ӘР ЕЛДIҢ ЗАҢЫ БАСҚА…

0 519

1343255722_8-figbsd

Мамандығым заңгер болғандықтан, әлем елдеріндегі әртүрлі қызық заңдар туралы әңгімелегім келеді. Мұндайда атам қазақ «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дейтін. Ендеше, шетелге шықсаңыз қажетіңізге жарап қалар.

Сингапур. Көшеде сағыз шайнап жүргендерге 400 доллар, қоғамдық орында дәретханаға отырған соң, суды ағызбаған адамға 500 доллар айыппұл салынады. Егер, айыппұлмен түзелмей, тағы да үш рет қоқыс тастаған адам, заң бойынша мойнына «Мен қоқыс тастағышпын» деген жазуды іліп жүріп, көшені тазалайды, жуады және оны жергілікті телеарналардан көрсетіп, масқарасын шығарады.

Тайланд. Заң бойынша ұлттық ақшаны, тиынды басуға болмайды. Өйткені, онда патшаларының суреті басылған. Бұл заң талаптарын көбіне сырттан келген туристер бұзады екен. Сонымен қатар, көліктің тізгініне кеудеңізді жалаңаштап отырсаңыз да (жейде, футболка т.б. кимей) айыппұл төлеткізеді.

Италия. Эболи деген қаланың көшесінде немесе көліктің ішінде сүйіскендерге 500 евро айыппұл салынады. Тауардың түпнұсқасының көшірмесін жасаған адам 10000 евроға дейін айыппұл төлейді. Ал, Форте-деи-Марми курорт қаласында тынығу уақытында туристердің мазасын алмау үшін мото-шөпшапқышты қосқандарға да айыппұл салады.

Ұлыбритания. Егер велосипед мінген азамат жүргіншілерге арналған тротуармен жүрсе, 100 евро айыппұл төлейді. Көшеде тоқтаған көлік жүргізушісі автокөлігінің моторын 3 минуттан астам сөндірмей, оталдырып тұрса, оған 120 евро айыппұл салынады.

Германия. Германия автобандарында автокөліктерге жанармайы таусылып қалса да тоқтауға болмайды. Мұндай жағдайда 100 евро айыппұл салынады. Бұл – үлкен жолдардағы кептелістің алдын алуы үшін жасалған шара.

Қытай. Адамның денесінде екі сантиметрден асатын татуировка болса, әскерге алынбайды. Суға батып бара жатқан адамның өмірін құтқаруға рұқсат етілмейді. Бұл біреудің тағдырына араласып, кедергі келтіру деп танылып, жауапқа тартылады.

Колумбия. 14 жастан асқан ер адамдардың қалтасында міндетті түрде мүшеқап (презерватив) болуы керек. Керісінше жағдайда, айыппұл салынып, жауапқа тартылады.

Жапония. 2009 жылдан бастап толық адамдарды заң бойынша жауапқа тартады. Бұл елде ер адамның белі 80 см-ден, әйелдердікі 90 см-ден аспауы керек.

Швейцария. Көпқабатты үйлерде түнгі сағат 10.00 кейін дәретхана суын ағызуға болмайды. Ал егер дәретханаға барсаңыз, су ағызуды таң атқанға дейін күту керек.

Канада. Маңдайшалардағы барлық жазулар француз тілінде жазылуы керек. Егер фирманың иесі ағылшынша жазғысы келсе, ағылшын әрпі француз әрпінен екі есе кіші болуы тиіс. Басқа тілде жазу заңға қайшы.

АҚШ. Джорджида штатында 2010 жылдан бері көшеде киіп жүрген юбка немесе шалбардың белбеуінің өлшемі мықыннан 3 см төмен болса 25 доллар айыппұл төлеткізеді. Миннесотеде автокөлігіңіздің дөңгелегі таза болмаса, 2000 долларға дейін айыппұл салады. Нью-Джерси штатының Форт-Ли қаласында ұялы телефоныңызбен көлікте ғана емес, жаяу жүргіншілерге де смс-пен хат жазысуға болмайды, айыппұл – 85 доллар. Марикопа-Кауниде жанұяңызда алты қыздан асса, бір шаңырақ астында тұруға болмайды. Лос-Анджелесте бақаны сипалап, сүюге болмайтыны туралы арнаулы заң шыққан. Флоридада ғимараттар мен үйлердің сыртқы есіктері сыртқа қарай ашылуы керек. Ішке қарай ашылса, айыппұл төлейсіз. Кентуккиде заң бойынша қанша арақ-шарап ішсе де, аяғынан тік тұрса мас деп саналмайды. Кресскилде әр адам мысығының мойынына үш кішкентай қоңырау тағып қоюға міндетті. Нью-Йоркте дүкендерде немесе басқа жерлерде манекенді жалаңаш қоюға болмайды. Аризонада кактус кескендер 25 жылға дейін түрмеге тоғытылады. Гавайи штатында қоғамдық жерлер мен көшелерде жарнама плакаттарын ілу заңға қайшы.

Дайындаған: Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 10 =