Ақынның байтақ әлемі

0 21

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығымен өрілген «Сенің махаббатың» поэтикалық қойылымын ұсынды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ұзақов пен Нұрлан Жұманиязов сахналаған спектакль ақынның 80 жылдық мерейтойына арналды. Фариза бейнесін белгілі театр және киноактрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынай Нөгербек сомдады.Ақын Фаризаны барлы­ғымыз білеміз. Ол оның алғашқы өлеңі қашан, қай жағдайда жазылды? Біртұтас актерлік ансамбль тартылған бұл қойылым осының сырын ашудан бастап, ақын әлемімен сырласуға жетеледі. Спектакль ақынның балалық шағын, жастық кезеңін, кейінгі барша жұртқа белгілі ақын ғана емес, қайраткер Фаризаны сипаттады.
– Қойылымды дайындау барысында Фариза апайдың поэзиясына, әр жылдары, әртүрлі тақырыптарда жазылған өлеңдеріне ден қойдық. Басты рөлге актрисаны таңдағанда сыртқы ұқсастыққа емес, ақынның рухани бай жан дүниесін аша алуына көңіл бөлдік, – дейді Б.Ұзақов.
Режиссердің айтуынша, Фариза Оңғарсынова Қаллеки театрымен тығыз қарым-қатынаста болды. Осыдан он шақты жыл бұрын ақын қазақ тіліне
аударған драматург Алексей Дударевтің «Кеш» драмасы сахналанды. Поэ­зия падишасының 60, 70 жас мерей­тойларын атап өтуге де театр ұжымы тар­тылды. Сол себептен
Фариза әлеміне бойлау бір жағынан жеңіл болса, екінші жағынан күрделі тұлғаны ашу оңай тиген жоқ.Ал Нұрлан Жұманиязов бірнеше жыл бұрын Қара­ғанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академия­лық қазақ драма театрында жазушы, дра­матург Рахымжан Отарбаевтың «Мұқағали-Фариза» лирикалық драмасын қойды. Шынын айтқанда, Қаллекиде Фариза туралы қойылым қойылатынын естігенде, осы спектакль сахналана ма деп ойлаған едік. Жоқ, ұжымның ше­шімімен, екі режиссердің еңбегімен ақын туралы мүлде басқа қойылым сахнаға жол тартты.
Спектакльдегі көріністер бас кейіпкерді сомдаған актриса мен Фариза анасының кейпіне енген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Исабекованың айналасында өрбіді. Оның сөзінше, ол да ақынмен араласып, әңгімелерін тыңдаған. Бұл жағдай өзіне жүктелген бейнені сомдап шығуына көмегін тигізген.
Оқиға желісіне сырттан ештеңе қосылмады. Бәрі ақынның өлеңдері мен күнделіктерінен алынды. Арасында Фаризаның өлеңдеріне жазылған Әсет Бейсеуов, Темірәлі Бақтыгереев, Қалдыбек Құрманәлі, Гүлнәр Шәмшиева, Табылды Досымов секілді сазгерлердің әндері шырқалды. Театрдың белді, белгілі әртістермен қатар жастар, барлығы отыз шақты адам қатысқан қойылым көрермендерді ақын, қайраткер әйелдің байтақ әлеміне бойлатты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды