Ақын өмірінің жалғасы

0 29

Ұлттық музейде өмірден ерте өткен белгілі ақын Марфуға Бектемірованың таңдамалы шығармаларының таныстырылымы өтті.

Халқымыздың ардақты азаматы, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Дегдар ақын» деп баға берген Марфуға Бектемірова жыр өлкесіне өзіне тән қоңыр үнімен келіп, қазақ поэзия­сына мөлдіреген бір бұлақ болып қосылды. Ол кісі елге ақын ғана емес, қарымды журналист ретінде танылды. Аударма саласында өнімді еңбек етіп, орыстың көрнекті суреткері Анна Ахматованың өлеңдерін ана тілімізде тамаша сөйлетті.
Таныстырылым барысында белгілі ғалым Уәлихан Қалижан ақынның шығармашылығы туралы айта келіп: «Қазақ үшін поэзия – жан дүниесі, мұң-шері, ойы, тілі. Ақын деген қандай болу керек? Ақындық – ол кесел, жүрек ауырғаннан кейін жырын жазады, көңіліндегі мұңды жазады. Алтын желінің бірі – Марфуға. Марфуғаның лирикасынан туған жерге деген сағынышын, халқына деген махаббатын көреміз. Бұл жинақ аты да, заты да өлмейтін Марфуға өмірінің жалғасы» десе, жазушы Айгүл Кемелбаева, журналист Ораз Қауғабай, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанова, қаламгер Бақытжан Тобаяқ және Тортай Сәдуақасов ақын туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Оқырманға жол тартқан жыр жинағының бірінші томына қаламгердің туған өлкеміздің сұлу табиғатын, тәуелсіз елдің жетістіктері мен адамдары арасындағы достық, мөлдір махаббат тақырыбындағы өлеңдері енсе, екінші томға өмірдегі ақ пен қараның, жамандық пен жақсылықтың қарама-қайшылығы, жүрек тазалығын тербеткен отты жырлары топтастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − two =