Ақын мұрасы дәріптелді

0 67

Биыл ел болып Мемлекет басшысының бастамасымен ұлы ақын – Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтпекшіміз. Абайдың өміршең мұрасын насихаттау мақсатында Нұр-Сұлтан қалалық соты да Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай конференция өткізді.Конференцияға қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, профессор Жамаладен Ибрагимов, №3 қалалық кітапхана өкілдері қатысты. Сот төрағасы Тлектес Бәрпібаев ұлы Абайдың мұраларына тоқталып, ұлы ойшылдың асыл ойларының жас ұрпақты рухани тәрбиелеу мен дамытудағы ерекше рөлі туралы айтты.
Профессор Жамаладен Ибрагимов судьяларды Абайдың құқық нормаларының дамуындағы рөлімен, Абайдың заң шығарушылық қызметі және құқықтық ойларымен таныстырды. Профессор Абайдың би, заң шығарушы ретінде танымал болғанын, сондай-ақ дала заңдары мен әдет-ғұрыптарының жиынтығы болып табылатын «Қарамола ереже­сін» әзірлеуге атсалысқанын атап өтті.
Баяндамашылар Абайдың би, дала заңының негізін қалау­шы болғанын тілге тиек етті. Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлдана Шарапатова 1885 жылдың мамыр айында Қарамола жәрмеңкесінде өткен төтенше съезінде қабылданған «Қарамола ережесі» жайлы ақпаратты тарқатып айтып берді. «Қарамола ережесі» – қазақ даласында тұңғыш жарық көрген, процессуалдық және материалдық нормалардан тұратын құқықтық құжат. Бұл ереже қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайда даулы мәселелер мен істерді қарастыру үшін негіз болды. Қарамола ережесі құн дауы, жесір дауы, мал дауы, дауларды шешу, айғақтау жүйесі, сотты жүргізу тәртібінің ерекшеліктері жинақталған, құқықтық дәстүрлер қалыптасқан құжатқа, қазақ халқының бойтұмарына, сарқылмас игілігіне айналды.

Ботагоз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =