Әр елдің заңы басқа

0 76

Әлемде қанша мемлекет болса, халқының азаттығы мен теңдігін, діні мен ділін бекіткен соншама заңы бар. Олардың алғашқы түрлері біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде жазылса, бертін замандағы нұсқалары да ерекше сипаты мен құндылығына, мәні мен мазмұнына қарай әлемдік Конституция тарихының бір бөлшегіне айналып кеткен.Әдетте, 1787 жылы АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы Конституциясын жаңа дәуірдің алғашқы қабылданған Конституциясы деп атап жүр. Бір қызығы, бұл құжатта «демократия» деген ұғым жоқ және көлемі жағынан тым қысқа, бар-жоғы 4400 сөзден тұрады екен. Сонда да мәртебесі биік, жыл са­йын 17 қыркүйекте Филадельфияда әлемдегі тұңғыш Америка Құрама Штаттары Конституциясының қабылданған күнін атап өтеді. Ал ең ежелгі Конституция 1600 жылы Сан-Маринода қабылданған. Бұл Конституция Сан-Марино қаласының 1300 жылы қабылданған жарғысы негізінде құрастырылған екен.
Үндістанның 1949 жылы қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген, 395 баптан, 12 бөлімнен, 500 толықтыру мен түзетуден, 117400 сөзден тұратын Конституциясы көлемі жағынан ең үлкен болып есептеледі. Еуроодақ Конституция­сы 448 тараудан, 60 мың сөзден тұрады.
Барлық заңдарда адам мен оның құқығы басты құндылық деп айтылған. Аргентина одан да асып, «елде құл жоқ» деп мәлім еткен, ал өзге өңірден келген құл бұл мемлекетте табаны тиген сәтте азат атанады.
Тонга Республикасының басты заңында да адамның азаттығына мән берілген. 1875 жылы қабылданған Конституциясында «Құдайдың еркімен» барлық адамдар азат, өз өмірі, еркіндігі мен уақытына қалауынша иелік етеді. Бұл мемлекеттің жері корольдікі болып есептеледі, ешкімге сатылмайды.
1815 жылы король І-Вильгельм бекіткен Нидерланды корольдігінің Конституциясында қызық жазба бар. Онда өз еркі мен сөз бостандығы туралы ережедегі айтылған жайттардың жарнамаға жүрмейтінін ескерткен.
1831 жылы қабылданған Бельгия Конституциясында (қазіргі күні 1994 жылғы редакциясы қолданыс­та) елді тілдік принциптері бойынша субъектілерге бөлудің күрделі құрылымын нығыздаған. Бұл ел француз, фламанд және неміс тілді қауымдастықтан құралған және француз, голланд, неміс және франко-голландтық қос тілді мемлекет астанасы Брюссельмен қосқанда төрт тілдік аймағы бар. Парламент мүшелері де француз және голландтық екі тілдік топқа бөлінген. Министрлер кеңесінің мүшелері осы тілдерде сөйлейтіндей болып, сан жағынан тең болуы тиіс. Елдегі қолданыстағы барлық тілдердің еркін айналымын жария ете отырып, осы тілдердің біреуін де мемлекеттік тіл деп атамаған.
Ал 1959 жылы қабылдаған Сингапурдың заңында ағылшын, қытай, малай және тамиль тілдері ресми тіл болып бекітілген. Дегенмен малай тіліне ұлттық статус берілген. Ол туралы арнайы ереже бар. Соған сәйкес, «жергілікті тұрғындардың өкілі» болып табылатын малайлардың жағдайы айрықша қаралып, оның мүдделерін қорғауды мемлекеттің міндетіне алғанын заңмен бекіткен.
Австралияның Австралиялық одақ Конституциясы 1900 жылдан бері алты рет өзгеріске түскен. 1967 жылы мәтіннен халық санағы кезінде аборигендерді есепке алуға тыйым салынған ережені алып тас­тапты.
Мексиканың негізгі заңы «Мексика құрама штаттарының саяси Конституциясы» деп аталады. Бұл заңда мұнай мен газды өндірумен тек қана мемлекет айналысады деп, сонымен бірге президент пен штат губернаторларына екінші мерзімге қайта сайлануына ты­йым салынған. Тағы айтатын нәрсе, 1917 жылы қабылданған, 136 баптан тұратын, 9 бөлімді, 17 өтпелі ережелері бар Ата Заңын мексикалықтар «мәңгілік Конституция» деп атапты және барлық заманға арналған, тіпті төңкеріс болып жатса да өзгертілмейді деп шешіпті.
Коста-Рикада сайлауға түскен президенттікке үміткерлер ­тепе-тең дауыс жинаса, жасы кішісі үлкеніне жол береді. Президенттік жүйенің стандарттары қалыптасқан елдермен салыстырғанда Коста-Рикада бір вице-президент емес, екеуі қатар сайланады. Оның ретін заңында нақтылап берген екен.
Австрияның федералды конституциялық заңы 1920 жылы қабылданған. Бұл – Австрия-Венгер монархиясы ыдырап, 1918 жылы республика болып қалыптасқан кезіндегі алғашқы заңы. Ол 1934-1945 жылдары елдегі фашистік диктатураға байланысты қолданыста болмаған. Заң Австриядағы «орнықты нейтралитетті» жария етсе де, сырттан тиетін күштерден «жан-жақты қорғану» құқығын жариялаған. Мұның астарын тарқатып, оған экономикалық, азаматтық идеологиялық және әскери шараларды меңзеген. Елдің еркек кіндіктілеріне әскерде қызмет етуді немесе балама қызметті атқаруды міндеттеген.
Лихтенштейн князьдігінің Конституциясында да азаматтарына екі нәрсені міндеттейді. Біріншісі мектепте білім алуы болса, екіншісі 60 жасқа жеткенге дейін, қажет болған жағдайда, елді жаудан қорғауы тиіс.
«Бірінші – ресми тіл – ирланд тілі, ағылшын тілі – екінші ресми тіл» деп таныған Ирландия Конституциясында «қоғамның негізін біріктіретін және табиғи қайнар көзі» болып табылатын отбасы мен некені мемлекет тұрғысынан қорғау – осы құжаттың басты ерекшелігі. «Әйелдер өздерінің үй шаруасын дөңгелетуі арқылы мемлекетке қолдау көрсетеді, онсыз ортақ игілікке қол жеткізу мүмкін емес» деп мойындаған. «Аналардың үй шаруасындағы міндеттеріне кесірін тигізіп, экономикалық қажеттіліктен жұмыс істеуге мәжбүр болмауы» үшін мемлекет барлық күшін салып шара қолданатыны айтылған.
Ал Доминикан Республикасының Конституциясында балалардың айрықша жағдайы айтылады. Республика аумағында дүниеге келген барлық сәбилерге осы елдің азаматтығы берілуін қамтамасыз етеді де, заңдағы арнайы ережемен имигранттардың балаларын бұл мәртебеден құр қалдырған. Яғни «бұл елде транзитпен тұратындарға» заңның бұл талабы жүрмейді. Адам құқығы, одан қалды балалар құқығын қорғайтын барлық халықаралық ұйымдар бұл заңды өзгертуін талап етсе де еш өзгеріс жоқ. Әзірге Доминиканда дүниеге келген өзге елдің баласы доминикандық бола алмайды.
Үндістанның Конституциясы көлемі жағынан ең үлкен болып есептелетінін жоғарыда айттық. Онда не жазылған дерсіз. Тек қана ұлттық тілдің жағдайы туралы оннан астам бабы бар. Тіпті түрлі органдарға арыз беру кезінде қандай тілді таңдау керектігі де айтылады. Егер Үндістан президентінің айлығын білгіңіз келсе, тағы да заңына үңіліңіз: «президентке 50 мың рупий, штат губернаторына айына 36 мың рупий жалақы» белгіленген.
Италияндар басты заңы арқылы «ескіліктің сарқыншағы» деп ақсү­йек атаулының жоғары мәртебелі атақтарын құрдымға жіберіп, елін «еңбекке негізделген демократия­лық республика» деп бекіткен. Басты заңда еңбек қатынастары ұңғыл-шұңғылына дейін тәптіштеп баяндалып, кәсіподақтардың қызметін де осы заңмен реттеген.
Заңына қарап ел туралы көп мағлұмат алуға болады. Бір корейдің екі мемлекетке бөлінгені елдің қабырғасына батады, әрине. Содан да корей ағайындардың бір мемлекет аясында бірігуі қажеттігін негізгі заңында кем дегенде екі мәрте атап өткен. «Адамзаттық және бауырластық сүйіспеншілік пен әділдік негізінде» бірігуі тиіс деп айта келе, Корей Республикасының территориялық аумағы дегенде «Корей түбегі мен оған ұштасып жатқан аралдар» деп анықтапты. Корей Халық-Демократиялық Республикасының социалистік Конституциясы 1972 жылы ғана қабылданған. Оның алдындағы заңы кеңестік үлгідегі 1948 жылғы нұсқасы болған. Жаңа Конституцияның қажеттілігі Ким Ир Сеннің дүниеден өтіп, орнына оның ұлы Ким Чен Ирдің келуі болыпты. Преамбула толығымен «мәңгілік жетекші» Ким Чен Ирге арналып, «ұлтымыздың жарық күні және Отанымызды біріктіру ісіндегі жол сілтеуші жарық жұлдыз» деп ұлықтайды.
Ал кейбір ислам елдерінің Ата Заңы – Құран. Сонымен бірге, сарапталған Конституциясы жоқ мемлекеттер де бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =