ӘР СӨЗІНДЕ АСТАР БАР АҚЫЛҒА ЗІЛ

0 263

Драматург Р.Мұқанованың «Шатыр астындағы Мен» пьесасы хақында

Юрий Зобак. Маскалар. акв. тушь, қылқалам

М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин секілді атақты жазушыларымыз салып кеткен драматургияның сара жолында аянбай тер төгіп, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен қазақ әдебиетіндегі «төрін» белгілеген ойлы жазушы, өткір мінезді драматург – Роза Мұқанова. Бұл есімді естіген бойда ойымызға оралатыны – автор талантының төлқұжатына айналған «Мәңгілік бала бейне» шығармасы. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында осы шығарма желісі бойынша спектакль қойылғаны да, бұл спектакльдің репертуарда он бес жылдан астам уақыт жүргендігі де ел есінде. Сонау жылдары Ләйлә есімді мүгедек жас қыздың полигонның кесірінен шеккен азабы, жалғыздығы, аянышты тағдыры суреттелген атау-лы пьеса қазақ әдебиеті тарихында өз кезеңінде үлкен жаңалық деп танылған туынды болды. «Мәңгілік бала бейне» спектаклін тамашалаған көрермендердің жанарына жас үйірмегендері кемде-кем. Бұл пьеса театрды аншлагпен қамтамасыз етті. Полигон зардабын тартқан Ләйлә туралы сыр толғайтын шығарма тек бір ғана адамның басындағы қасіретті сипаттамайды, бүкіл адамзаттық трагедияның себептерін ашуға талпыныс жасайды. Адамзатты қасіретке, орны толмас өкінішке ұрындыратын да адамдар арасындағы мейірімнің жоғалуы деген ойды аңғартады.

Пьеса жазу үшін жазушыға энциклопедиялық білім керек. Автор өз елінің тарихымен қатар әлем әдебиетіндегі жетістіктерден хабардар болмаса, басқа авторлардың стильдері мен тілдік ерекшеліктерін меңгермесе, драматургия саласында жүйелі жұмыс тындыруы екіталай.

Драматургияда қызықты сюжет, өткір қақтығыс, сан алуан мінездің тоғысқаны абзал. «Бояуларын» айқындап, кесек-кесек кейіпкерлердің мінез-құлқын ашу үшін Роза Мұқанованың терең толғанатыны, тыңғылықты ізденетіні драматургиялық шығармаларында ерекше сезіледі. «Мәңгілік бала бейне» пьесасын жазуыма көрмелердің бірінде кішкентай қыздың бейнесі салынған картинаны көргеннен алған әсерім себеп болды» деген автордың өз аузынан шыққан сөздерді естіп, әсерді әсер тудырады деген тоқтамға келеміз. «Әсерді әсер тудырады» деген қалай дейсіз ғой? Ол – былай. Жазушы картинаны көрді. Ал, картинаны салған – суретші. Суретші оны қайдан көрді? Ол оны өмірден аңғарды. Драматургтің жазған пьесасын оқып режиссер, режиссердің қойған спектаклін көріп көрермен «тазарады». Арис-тотельше айтсақ, көрерменде «катарсис» процесі орын алады. Роза Мұқановада өмірде боп жатқан көптеген уақиғаның ішінен найзағайдай жарқ еткен өзекті де өткір жәйттерді жүрек көзімен көріп, оны суытпай, дер кезінде қағаз бетіне түсіре алатындай талантты жазушыға тән көрегендік бар. Қарапайым жұртшылық назар аударуға батылы бара бермейтін жәйттерді жазушы ой елегінен өткізіп, өнердің ауыр жүгін жүрегімен көтергендей күй кешеді.

Драматургия саласының қыр-сырын жетік меңгерген автор қаламынан туындаған «Шатыр астындағы Мен» пьесасы кәсіби қазақ театры сахнасында әлі күнге дейін қойылмай келетіндігі қайран қалдырады. Үздік драматургияның барлық сұраныстарын өтейтін салмақты да сүбелі шығармалар қатарына осы пьесаны жатқызуға әбден болады. Көрермен көңілінде жүрген кейбір сауалдардың жауабын табуға қауқарлы екендігін пьесаны оқысаңыз, жай ғана оқымай, түсініп оқысаңыз, өзіңіз де көз жеткізесіз.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова бұл пьеса жанрын «трагикомедия» деп айқындаған. Пьеса кезінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнаулы грантын да жеңіп алған.

«Шатыр астындағы Мен» пьесасында он кейіпкердің бейнесі қамтылған. Бір-біріне ұқсамайтын бірнеше кейіпкердің психологиялық жай-күйін, мінез қатпарларын шығарма тынысынан анық сезесіз. Әлдеқандай «жұмбақ әкімшілікте» жұмыс жасайтын қызметкерлердің кабинеттік өмірі пьесада өткір сипат алған. Анау жағымды, мынау жағымсыз кейіпкер деп, ешкімді ақтай да алмайсыз, ешкімді даттай да алмайсыз. Бөлім басшысы Анти-Шректің суайттығы, екіжүзділігі, оның көмекшісі Буфоның жағымпаздығы, жалтақтығы бірде күлкіге бөлесе, бірде көкейге мұң ұялатады. Пьесаны оқып отырып, қиялыңызға қанат бітеді. Кейіпкер алуандылығы соншалық, кімнің сөзі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ажыратып болмайсыз. Аласапыран әлемге сапар шегесіз. Басқарма басшысы Сапақ Саталовичтің сөз жүзінде ғана әлдеқандай шаруаны тындыруға асығыс екендігі, бірақ ол үшін тіпті «шыбық сындырмайтындығы»; хатшы қыздың басқарма басшысын қызғанып, өзінің жеке меншігіндей көруі, «менің ғана рұқсатыммен  кіре аласыз» деп Анти-Шрекке қыр көрсетуі; мекеме қызметкері Имова есімді жалғызбасты әйелдің үнемі айқайлап сөйлеуі, «Әкімшіліктегі жұмысты жалғыз мен істеймін» деп қисынсыз жерге киліге кетуі; танымал адамдардан қолтаңба алмақшы боп жүгіріп жүретін жас қыздың аңқаулығы; өзін «Халық әртісімін!» деп таныстыратын әкімшіліктегі гүл суарушы деңгейіне түсіп кеткен актриса-сымақ әйелдің мақтаншақтығы; басқарма басшысының досы боп есептелетін Дәуқараевтың дөрекілігі – бәрі-бәрі авторға тән юмор тілімен көркем қиыстырып жазылған. Пьесаның «Шатыр астындағы Мен» деп аталуы да тегін емес. Автордың өзіне-өзі сын көзімен қарағаны көрінеді. Пьесада Беймезгіл деген кейіпкер бар. Бұл автордың прототипі секілді елестейді. Аты айтып тұрғандай, Беймезгіл күтпеген жерден сөз сөйлеп, «шатыр астындағылардың» жүйкесіне тиеді. Ол өзін осы өтіп жатқан уақиғалардың «әділқазысымын» деп есептейді. Өзге барлық кейіпкерлерді сын садағына түйреп, олардың келеңсіз қылықтарын әшкерелеп отырады. Анти-Шректің «Ешкімге жұғымы жоқ, өз әлемі өзінде» деген анықтамасына қарағанда, автор қоғамдағы «шырылдаған шындықты» еститін есті құлақтың жоқтығын меңзейді. Драматург кейіпкерлер арасындағы сыртқы ғана емес, ішкі қақтығыстарды да шебер ұштастыра білген. Әр кейіпкердің өзіне ғана тән сөйлеу  мәнері бар. Оқиғалар өтіп жатқан орынның атмосферасын оқырман зердесіне жеткізуге жан-жақты мүмкіндік туғызған. Мекеме есіктерінен үздіксіз  кіріп-шығып жүрген кейіпкерлер өмірінің бірсарындылығын, мағынасыздығын символикалық қалыпқа сыйғызған. Пьесаның «бастапқы оқиғасы», «орталық оқиғасы», «шарықтау шегі», «соңғы оқиға» секілді принциптері қатаң сақталған. Комедияның шарты боп саналатын «кейіпкердің ісі мен сөзінің үйлеспеуі» мен трагедияның шарты боп саналатын «кейіпкердің қазасы» әдістері де назардан тыс қалмаған. Пьесаның шарықтау шегінде негізгі оқиға ретінде таңдалған жер сілкінісінен кейін кейіпкерлердің аяқ астынан өзгере қалуы, мың құбылуы, «бетперделерін» сақтап қалуға тырысқан бейшара әрекеттері күлкі мен көз жасының шекарасын бұзуға қажетті драматургиялық ұтымды тәсіл ретінде қарастырылған. Шығармада жанр «тазалығы» ескерілген.

Пьесадағы кейбір кейіпкерлердің аузынан шығатын сөздердің өзі автор тарапынан ерекше сарказм дәрежесіне көтерілген. Сөйлеу мәнері оның мінезінен көп мәлімет беретіндей жүйелі композициялық құрылымға бағынып тұр. Бір лепте, бір импульсте айтылған сөз лезде құбылып шыға келетін сәттер жиі ұшырасады. Кейіпкерлердің жаңылысуы, сөзден сүрінуі, ойламаған жерден қателікке бой алдырулары күлкі тудыруға қажетті драматургиялық әдіс ретінде қолданылған.

Мысалы, Анти-Шректің басшысының жүзін «айға» теңеп, «Сізді көргенде көңіл-хошым орнында, жан дүнием мәре-сәре, апталап кеудемді қуаныш кернеп, көкте самғап жүргендей боламын. Сәке, сіз аман-есен жүріңізші, тілегім сол. Қазір, тіпті, кресло дегенде де қасиет қалмай барады» деуі, оның артынша, басқарма басшысы Сапақ Саталович «Ол не деген сөз?» деп селк етуі, мұнымен қоймай, Анти-Шректің тағы да «Енді былай, кім көрінген таққа мініп алып…» деп бөсуі, бұған Сапақ Саталовичтің «Мініп алып не бүлдіріппін?» деп кеюі еріксіз езу тартқызады. Өзіміз байқағандай, Анти-Шректің абайсыз айтқан сөзін «маған қаратып айтып тұр» деген басқарма басшысының қателігі екі кейіпкер арасында қолайсыз жағдай тудырып, оны көріп отырған «үшінші көздің» күлкісіне себеп болады. Сонымен қатар, Буфоның хат-қағаздарды ақтарып отырып, тауып алғандағы қуанышты сахнасын да атап өтейік. Буфо Ерло есімді суретшінің өтініш хатына қайтарған әкімшіліктің жауабын оқиды: «Әкімшілік көрме жасауға қарсы емес, тек қаражатын Ерлоның өзі тапсын. Біз жалпы көркемсурет жанрына қарсы емеспіз. Біз барлық өнер атаулыны қолдаймыз, қолдаймыз, қолдаймыз, қорлаймыз, қорлаймыз… Тек қаражат сұрамауын қалаймыз». Пьесада кездесетін диалогтар мен монологтардан жоғарыда келтірілген мысалдарға қарап отырып, драматургтің  кәсібилік қарымын, шабыты мен дарынын танимыз. Комедия жанрының басты шарттарының бірі боп есептелетін «кейіпкердің қателігі» тәсілін орынды қолдану арқылы автор кейіпкер әрекетіне терең астар салуға ұмтылыс жасаған. Ұмтылысы да, үміті де ақталғандығын оқырман өзі бағамдауға тиіс мұндай озық шығарманың авторы Роза Мұқанованы «Қазақ драматургиясының Гоголі» десек, артық айтқандық болмас. Орыс классигі Н.Гогольдің «Ревизор» шығармасынан бірде-бір кем түспейтін «Шатыр астындағы Мен» пьесасы – қазақ кәсіби драматургиясының жарқын үлгісі.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі пьеса жазуға талпыныс жасап жүрген жас драматургтерге ұлағатты ұстаз болуға лайық Роза Мұқанованың бұдан басқа да әр жылдары жазылған бірнеше пьесалары бар: «Мысықтар патшалығы», «Калмыков», «Муза»… Олардың әрқайсысы – жеке-жеке талдауды қажет ететін қомақты дүниелер. Автордың ауқымды пьесаға айналуға сұранып тұрған новеллалары қаншама. Тіпті, шағын әңгімелерінің өзі драматургиялық иірімдерге тұнып тұр. Тақырыптық жағынан да, мазмұндық жағынан да әр алуан боп келетін бұл әңгімелерінде де автор бүгінгі күннің кейіпкерлерінің кескін-келбетін, мұңы мен сырын, қуанышы мен өкінішін тереңнен қазып, қопарған. Сауатты драматургтің өзінің осынау әңгімелерін пьеса қалыбына көшіруге «уақыты табылса», нұр үстіне нұр болар еді.

           Балтабек НҰРҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 15 =