«Ақжолдықтардың» да өз жолы бар

0 13

Кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XVI құрылтайы өтті. Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізімі жария­ланды. Сондай-ақ сайлауалды дайындықтың өзекті бағыттары талқыланды.

Партия төрағасы Азат ­Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық тәуелсіздік пен «Алаш» ұлттық идеясына берілгенін айтты. «Қазақстан келесі кезеңге қалыптасқан мемлекет ретінде аяқ басты. Ендігі мәселелерді шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылауы тиіс. Әлеу­меттік-экономикалық сала мен саяси жүйені түбегейлі өзгертуді соза беру қауіпті. Бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз елдерінде болған мемлекеттік дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін. Ал тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Тәуелсіздік бастауында қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің тарихи мұраты ретіндегі Алаш ұлттық идеясы жатыр. Қазақ еліне «Алаштан» артық идея жоқ. «Ақжол» демократиялық партия­сы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қолдайды. Қазақ тілін экономика мен қаржы саласында, мемлекеттік басқару мен шетелдік инвесторлар жұмысына мемлекеттік деңгейге сай енгізуіміз керек» деді Азат Перуашев.
Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынылатын депутаттар тізімін де таныстырды. Партия Мәжіліс депутаттығына – 38, мәслихатқа 794 адамды ұсынып отыр. Олардың ішінде ақын Қазыбек Иса, былтыр Президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан Дания Еспаева, партия төрағасы Азат Перуашев, Еуразия университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, қазіргі Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова бар.
Демократиялық партия парламентаризм институттарын күшейтуді және кезең-кезеңімен президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшу бас­тамасын қолдайды. Айта кету керек, құрылтай онлайн форматта ZOOM платформасында өтіп, оған партияның 17 аймақтан сайланған делегаттары қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 2 =