«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әр ұлт тілінде ән шырқалды

0 2  197

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Алғыс айту күні» атап өтілді. Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдас­тыруымен өткен шарада этномәдени бірлестіктердің өкілдері қарттарға сазды бағдарламаларын ұсынды.

DSC_2640

 

Бас қаланың ҚХА хатшылығы айтулы күнмен құттықтап, қарияларға ықыласты лебізін білдірді. Сондай-ақ шараның мән-маңызына тоқталды. Одан орталық директоры Асхат Алмабеков сахнаға көтеріліп, айрықша алғыс айта келген Ассамблеяға ризашылығын білдіріп, аға буыннан құралған басты көрермендерге ізгі тілегін жолдады.

Поляк, шешен, ингуш, беларусь, украин, татар, башқұрт, корей, неміс, казак, армян, қырғыз, әзербайжан секілді этномәдени бірлестіктер өнерлерін ортаға салып, зейін қойған зейнеткерлердің қошеметіне бөленді. Одан бөлек, ассамблея қызмет алушыларға алуан түрлі тағамдардан дастарқан жайып, алғыстарын алды. Сонымен бірге төсектен тұруға мүмкіндігі жоқ жандарға жекелей барып, жағдайларын сұрап, жылы-жұмсақ ұсынылды.

Мәні зор мерекенің қарсаңында елордалық ҚХА өткен аптаның соңында еріктілердің көмегімен жалғызілікті қарттардың үйлерін қардан тазартқан болатын. Ал 1-наурыз күні «Достық үйінде» «Жылы жүрек, ізгі тілектер» атты қайырымдылық акциясы өтіп, емделуге мұқтаж отбасылардың балаларына  арнайы жиналған қаражат табыс етіледі. Оған 2 балғын ие болмақ. Сондай-ақ этносаралық келісімді нығайтуға және қайырымдылықты дамытуға үлес қосқан этномәдени бірлестіктердің өкілдері марапатталады. Одан бөлек, ақпан айының 20-нан бастап 5 наурыз аралығында әрбір этномәдени бірлестік әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік түрінде көмек көрсетіп жатыр.

Орталықта 307 қарт қызмет алады. 34 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан орталықта түрлі этнос өкілдері бар. Оларды біз «кіші Ассамблея» деп атаймыз. Алғыс айту күніне арнайы сазды бағдарлама мен дәм ала келген шаһардың ҚХА басшылығына рақметімізді айтамыз. Өйткені пандемиядан кейін алғаш рет ауқымды шара болып отыр. Аға буынның жүзінен ризашылықты аңғару қиын емес. Олар сөзсіз разы, – дейді директор орынбасары Ардақ Сеитова.

Бағдарламада бірнеше нөмір ұсынған «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі тау халықтарының биімен қоса, ұлттық әндерін айтып, көрермендердің көңілінен шықты. Алғыс айту күні – аға буынға ризашылық сезімін білдіруге таптырмас мереке. Көпті көрген, аянбай еңбек етіп ұрпағына мамыражай болашақты табыстағаны үшін алғыс айтамыз. Оларға зор денсаулық, қажыр­лы қайрат тілейміз, – дейді аталған өнер ұжымының жетекшісі Ханифа Матцыева.

Байжан ЕМБЕРДІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды