ӘР ҚАЗАҚ ӘН АЙТСА, АРТЫҚ ЕМЕС…

0 182

asar

– Ертең Астанада «Елімнің бір еркесі мен боламын!» атты шығармашылық кешіңіз өтпекші. Бәрінен бұрын осы кеште тосын сый болатыны бәрімізді еліктіріп қойғаны рас…

– Бұл ресми түрде хабарланып, кең ауқымда өтетін Астанадағы алғашқы кешім болғалы отыр. Жаңалықтар жетерлік. Бұрынғы кештерімнен өзгеше болары анық. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен ән орындаймын. Сыйлас әріптестерім де кеш қонағы ретінде өнер көрсетеді. Бұрын көкейімде жүрген көп ойды көрерменмен бөлісуге ұялатынмын. Қазір ақыл тоқтаттым. Сондықтан еш жерде естілмеген қағазға түсірген ойларымды да оқимын…

Әлі болмаған істі жария етуді ұнатпағандықтан, кештің бар құпиясын жаймай-ақ қояйын. «Сәлемнің де сәті болады» дейді ғой. Сәті түскенде барлығы да белгілі болады. Келгендердің көңілінен шығады деп үміттенемін.

– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» репертуарыңызға қалай қосылып еді?

– Ауруханада мазам қашып, қатты қиналып жатқан кезім болатын. Ұйқыдан ән салып ояндым. Таңертең дәрігер «Сен ақынсың ба, әншісің бе? Түнімен «қайран қайғысыз, қамсыз күндерім, сайран, сауықты рақат түндерім» деп айқайлап жаттың» деді. Қапелімде кімнің өлеңі екені есіме түспеді. «Ақындығым ұстап, өлең шығара бастаған шығармын» деп ойладым іштей. Бұл оқиғадан кейін біраз уақыт өтті. Ұмытылып та кетті. Бір күні кітапханада материал жинап отырсам, Шәкәрімнің кітабы қолыма түсе қалды. Сөйтсем, ауруханада жатып айтқаным – «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» өлеңінің сөзі екен. Содан кейін, әуенін үйрене бастадым. Оны халыққа таратудан бұрын жүрек шерімен бөліскім келді. Жалпы, осы ән бағымды ашып, мені өнер жолына әкелді.

– Бір әңгімеңізде «Әлемдік деңгейдегі әртістердің хит әндерін зерттеп жүрмін» дегенсіз. Сонымен, олардың хит болу себебі не екен?

– Әлемге аян хит әндер бар. Қай тілде айтылып жатқанын білмесе де, оны кез келген тыңдаушы түсініп, көңілге қондырады. Неге? Соншалықты сыры жоқ екен. Менің ұққаным, ән мен тыңдаушы арасын байланыстыратын ортақ дүниелер – еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін жаттап алатындай тілге жеңіл сөзі және құлаққа жағымды әуені болу керек.

Алысқа бармай-ақ, мынаны айтайын. Қазағымның халық әндері мен Шәмші әндері – нағыз хит қой. Бір ғана «Бір бала» әнін еске түсірейік. Дәстүрлі мәнерде де, эстрадаға салып айтсаң да жарасады. Қарапайым ғана халық әні «Еркем-ай» – тіпті, хиттің хиті. Түрлі аспаппен оркестр орындаса да – әдемі, музыкасына сәйкес би де қоюға болады.

Қанша уақыт өтсе де ескірмейтін, қанша естісең де жалықтырмайтын өміршең туындылар бізде өте көп. Сол қазынамызды өзіміздің сахна шеңберінен шығарып, өзге елдерге кеңінен жеткізсек, әлемде де мойындалып, өз биігінен түспейтіні сөзсіз.

Қазіргі қазақ эстрадасына көңіліңіз тола ма?

– Барға да, жоққа да үнемі шүкіршілік етемін. Бүгінгі өнердің жай-күйіне көңілім толады. Әрине, жастардың қарным ашатын кемшіл тұстарын да көремін. Бірақ, түсіністікпен қарау керек. Сұранысқа сай талпыныс жасап жүрген жас өнерпаздардың бетінен қағу дұрыс емес. Біз де сондай болдық, көре-көре, жүре-жүре танымымыз кеңейіп, өз қатемізді түзедік. Ортамызға жас әншілер қосылып жатса, мен қайта қуанамын. Тілекші боламын. Әр қазақ ән айтса, артық емес.

Осы орайда айтарым, бізге кәсіби мамандар жиналып, өлең сөзіне мән беріп, әнді талқыға салатын көркемдік кеңес жетіспейді. Өнер адамының баспалдағы болады. Кеңес құрылса, әншіге сол баспалдақпен жоғары өрлеуге септесіп қана қоймай, жөні түзуі қалып, ән қоржындағы дүниелер сұрыпталар еді.

– Сіздіңше, өнер адамын не тоздырады?

– Болмай жатып болдым, толмай жатып толдым деу – талант отын сөндіреді. Осыдан аулақ болу керек.

Әрдайым репертуарыма тағы не қоссам екен деп ойланып жүремін. Мирей Матьё, Патрисия Каас, Селин Дион, Сальваторе Адамоның әндерін тыңдаймын, ізденемін. Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де халық болғандықтан, бір шыққанымды қайталағым келмейді. Әрбір тойға да зор жауапкершілікпен дайындаламын. Жергілікті жұрттың әдет-ғұрпын ескеріп, көрермен тамсана қарайтындай қойылымдар жасаймын. Үш мың адамның алдына ән салуға қалай дайындалсаң, үш адамның алдына да дәл солай шығу керек. Бұл ұстанымым өзгерген емес.

– Біз – тыңдаушымыз, сіз – орындаушысыз. Тыңдаушы әнді жұбаныш, сүйеніш, сезім пернелерін дөп басатын күш ретінде бағалайды. Мұңлы музыка тыңдап, көңілі босап, жылап та алады. Ырғақты әуенге жадырап, билейді. Ал сізге ән қалай әсер етеді?

– Он сегіз мың ғалам дыбыс пен қозғалыстан тұрады. Құдай берген қабілетті дұрыс пайдаланып, шырқалар әнді жеті нотаға сыйғызып, мінез-құлқын бергенде ғана тыңдаушы өзгеше күйге бөленеді…

 Сұрағыңызға қайта оралсам, сахнаға көтерілерде сүйіктіммен алғаш кездескендей боламын. Жүрегім аузыма тығылып, қатты толқимын. Ән арқылы өзімді, жүрек түкпіріндегі сезімді, мұңым мен қуанышымды, ішкі сырымды жеткіземін, ақтарылып, жаным жеңілдеп қалады. Музыканың құдіреті ғой – ән салғанда, жауырыным кәдімгідей терлеп кетеді.

– Лирикалық әндерді керемет жақсы орындап, көңілді әндерді көңілсіз қылып айтатын әншілер бар. Оның мәні неде?

– Көңіл, шіркін, шартарапқа құйқылжыса да, артынан еріп кетпей, әнді таңдай білу маңызды. Ән адамның көйлегі сияқты. Жасына сай әрі үйлесіп тұру керек. Адамның сөзіне қарап, өзін тануға болады, әншінің адамилығы да ән арқылы танылады. Әннің өз ішкі болмысыңмен үйлесімі айтылған кезде бірден байқалады. Мысалы, маған рок бағытында немесе блюз жанрында ән айту ыңғайсыз, табиғатыма келмегендіктен, айта алмаймын да.

Әдетте күніңіз неден басталады, қалай өтеді?

–  Атқан күнім үнемі бір іспен бас­талады – ұлым Қамбарға шай беріп, тамақтандырып, мектебіне шығарып саламын. Ал, одан кейінгінің бәрі орайына қарай реттеле береді. Кітап оқып, музыка тыңдап, кесте тоқып, іс тігіп, түнімен ояу отыратын кездерім де жиі болады. Құмалақшы құмалақты шашып тастайды емес пе, мен де сол сияқты «Абай жолының» кез келген бетін ашып, жалғастырып оқи беремін. Халық ауыз әдебиетінің шығармаларын оқығанды да жақсы көремін.

– Халыққа ұсынар тосын сыйыңыз көп болғай!

 

Сұхбаттасқан:

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =