АҚЫНДЫҚҚА АЛАБӨТЕН ІҢКӘРЛІК

0 226

Базарбай АлеуханулыЕсіңе түссе жүрекке мол жылылық ұялататын оқиғалар болады. Сондай көңілдің хошын енгізер жайттар Базарбай Әлеуханұлымен бірге жүрген кезде жиі ұшырасады. Оның әрбір көрініске дөп тауып айтатын сөздері мен тапқыр әзілдері кімді болса да тәнті етеді. Және де Базекеңнің қызыл тілге құшырын төге құрышыңды қандыратын қасиетіне еріксіз бас иесіз әрі лүп етіп көкейіне келген иірімді ұйқасы мен мағынасы үйлесім тауып ағылып жатқан, ұғымға жеп-жеңіл, бірақ түпкі айтар ойы салмақты жыр өрнегіне айналдыра алатын ақындығын түпкілікті мойындайсыз. Қазақ жүздің бірінен табыла қоймайтын осындай өнер иелерін арқасына аруақ қонған адам деп жатады. Рас та шығар. Қалай болғанда, Базарбай жосын ойымен, тосын тәсілімен асыл сөздің дәмін үйіріп, айналасына шуақ шашып жүретін қазақтың марқасқа азаматтарының бірі десем, артық айтқандық емес.

Орыс халқының керемет ақыны Сергей Есенин өзінің еңбек жолын ет шабушы болып бастағанындай, Базекең де әуелде құрылыс инженері ретінде жұмысқа кіріскенімен, поэзияға деген іңкәрлік пен адалдық оны көп ұзамай қиындығы мен қуанышы астасып жататын мазасыз журналистік мамандыққа жетелеп әкелді. Жаңа саланы меңгеріп әкеткені соншалықты, ол қатардағы тілшіден Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының директоры лауазымына дейін өсті, өз тәлімдік мектебін қалыптастыра отырып, журналистика саласының Ұлытау – Жезқазған өңіріндегі өрелі ұстазына айналды. Осылайша сөз деген құдіретке бас иді, оны терең меңгеріп, қара сөзді қара өлеңмен ұштастыруды бір сәт те есінен шығармады. Сөйтіп, елді елең еткізетін, есін жиғызып, әрбір Алаш баласының адам болуға, азаматқа айналуына жол ашатын қымыздай қызулы, қазыдай нәрлі өлең жазуға ден қойды. Бұл жөнінде халықаралық Алаш сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы былай дейді: «Базарбай көр-жерді өлең ете бермейді. Сүйегінен өтіп, жүрегіне жеткен құбылыстарға ғана қалам тартады. Оның адам мен қоғам, ақ пен қара, ақиқат пен жалған, аза­маттық пен пенделіктің текетіресі хақын­дағы ой толғамдары оқырманын бейжай қалдырған емес. Сонау Гомер атам заманынан бері келе жатқан азаматтық лирикаға келгенде Базарбайдың адымы ашылып, қаламы қанаттанып қоя береді». Сондай-ақ, ол Базарбайдың өз жазған-сызғандарын көптің тезіне салуға асығып, аптыға қоймағанның өзінде бір бекзат мәрттік жатыр деген ой түйіндейді.

Расында, Базарбайдың «Қолымда менің қалам бар» деген кітабын оқуға алғанымда, бұл оның жарық көрген тұңғыш жинағы екенін бірақ білдім. Әрі мұны екі сөздің басын қосып, төрт жол құраса, өзін ақын екенмін деп ойлап, кітап шығаруға құмар кейбіреулер сияқты пиғылдан Базарбайдың өзін алыс қоя алатындығы деп ұқтым. Тағы С.Ақсұңқарұлының сөзімен айтсақ: «Қара өлеңге деген көзсіз махаббат оны ақындыққа алабөтен жауапкершілікпен қаратып, адымын аштырмай қойғандай». Яғни, тұла бойын жарып шыққан дүниесін «төрт құбыласы» түгелденгеннен кейін ғана, оны халыққа ұсынуды жөн санағаны байқалады. Мұны сондай-ақ өзінің 55 жылдығына орай елінің алдындағы Базарбайдың есебі деп те қабылдауға тұрады. Сондықтан болар, 7 тарау­дан тұратын жып-жинақы кітап өзінің тартымдылығымен кез келген оқырманды бірден бау­рап әкетеді. Өз басым жинақты қолға алысымен оған терең бойлап кеткенімді, бір демде оқып шық­қанымды аңғармай да қалдым. Ондағы жазылған дүниелерге қарап отырып, қазақтың біртуар ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевтің мына бір өлең шумағы ойыма еріксіз оралды:

«Бетіме ызғар беттей ме,
Тұрғанда өрттей тұтап мен.
Айқасқа шықсам жетпей ме,
Жалғыз-ақ палуан кітаппен!».

Иә, «теңіздің дәмі тамшысынан бі­лінсе», ақын шығармашылығының көр­кемдік өрісі кітаптың ішкі мазмұнында жататыны белгілі. Әрине, өлеңнің құрылу заңдылығына терең сараптама жасайтындай мен әккі сыншы емеспін, әкетіп бара жатқан ақындығым да жоқ. Дегенмен, оқырман ретінде жүрегіме жылы тиген өлеңдерді оқығаннан кейінгі әсеріммен бөлісер болсам Базарбай Әлеуханұлы ма­ған қоғамның нағыз тамыршысы секілді көрінді. Өмірде орын алып жат­қан қым-қуыт оқиғаларға өз биігінен қарап, өз бағасын береді және тақырыпты тереңі­нен ашуы таңғалдырады. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаевтың «Елі мұратқа жет­пей тұрып, ері мұратқа жетуші ме еді? Сон­дықтан елдіктің қамын ең алдымен ойламай болмайды» деген сөзін кітабына эпиграф ретінде алып, автор уақыт, кеңістік, қоғам аясындағы өзгерістерге қатысты өзінің азаматтық көзқарасын аңғартады. «Бабадан қалған байтақ ел» және «Арманы бар ма ұрпақтың, ел үмітін ақтаған» тарауларындағы өлеңдер топтамасының бірінде:

«Туған жер, айналайын, алтын мекен,
Ыстықсың ынтымақшыл халқыңменен.
Алаштың бір жұрты едің әлмисақтан,
Бірлік пен іріліктің парқын білген,
Арнадым, қабыл алшы, жарқын өлең», – деп, ағынан жарылады. Ал, кіндік қаны там­ған жері «Қараағашқа хат» деген өлеңінде:

«Аңсамадым алысты, астананы,
Жезқазғанда ел болдым асқаралы.
Менің мына қалалық тірлігімді,
Салт-дәстүрі даланың басқарады..

деп, қазақи тірлікке бас иеді.
Балғын балалық шағы мен есею жылдары көк жусаны бұрқыраған Арқаның сайын даласында өткен Базарбайдың ауылға деген ықыласы кітаптың «Ауыл деген Алаштың жүрегі екен» бөліміндегі өлеңдерінде ерекше байқалады. Оның «Мұң жазатын болып кеттім мен бүгін» бөліміндегі өлеңдерінде кір шалмаған нәркес иірімдер молынан шашылып жатса, «Өткен дәурен екен ғой асыл арман» тарауы лирикалық сезімге бай шумақтарымен оқырманын өзіне тартып алады. Базарбай қоңыр өмірді қопарып, қазақтың қою тіршілігінде көңілге қаяу түсіретін көлеңкелі тұстарды болдырмау жолында Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты, республикалық Бас редакторлар клубының Жезқазған аймақтық филиалы төрағасы ретінде әкімшілік және БАҚ мүмкіндіктерін жұ­мыл­дырумен қатар, қолында қаламы бар екендігін сездіріп, ақындығын ұтымды пайдаланып келеді. Бұл тұрғыда айтар ойын Базарбай «Ат үстінде ұққаным» тарауындағы өлеңдерінде толық жеткізеді. Олардың барлығын талдап жатуға газеттің көлемі көтермейтінін ескере отырып, ондағы «Таңданба…» деген өлеңнің бір шумағын ғана назарға ұсынғанды жөн санадым:

«Көңіл мұңды қозғайды,Таңданба, бауыр,
Жүрек қағып қояды талғанда дәуір,
Арам дәулет жиғаннан,Қара су ішіп,
Адалдармен ән салып, армандау тәуір».

Осылайша ақын барша жұртты адам­гер­шілікке, имандылыққа, тазалыққа үндейді, адал өмір сүрудің мәнісін түйсін­діреді. Міне, шынайы өлеңнің шын ғұмыры, тіршілік-тыныс табиғаты осындай.

Асылы, ақындық дегеніміз – тазалық тектілігі. Ақындық деген – өмірді өнерге айналдыру, өнерден өмір жасау, яғни өмірден өлең тудыру таланты. Осыны сезініп, білгіңіз келсе Базарбай Әлеу­ханұлының «Қолымда менің қалам бар» кітабына бір сәт назар аударыңыз.

Кенжеболат Жолдыбай,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =