АР ІСІНЕ АДАЛДЫҚ

0 202

Әр жазушының өзіндік ішкі әлемі болады. Олар көбіне-көп сыр ашпайды, оңаша әлемінде өз түйсігімен өмір сүреді. Шығармасы оқылсын, оқылмасын, жазушының басты миссиясы – жазу. Жазғанының қандай деңгейде болатынын қаламгердің қарымы мен қабілеті көрсетеді. Ардақты әдебиет майталманы Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі» дейтін сөзі шын таланттың көкейінде сайрап тұрғалы қашан. Олар әдебиетке адалдығын шығармасымен көрсетеді, талантымен дәлелдейді. Қажығали Мұхамбетқалиұлы сондай жазушылардың бірі. Жазушының Сырым батыр туралы жазылған бір ғана «Тар кезең»   шығармасы  қазақ  әдебиетінің елеулі табысы саналады. «Муратик» атты жалғыз әңгімесімен-ақ талайдың жүрегіне жол тапты. Маңдайына әдебиеттің ауыр жүгін арқалау жазылған қаламгердің бақыты да жазу-сызуда, тынымсыз түртінуде еді.

Астана жұрт­шылығы 10 жел­тоқ­санда жазушы Қажығали Мұ­­қам­­бетқалиұлының 70 жыл­дық мерейтойын тойла­ды. Салтанатты шара қала әкім­дігі­нің ұйымдастыруымен Кон­гресс-холл сарайында өтті. Ал­ды­мен­­ көрнекті жазу­шы Әбіш Ке­кілбаев сахнаға кө­те­ріліп, жазу­шының «Тар кезең» романы жайында терең әң­гіме қозғады. Абыз қаламгер шы­ғар­маның әдебиеттегі алатын­ орнына ерекше тоқталып, жо­ға­ры баға берді. Ал, ҚР Мем­лекет­тік хатшысы Мұхтар Құл-Мұ­хам­медтің құттықтау хатын хат­шының кеңесшісі Өтеген Орал­баев оқып берді. Мерейгер­ге Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовтің құт­тық­тау хатын Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов жеткізді. Ару Ақжайық жерінен келген арнайы делегация құрамы да жазушыға деген ыстық ықыластарын білдірді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бі­рінші орынбасары Серік Шап­к­енов облыс әкімі Нұрлан Но­ғаев­­тың құттықтау хатын жа­зу­шы­ға табыс етсе, белгілі ақын Қай­рат Жұмағалиев мерейтой ие­сіне арнаған өлеңін оқыды. Ал, «Ақжайықтың ақ шағаласы» атан­­ған ақын Ақұштап Бақты­ге­реева өткен шақтардан сыр шерт­ті. Сағынышқа толы күн­дерді тағы бір есіне алды. Әде­биет ақсақалы Әбдіжәміл Нұр­пейісов Қажығали Мұхам­бет­қалиұлының әдебиет­тегі орнын «Тар кезең» романы санамызға рух­ сіңірген шығарма» деген сөзімен-ақ берді. Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев секілді ақын­дар жазушыға деген құрметін өлең­мен жеткізсе, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті, бел­гілі қаламгер Сауытбек Абд­рахманов той иесіне Атырау об­лы­сының әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетовтің құттықтау хатын тапсырып, жазушының қа­білеті мен қарымы жайында әң­гіме өрбітті. Салтанатты кеште­ Ардақ Балажанова, Клара Тө­ленбаева, Бибігүл Жанұзақ се­кілді танымал сахна шеберлері өнер көрсетті. Кешті ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Несіп­бек Айтұлы жүргізді.

Хамит ЕСАМАН

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның халық
жазушысы:

«Санамызға өршіл рух сіңіреді»
Қажығали әдебиетке көркем әңгі­менің шынайы шебері ретінде келді. Бір күні маған Тахауи Ахтанов­ хабарласты. «Мен бір әңгіме оқы­­­дым, керемет ұнады» деді. Ке­йіннен оны Тахауидан алып оқы­дым. Шынын­да да керемет екен. Әңгімесі журналист туралы жа­зылған сапарнама сияқ­ты, лирикалық әдіпте жазылған. Со­сын үш-төрт беттен тұратын «Му­ра­тик» де­ген әңгімесі бар. Осы күн­гі Еуропа новеллистикасының озық үлгісінде жазылған бұл әңгіме кіш­кентай, әкесіз өскен баланың ана­ тілінен айырылып, ұлттық та­мырынан ақи-тақи ажыраған тағ­дырын бейнелейді. Адамның жа­ны мен жүйкесін жұлқылап, зар­ қақтырып жібереді. Иә, Қажы­ғали­дың журналистік қабілеті де­ мықты екен. Оны 2002 жылы жаз­да Берлиндегі Халықаралық ПЕН клубтың конгресіне ертіп бар­дым. Журналистің қандай бола­ты­нын сонда мен Қажығалидан көр­дім. Мен сөйлеп болған соң, Аф­рика, Мексика елдері ПЕН клуб­тарының президенттері сөз ал­ды. Қажығалидан бұрын мен Сма­ғұл Елубай, Бигелді Ғабдуллин де­ген жігіттерді осындай конгреске Жа­по­нияға жібердім. Олар қатысып кел­гендерімен баспасөз беттерінде еш­қандай мәселе қозғаған жоқ. Ал, Қа­жығали қазақ ПЕН клубының абы­ройын көтерді. Сырым батыр ту­ралы ұзақ жазғаны рас. Бастапқыда Сы­рым туралы шығармасының ұзап кет­кеніне ренжідік, кейін таңғалдық. Сы­рым-жай батыр емес, халық кө­семі, шешені, үлкен талант иесі. Патша саясатына қарсы шыққан батырлар болды. Бірақ, Сырымның жөні бөлек.
Қажығалидың Сырым туралы ро­­ма­нын бастапқыда оқи алмадым, со­ған ренжідім. Сырымның аты да, иісі де жоқ. Арада бірнеше ай өт­кен­нен кейін «Тар кезеңді» қайта қол­ға алып, төрт күн бойы бас алмай оқы­дым. Кезінде Лев Толстойдың «Вой­на и мир» шығармасындағы бас­ қаһарман туралы дау туындаған. Сон­да Толстой «Мұнда қаһарман жоқ,­ бас қаһарман-ұлы орыс хал­қы» деген екен. Қажығалидың бұл шы­ғармасын керемет ықылас қойып оқы­дым. Мұндағы бас қаһарман-отар­шылық саясат, соны әшкерелеу. Бұл әңгімені әдебиетте Әбіш Кекіл­баев бастап еді, Қажығали қостады. Орыс­тың отаршылдығы далиған да­ла­ларда өмір сүрді. Орыстың кер­емет жауыздығы, діндес, бауырлас­ екі халықты жаулап алғанымен қой­­май, бір-біріне айдап салып, шы­ғыс­тан жоңғарларды айдап салып, қа­нымызды теспей сорған саясат еке­нін түсіндірді. Бұл шығарма сана­мыз­ды оятып қана қоймайды, оған өр­шіл рух сіңіреді.

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Еңбек Ері:

«Қазақы новелланың қайраткері»
Мен Қажығалиды ертеден білемін. Біз үшінші курс оқып жүргенде, олар уни­верситетке түсіп жатты. Ол­ кездегі Алматы сондай арман қа­­ла еді. Өзімізден кейінгілерді іздеп жү­­ретін кезіміз. Түркіменстаннан кел­ген Дүйсенбек Қанатбаев деген ақын досым бар еді, сол бір күні жа­тақ­ханаға достарын алып келді. Тө­­лен, Дулат, Әнестер алдымнан шық­ты. Сонда «көрерге көз керек» дейтіндей бір жігіт жүрді. Еш­кім сын таға алмайтын. Сол осы Қа­жы­ғали екен. Бала күнінде менен Қа­шаған туралы сұрай беретін. Өзім де Қашаған туралы дұрыстап біл­мейтінмін, білгенімше тереңдетіп айт­қан болдым. Сөйтсем, Қажығали Қа­шағанды іздеп Маңғыстауға барыпты. Мен оны әдебиетші, әдебиет зерт­теушісі болады деп ойладым. Бір кү­ні «Лениншіл жас» газетінен бір әңгімесін оқыдым. Ұнады.
«Арыстан анда-санда бір туады, туса да арыстан туады» дегендей, бұл Қажығалиды соған ұқсаттым. Си­рек жазса да, жақсы жазады екен. Уа­қыт өткен сайын бір шығарманы қай­талап оқисың ғой. Жақында Қажы­ғалидың «Қайдасың сен, махаббат» деген кітабын қолыма алдым. Ол туралы кезінде жазғанмын.
Қазақ новеллистикасы деген­ ұғым­ болса, сол жанрдың ең ұс­та­­сы осы Қажығали. Қазақ но­вел­лис­тика­сы­ның­ үлкен қайраткері. Жаз­ған­дары арпа араласпаған, кебек қо­сылмаған, саф күмістей дүниелер. Кейін­нен жанр өзгерткісі келді. Басында бар­ өнерін жоғалтып алмаса екен деп­ қорықтым. Сырым батырды таң­дады. Оның өмірі ұшан-теңіз. Қа­жығали осы тақырыпқа кеткенде,­ біз де күтумен кетеміз бе де­­генде, дүниеге «Тар кезең» келді. Бұ­ған­ байланыс­ты айтарым, Сырым әде­биет­те игерілмеген тақырып. Ол қай­шы­лықты тұлға. Далалық республика жасау мәселесін қамтитын роман көздеген мөлшерінен шықты. Әсем пішілген, әсем өрнектелген шығарма болып шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + three =