық қатынастар департаменттерінде қыз­мет атқарған ол қазір екі баласымен үйде отырып, осы кәсіптен тәп-тәуір табыс тауып отыр. Оған да 12 жылдай уақыт болыпты.
Алғаш ол кеңістікті ұйымдастырушы мамандығы жайында инстаграмнан біліпті. Содан қызығушылығы оянып, ресейлік «Время порядка» мектебін 2018 жылы оқып бітіреді. Келесі жылы жапондық әлемге әйгілі организатор Мари Кондоның онлайн курсын оқиды. Диляраның елорданың экологиялық ахуалы туралы да өз айтары бар.
– Басқа қалалармен салыстырғанда, Нұр-Сұлтанда эко-өмір сүру әлдеқайда оңай. Үйлердің көбісінің жанында арнайы бактар мен контейнерлер тұр. Қағаз болсын, сынап шамдар болсын, бәрін де алысқа бармай қайта өңдеу мен утилизацияға тапсыруға болады. Менің ойымша, негізгі мәселенің бірі – ақпараттың тапшылығы. Адамдар пластик сөмкелердің зияны туралы, қоқыстың қалай қайта өңделетіні жайлы білмейді. Соған қоса осындай экологияға керекті шаралардың жүзеге асырылатындығына да сенбейді. Көп тұрғынның ойынша, олар сұрыптама жасаса да, бір қоқыс жинау көлігі келеді де, бактардың екі түрін араластырып әкетеді. Сондықтан қала тұрғындарының білімін көтеру керек, – деп санайды ол.
Ал елордалықтардың білімін қалай көтеруге болады? Біріншіден, ақпараттандыру, ол үшін газет-журналдарда арнайы мақалалар шығару, телеарналарда сапалы бейнероликтер көрсету керек деп есептейді.
– Қазақстанда «Зета» деген компания бар. Олар әрі сауда жасайды, әрі өз тауарларын өндіруші. Бірақ сол дүкендерден қазақстандық тауарларды мүлде сатып алған жоқпын. Себебі шетелдік бәсекелестеріне қарағанда біздің отандық тауарлардың сапасы төмен, түрі мен түстері тым ашық (фуксия, қызыл, күлгін). Сондай түстерді үйлердің көбісінде қолданбайды ғой, сондықтан мен өз клиенттерім үшін ресейлік, италиялық немесе түрік тауарларын аламын, – дейді ол.
Кеңістікті ұйымдастырушы – табысты сала, клиенттерді көптеп жинауға болады. Олардың көбісі үйлерінің бір бөлмесіндегі кеңістікті дұрыс ұйымдастырам деп ойлайды да, барып сөйлескеннен кейін бүкіл үйді реттеуге көшеді. Өйткені осы саланы білетін арнайы маманмен бірге жасалған жұмыс­тың сапасы да, нәтижесі де жоғары болады. Диляра өз үйінде де барлық жұмыс әдістерін қолданып, кейде заттарының сақталу жү­йесін өзгертіп, жақсартып отырады.
Аптасына 2-3 адамнан тапсырыс алып, олардың үйіне барып жұмыс жүргізеді, арасында онлайн консультациялар да болады. Бір бөлмеге 4-10 сағат уақыт жұмсалады, сондықтан көп клиенттер ала алмаймын, – дейді өзі. Жұмыс уақыты үйдің/бөлменің сол кездегі жағдайына, яғни артық заттар көп пе, клиент шешім жылдам қабылдай ма, органайзерлер керек пе, соған байланысты болады. Кеңістікті ұйымдастырушы үнемі білімін жетілдіріп, соңғы заманауи жетістіктермен танысып отыруға тиіс. Сондықтан ол арнайы әдебиетті көп оқиды.
Диляраны мемлекеттік телеарналарда сарапшы ретінде бағдарламаларға қатысуға бірнеше рет шақырған. Бұл салаға келуіне де бала кездегі дағдылары себеп болған секілді. Кішкентайынан кәрзеңке, органайзер, жиһаз сататын дүкендерге баруды ұнатады екен. Әжесі тазалық пен үй реттеуді жақсы көргендіктен, оны тазалыққа баулыған. Мектеп жасынан экология мәселелері қатты қызықтырып, оқушы кезінде қоқыс өңдеу жайында жоба жасапты. Тіпті болашақта қоқыс өңдейтін зауыт ашамын деген ойлары болғанын айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − twelve =