Әр азамат – отан қорғаушы

Қарақат АБДЕН, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

0 34

Осы күндері қоғамда Президенттің аумақтық әскерлерді жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлығы қызу талқыланып жатыр. Осыған қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Бұған қарсылар да бар, оны құптайтындар да көп. – Теріс пікірлерді шақыру тәртібінен бейхабар адамдар таратып жатқанына сенімдімін. Біріншіден, мемлекетіміз әскери міндеттілер арасында адами ресурспен жеткілікті деңгейде қамтылғанын түсінуіміз керек. Сондықтан денсаулығы төмен, отбасылық жағдайы қиын, кішкентай балалары бар, басқа да осындай жағдайдағы адамдар шақырылмайтынын айтуға әбден болады. Яғни, күштеп ешкім әскерге алынбайды. Қорғаныс министрі жергілікті деңгейде әскери комитеттерде осындай жағдайлар ескерілетінін түсінікті тілде айтты. Жиындар әскери міндеттілердің көбісін айналып өтеді. Бұған қоса, азаматтардың бір бөлігі бұдан босатылған. Осылайша, жиындарға қатысу-қатыспау ерікті түрде жүргізіледі. Арнаулы жиындар төтенше жағдай уақытында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында өткізілетіні тайға таңба басқандай анық. Эпидемияға қарсы карантин жағдайында қауіпсіздік пен сақтықты сақтағанымыз дұрыс.
Жиындарға жас жігіттер, негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ерікті түрде шақырылады. Кім болсын, бұл жиындарға қатысқаннан ұтпаса, ұтылмайды. Оның үстіне жиындар небары үш айға ғана созылады. Жиынға шақырылған әр азамат өзге өңірлерге жіберілмейді, өзінің тұрғылықты жерінде қызмет атқарады. Сондықтан, бұл істің пайдасы көп деп есептеймін.
Меніңше, әр ер азамат өзін отан қорғаушы ретінде сезінуі керек. Қазір әскерге бармаған жігіттер көп. Әскердің не екенін білмейтін жас жігіттер соны түсіну үшін, әскери іс бойынша тәжірибе жинақтау үшін жиындарға қатысқан жөн. Мемлекеттік саясатты түсіну үшін де оған бару керек.
Арнаулы жиындарға қатысатындар тегін қызмет етпейді. Мемлекет ақшасын төлеп береді. Жұмыс істейтіндерге орташа айлық жалақы, жұмысы жоқтарға еңбекақының ең төменгі шегіндегі төлем төленеді. Ең төменгі еңбекақы 42500 теңгені құрайды. Ал жұмысы барлар жалақысына сәйкес ақша алады.
Қазір еліміз ауыр күндерді басынан кешіп жатыр. Ер-азаматтарда отбасы, туғандар, жақындар, достар, сүйіктілер бар. Жүрекке жақын адамдар алаңсыз үйлерінде отыру үшін, пандемиядан аман- есен өтуі үшін оларды қорғау керек. Арнаулы жиындарға қатысатындарға қандай міндет жүктелсе де, бастысы, қарттар, әйелдер мен балалар уайым-қайғысыз мына індеттен өтуі қажет.
Өзімнің ұлдарым да өсіп қалды. Оларға, інілерім мен жиендеріме бұл ойларымды айттым. Жақындарым арнаулы жиындарға қатысса қуанамын. Себебі олар бұл әрекеттерімен мына қысылтаяң шақта мемлекетіне, қаласына көмектеседі.
Сондықтан, алға жігіттер! Іске сәт!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − thirteen =