«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ашық есік» күніндегі ашық әңгіме

0 179

Бірнеше күн қатарынан «Нұр Отан» қалалық филиалының кеңсесі мен «Астана» концерт залында өткен ашық есік күнінде азаматтарды мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындар өкілдері қабылдады.

Шараға Астана қаласы әкім­дігі басқармалары мен аудандық әкімдіктердің, «Елорда құрылыс», «Astana LRT», «Астана су арнасы», «Астана РЭК», «Астана теплотранзит» компанияларының өкілдері қатысты.
Ашық есік күніне келуші елордалықтар проблемалы нысандарды салу, жер учас­келерін беру, өз бетімен қосымша құрылыстар мен ғима­раттарды рәсімдеу, жекеменшік үйлерді бұзу, қоғамдық көлік жұмысы, аялдама павильондарының мәселелері бойынша жауапты мекеме басшыларына тікелей сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Қабылдауда болған әр аза­­мат жеке тыңдалып, әр сұраққа тиісті түсініктемелер берілді. Енді алдағы уақытта барлық өтініш бо­йынша атқарушы органдар тарапы­нан қажетті шаралар қабылданбақ. Кездесу кезінде жергілікті билік өкілдері 120-дан аса адамды қабылдады. Солардың бірі Мәулет Смақов жеке меншік мектеп салып, енді соның жұмысын жүргізе алмай жүргенін айтады.
– Бастауыш сыныптарына лайықтап, 200 орындық мектеп ғимаратын екі жыл ішінде салып шықтық. Екі қабатты ғимарат 700 шаршы метрден тұрады. 12 баладан есептесек, 16 сынып шығады. Дәлізі кең. Асханасы бар. Қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Алдағы қыркүйекте іске қоспақпыз. Бірақ оны салғанымыздан құжат жөндеу жұмыстары қиын болып кетті. Қолымыз­да әкімдіктің қаулысы бар. Алайда талай табалдырықты тоздырдық. Осы мәселе бойынша енді ашық есік күніне тиісті басқарма мамандарымен кеңесуге келдім, – дейді Мәулет Смақов.


Әсіресе астаналықтар Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандарына көп жүгінде. Түрлі сұрақтарымен кезекте тұрған қала тұрғындарын басқарма басшысы Төлеген Құлұшевтің өзі қабылдады. Алайда аудандық әкімдік мамандарының үстеліне барған адамдардың қатары сирек болды. Оның себебін Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов былай деп түсіндірді:
– Жақында ғана аудан әкімдері тұрғындар алдында есептік кездесулерін өткізді. Аудан әкімдіктеріне қатыс­ты сұрақтардың барлығы сол жиындарда қойылды. Ал қазір тұрғындар сауалдарын әсіресе басқарма мамандарына қойып жатыр. Ашық есік күніне келушілердің көпшілігінің сұрағы баспана, жер учаскелері мәселесіне қатыс­ты болды. Енді осы сұрақтар бойынша алда әкімдікте жалпылама жиын өтіп, сонда талдау жүргізіледі.
Айта кету керек, 15 ақпаннан бастап азаматтарды қабылдау аудандық әкімдіктерде де өтеді. Ондағы ашық есік күні 22 ақпанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды