Әр мейрам өз дәрежесіне сай өткізілсе…

0 27

Тәуелсіздік алған күн – қай елдің болсын басты мейрамы. Жастар жағы біле қоймас, ал орта жастан асқандардың есінде болуға тиіс, Кеңес Одағының тұсында Қазан төңкерісі болған күні – 7 қараша қалай тойланушы еді? Барлық мекемелердің сыртының өзі безендіріліп, тулар ілініп, ұрандар мен жеткен жетістіктер туралы мәліметтер көрсетілетін. Сол күні халықтың басым көпшілігі көшеге шығып, демонстрацияға қатысып, халықтық мейрамның куәсі болатын.Еліміз тәуелсіз мемлекет болғанына 30 жылға таяп қалды. Осы жылдар ішінде талай қиындықтар мен кедергілерді жеңіп, біраз табыстарға жеттік. Әрине, кемістіктеріміз де болды. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында экономика мен әлеуметтік саланы жетілдірудің жолдары айқын көрсетілген. Президент тапсырмасын орындау бағытында қыруар істер атқарылуда. Тәуелсіздік күні бір жылда атқарылған істердің қорытындысын халыққа жеткізетін күн деп есептеймін. Соны халыққа жеткізудің бірден-бір жолы – көрнекі құралдары және келешекке жұмылдыратын ұрандар сол өндіріс орындары мен мекемелердің сыртында ілулі тұрса, әрбір жанынан өткен адам көз тастап, сол өндіріс орнының атқарып жатқан еңбектері туралы мағлұмат алып, ой түйер еді. Оны істеуге сол мекеме басшылары неге құлықсыз? Жылда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мынадай сын айтылып жатады: тәуелсіздік мейрамы неге Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қояды? Биыл Тәуелсіздік күні қыдырып көшеге шықтым, кейбір сауда орындарына соқтым, үлкен мекемелердің жанынан өттім, жеке адамдармен сөйлестім. Осыдан кейін маған да ой келді: шынында, Жаңа жылға дайындық осы атаулы мейрамнан жоғары тұрған ­сияқты болды. Желтоқсан айы басталар-басталмастан көшелерде, сауда орындарында, кейбір мекемелердің аумағында жаңа жылдық шыршалар құрыла бастады. Ал Тәуелсіздік күніне арналған ештеңе көре алмадым десем өтірік айтқандық болмас. Тек қана бағаналарда ілулі тұрған мемлекеттік тулардан басқа. Көшеде, сауда орындарында қыдырып жүрген тұрғындардың көңіл күйлерінен де мейрам күні екенін байқай алмадым.
Сөздің реті келгенде жаңа жылдық шыр­шалар туралы өз ойымды айта кетейін. Мен көрген шыршаларды әдемі құрған, бірақ не үшін құрғандығы белгісіз. Меніңше, көше бойында құрылған шыршалардың маңында алаңдар болса, ол алаңдарда тым болмаса балаларға арналған мұз айдыны немесе қардан-мұздан жасалған балалар ойнайтын әртүрлі құрылымдар тұрса. Жұмыстан кейін ата-ана балаларын ертіп келіп, таза ауада дем алар еді. Онымен қоса шыршамен Жаңа жылды қарсы алатын хрис­тиандар мен католиктер болса, солар бас болып жаңа жылдық мейрамдарын ұйымдастырып, басқа ұлт өкілдері бірге тойласа қандай жарасымды болар еді?! Кеңестік идеологиядан кетіп, жаңаша ұйымдастыру қажет сияқты. Біз әлі бұрынғы сарынмен келе жатқандаймыз. Әр халық өзінің ұлттық мейрамын тойлап, біз солардың белсенді қатысушылары болсақ, сол халықтың салт-дәстүрін жақынырақ білер едік. Түркі тілдес халықтардың жаңа жылы – Нау­рыз мейрамы. Нау­рыз мейрамы да белгілі бір стандартпен өткізіліп келеді. Жаңашылдық өте аз. Біраз тұр­ғындардың қатыспайтыны жылда сол таптаурын сценарий қайталана береді.
Әрбір әкімдікте ішкі сая­сат пен мәдениет бөлімдері осы мәселелермен тиянақты, жаңа­шылдықпен айналысса, халық белсенді қатысып, тәрбиелік маңызы да арта түсер еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + six =