АҚЫНДАРДЫҢ АРЫСТАНЫ

0 149

Қазақтың көрнекті ақындарының бірі – Қалижан  Бекхожинға   жақсы көретін аға досым, жазушы Рамазан Тоқтаров таныстырды. Аппақ шашы иығын жапқан, тұлғалы ақын елудің ішін еркін  аралап кетсе де, қуаты қайтпаған жас жігіттей, сәлем берген   қолыңды қажырмен қысады екен…

Осының алдында «Жұлдыз» журналына, Рамзай ағама өлең­дерімді әкелгем. Алматыдағы «бес тапал» атанған, шығармашылығы да қуатты атақты бес жазушының бірі – Рамазан ағам көңілі әр уақта да ашық, жарқылдай күліп жүретін жан еді. Қасында белгілі қаламгер достары Әкім Тарази мен Қабдеш Жұмаділов бар, кабинетте қауқылдасып көңілді отыр екен.

– Әй, Рамазан, сен бұл баты­рыңды, Қорғалжыннан болса, анау арыстан ағаңа апар. Жыр қашауында сол Қалижан ағаның қалам сілтесі, батыл суреттеуі, теңеу тілімен өмір көріністерін өруі ұқсайды ма деп отырмын, – деді. Әкім ағам өлеңдерімді оқып шыққан соң маған жымия қарап.
Рамзай ағам ұсынысты бірден қабыл алды:

– Қорғалжыннан болғанда, бұл Смағұл – Дудар-Дүйсеннің жақын інілерінің бірі. Елдің тарихын жинап жүрген азамат. Өзі Целиноград облыстық теледидарында дөкей бастық.

Қарамағында кенеп шатырлы машиналары көп. Ағамды Қорғалжын еліне апарып, «Мариям Жагорқызы» поэмасындағы уақиғалар болған жерлерге бір қыдыртып келсек, не артықтығы бар, – деді достарына қарап…

Рамазан ағамыз бастап, бір топ жазушылар қостап, сол күні Жазушылар одағының қасындағы «Эдельвейс» кафесінде атақты ақынмен жүздестік.

– Мариям Жагорқызынан тараған ұрпақтар ішінде Қорғал­жындағы Кеңбидайық пен Сабынды, Ұялыда тұратындары болса, неге телевизияға түсіріп, арнайы хабар бермеске?! Сен, інім, қолыңда тұрғанда осыны қолға алсайшы, – деді Қалижан ақын арқамнан қағып. Менің өлеңдерімді мұқияттап бүктеп, костюмінің ішкі қалтасына салды. Сол жерде ақын ағаның жуырда ғана жарық көрген «Мамырстан» атты кітабына қолын қойдырып алдым:

«Қорғалжынның құс қанатты ақын баласына таудай талап, бармақтай бақ тілеймін» деп жазыпты ол. «Эдельвейстегі» әңгіме біразға созылды сол жолы. Ақындар өзара пікірлер алысты, ел іші жаңалықтарын білісті.

– Қалекең дұрыс айтып отыр. Нұраның, Ащыкөл мен Тұщы­көлдің айдындарын, әнге ар­қау болған Өтебай қырқасын кө­рер­менге неге көрсетпеске? Ағамызбен еріп, елге біз де барып, аунап-қунап қайтар едік, – деді Рамзай ағам да жадырап, маңдайы жарқырай ашылып…

…Сонымен, не керек, елге келі­сімен ақын ағаның ұсынысын орындауға бел шеше кірістім.

Қорғалжын аудандық партия комитетінің сол жылдарғы бірінші хатшысы Әділхан Кенжебайұлы Шабатовқа арнайы барып, ойымды жеткіздім. Ел ағасы Қалижан Бекхожиндей көрнекті ақынның ұсынысын бірден қолдады.

– Жақсылап түсіре алсаңдар, Қорғалжын тарихының бір бе­тін тірілтер едіңдер. Деректі фильм­ге ақын Қалижан Бекхожин поэмасының өзін арқау етіп алу керек, – деді ел басшысы, бастамамызға ықыласы ерекше ауып.

Сол жылдарғы басшылар секілді Шабатов ағамыз да істі кейінге қал­дырмайтын. Дереу аудандық халық театрының жетекшілерін, аудандық мәдениет бөлімінің басшыларын жинап, нақты тапсырмалар берді.

… Әлқисса, Арқаның гүлге бөленген көктемінде Шалқар, Нұра бойының жасыл қойнауына алты киіз үй тігіліп, төрт жерден алтыбақан құрылатын болды. Фильм­ге Ұялы ауылының тұр­ғындары, Мариям мен Дүйсеннің көздерін көрген қариялар, халық театрының артистері де қатысатын болды.

Деректі фильмнің өзегі етіп, ақын поэмасының өзін алып, алдын ала белгіленген уақытқа лайықтап, жазып шықтым. Қалижан ағаммен хабарласып, хатпен үйіне, Алматыға салып жібердім. Мән-жайды баян еттім. Шамалы мерзім өткен соң ақыннан қомақты хат алдым:

«Смағұл, айналайын! Рөлдерді театр артистеріне беріп, дұрыс жасағансың. Поэманың ішкі рухын, көркемдік деңгейін сақтап, оңды қысқартқансың. Бірер жеріне ғана тың бір дүниелер қостым. Деректі фильмнің түсірілуіне қатыса алмайтын болдым. Шұғыл шаруалар шығып қалды. Ел басшысы Әділхан ініме рахметімді жеткіз! Сыйлағандарыңа бек ризамын. Өзің Алматыға келсең, міндетті түрде маған соқ. Бұл деректі фильмдерің менің поэмаларымды арқау еткен алғашқы телетуынды ғой, саған бек ризамын» деп жазыпты ақын аға.

Cонымен, 1980 жылдың кө­гіл­дір көктемінде Нұра өзені бойын­дағы Ұялы-Шалқар ауылының қолтығында Целиноград облыстық телевизиясының режиссері Нұр­лан Дәуітовтың көркемдік же­текшілігімен деректі фильмді түсіруді бастап кеттік. Ауыл адамдары киіз үйлер тігілген бөктерге бірі қалмай жиналып, жастар да халық театрының өнерпаздарымен алтыбақан аясында тербеліп, Мәриям мен Дүйсен махаббатына куә болған жылдарды еске алды. Айтары жоқ, деректі фильм әдемі әнге, көркем табиғаттан тартылған сәнге, арқалы ақын поэмасынан нәр алған мәнге ие болып, тамаша телевизиялық туынды жасалып шықты. Деректі фильмнің баста­уында ақын Қалижан Бекхожиннің суре­тін беріп, шығармашылық жолын баян еттік.

Сөйтіп, ақынның сонау 1954 жылы жарық көрген «Мариям Жагорқызы» поэмасының тұң­ғыш телевизиялық нұсқасын жасадық. Фильмді республикалық телеарнадан, облыстық эфирден де көрсеттік. Алматыдан фильмді тамашалаған соң Қалижан ағам мен Рамазан Тоқтаров арнайы телефон соғып, рахметтерін айтты.

– Айналайын, Смағұл інім, бақытты бол! Өзіңе де, осы іске бастамашы болған мына Рамазан ініме де ризамын. Енді, мені де Рамазан секілді Алматыдағы арқа сүйер жақын ағам деп жадыңа түй, – деді сымның арғы басынан алыстағы Алатау баурайында тұрып жатқан тау тұлғалы ақын…

Тек, бір өкініштісі, сол деректі фильмді кейін біреулер «қойма төбесінен су ақты» деп, ізім-қайым жоқ етті. Көрнекті ақынның қолына деректі фильмнің бір данасын, уағда еткеніміздей, көшіріп бере алмадық. Жақын араласа бастағанымда, ол кісі 1990 жылдың күзінде мына жарық дүниеден өтіп кетті. Жаны мейірімге, жү­регі жырға толы Рамзай ағам айта­тындай, «Қалижан ағамыз – ақындардың арыстаны» еді…

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =