Әр азамат бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуы қажет

0 122

Кеше «Қазақстан» орталық концерт­ залында Елбасының халыққа арнаған  Жолдауындағы негізгі бағыттарды насихаттау мен түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық тобының кезекті жиыны болып­ өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары­ Аида Балаева қатысты.

– Президент мемлекеттің 2050 жылға дейінгі тұрақты дамуының тетіктерін айқындап берді. Қазақстандықтарға өркендеудің жаңа бағытын нұсқап, межелі мақсаттарды іске асыруға шақыр­ды. Мұның бәрі бірінші кезекте елдің экономикалық қуатын көтеріп, жақсы өмір сүруін көздейтін жоспарлар екені сөзсіз, – деді Аида Ғалымқызы.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген республикалық ақпараттық-насихаттық тобының жетекшісі, ҚР Қаржы минис­трі­ Болат Жәмішев Елбасы Жол­­дауын­­дағы міндеттер әуелі елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағыт­тал­ғанын айта келіп, соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайып, бала туу көрсеткіші бір жарым есе, білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өскенін атап өтті.

–Елбасы Қазақстан ХХІ ғасырдың орта­сына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Осы мақсатқа жету үшін еліміздің әр азаматы бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу қажет. Әлемдегі ең мықты 30 елдің қатарына қосылу үшін­ белгілі бір талаптар үдесіне сай­ болуымыз қажет. Қай салада да жетіс­тік­те­ріміз озық болуы тиіс, – деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, алды­мыз­да жалпы ішкі өнімді, өндіріс өнім­де­рінің көлемін ұлғайту міндеті тұр.­ «Жасыл»­ экономикаға ден қоя бас­та­ған мемлекетіміздің әр азаматы қуатты үнемдеу мәселесін де қаперінен шығар­мауға тиіс. Қай жағынан да эконо­ми­ка­лық тайталасқа төтеп берген ел ғана мықтылардың қатарынан орын алмақ.

Әлеуметтік саланы дамыту бағыттары бойынша сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлі­гі­нің жауапты хатшысы Аида Құрман­ғалиева еліміздегі әлеуметтік қорғаулар, зей­нетақы жүйесін жетілдіру, жұмыс­сыз­дарды оқыту және қайта даярлау жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда жәрдемақы көлемі 3 есеге өскен. Осы әлеуметтік көмекті республика бойын­ша­ 215 мың адам алса, соның 24 мыңы – аста­налықтар. Көпбалалы аналарға арнал­ған жәрдемақы еліміз бойынша 250 мың адамға берілсе, соның 3300-і елордалық әйелдер екен.

Жолдаудың білім саласына қатысты жүктеген міндеттері жөнінде сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ербол Сүлейменов «Бала­пан»­ бағ­дар­ламасы бойынша 4 мыңға жуық мектепке дейінгі мекеме­ жаңадан салын­ғанын, олардың әрқайсысы қазіргі заман талаптарына сай келетінін айта келіп, биыл Астанада тағы ондаған балабақша ашу жоспарланып отыр­ға­нын жеткізді. Мектептерге ин­но­ва­ция­лық­ тың технологиялар енгiзу мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін айтқан ол оқушылардың білікті азамат болып тәр­бие­ленуіне ата-аналар да белсене атсалысу керектігін еске салды.
Жиынның соңында республикалық ақпараттық-насихаттау топтары­ елор­да­лықтарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + nineteen =