АҚЫСЫ – ҚЫМБАТ, ҚЫЗМЕТІ – БҰЛҒАҚ

0 135

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КІЛТИПАНЫ КӨП 

Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының толыққанды жұмыс істеуі халықтың денсаулығына, қауіпсіздігіне, әлеуметтік әл-ахуалына ғана емес, сонымен қатар, экономиканың табысты дамуына, мемлекеттің қалыпты тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да, Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы әлемнің көптеген елдеріндегідей, мемлекеттің тікелей жауапкершілігіндегі сала.

Жалпы, бұл саладағы нарық «ойыншыларын» былай таратуға болады. Біріншісі – сапалы және қолжетімді коммуналдық қызметтерді алуға мүдделі халық, жеке және мемлекеттік сектор ұйымдары мен кәсіпорындары. Одан кейінгісі – коммуналдық қызмет көрсетуші, яғни, өз қызметінен пайда табуды көздейтін кәсіпорындар. Үшіншісі – мемлекет пен қоғам, халық пен бизнес алдындағы әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерін орындауға мүдделі, орталық және жергілікті атқарушы органдар.

Мұны жіктеп-жіліктеп көрсеткендегі айтпағымыз, тарифтерді қарауға, бекітуге және бақылауға мемлекет пен монополисттен басқа үшінші мүдделі тарап – коммуналдық қызметтерді тұтынушылар әлі күнге дейін қатыстырылмай келеді.

Қазіргі таңда елімізде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсу қарқыны инфляцияның жалпы орташа деңгейінен шамамен бір жарым есе алда келеді. ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша 2005 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта электр энергиясына төленетін ақы екі есе ұлғайды, газ, суық су мен ыстық су құны бір жарым есе өсті. 2012 жылы инфляция 6,0 пайыз жағдайында коммуналдық кәсіпорындар қызметтеріне төленетін ақы 9,3 пайызға, оның ішінде ыстық суға 10,8, электр энергиясына 10,1 пайызға шығындады. Коммуналдық қызметтер құнының қымбаттығы, оның үстіне өсе түсуі – халықтың тұрмыс деңгейін арттыру тұрғысынан қарағанда бірінші аса алаңдатарлық жайт.

Себебі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында тарифтерді бақылаудың тиімді жүйесі болмағандықтан, тариф түзу процесінің ашық жүргізілмейді.

Тұтынушылардың мүдделерін қорғайтын толыққанды, тиімді жұмыс істейтін институттар құрылмаған, олардың мемлекеттік реттеу органдарымен және коммуналдық қызметтерді көрсетушілер өкілдерімен өзара әрекетінің тетіктері белгіленіп, ортақ шешім қабылдаудың ашық жүйесі жасалмаған.

Коммуналдық қызмет нарығының барлық мүдделі қатысушыларының құзыретін, құқықтары мен міндеттерін реттейтін және саланың қазіргі экономика жағдайындағы даму қажеттіліктеріне толықтай сәйкес келетін, оның даму болашағын ескеретін заңнамалық акт қажет.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ТКШ саласында мүдделі басқарушылар мен меншік иелері болғанда ғана қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімді, арзан инвестициялар тарту жолымен жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі пайда болады. Тек коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының мүлкін басқаруға берген де немесе меншікке өткенде ғана бизнес ақшасын салуға, инвестициялар тартуға, шығысын қатаң бақылап, өз экономикасын есептеп отыруға құқық, мүмкіндік пен кепілдік алады. Яғни, коммуналдық шаруашылық кәсіпорны қаржысын ұқыпты ұстап, үнемдей алатын іскер қожайынның қолына қаншалықты ертерек өтсе, қоғам мен мемлекет сапалы қызметтер мен ақылға қонымды тарифтерге соншалық тез ие бола алады деп ойлаймын.

И.ТОЙШЫБЕКОВ,
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта мемлекеттік жекеменшік
әріптестікті дамыту орталығының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 9 =