АҚЫН ҒАНА ЕМЕС, АЛАШТЫ ТАНЫТҚАН ҚАЙРАТКЕР

0 130

Ұлы ақын Абай мұрасын насихаттаумен қоса, қорды молайту, құнды деректер жинақтау жұмыстарын құрылған күннен бастап жүргізіп келе жатқан Абайдың қорық-мұражайы Қазақстан, сонымен бірге Омбы, Мәскеу, Ленинград, Тобыл, Түмен, Қазан, Ташкент қалаларындағы мұрағат, ғылыми кітапханалармен тығыз байланыс орнатқан-ды. 1970-80 жылдары қарқынды жүрген бұл игі істің нәтижесі барынша мол болды. Мұрағаттардан табылған Өскенбай, Құнанбай, Абай, Халиолла, Әбдірахман, Майбасар, Тінібай, Шыңғыс және басқа да тарихи тұлғаларға қатысты деректер мұражайдың негізгі қорын толықтыра түсті. 1990 жылдардағы елдегі экономикалық күйзелістер кезеңі зерттеу жұмысының бұл бағытына кері әсерін тигізбей қоймады. Көш басының түзелуі мұражайдың шет елдермен байланысын жандандыруға, қарқынды дамуына жол ашты. 

Осы бағытта Мәскеу, Омбы қалаларының мұрағаттары, мұражайлары мен ғылыми кітапхана қорларында ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасты. Абай айналасындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметі айқындалып, мұражай қоры шығармашылық мұраларына қатысты деректермен, қолжазбалармен, сирек басылымдармен толықты. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары Абай, Шәкәрім, Көкбай, Ысқақ Құнанбаев ұлдары Ақылбай, Мағауия, Әзімбай Тәңірбердіұлы, Тінібай Кукенов, Әріп Тәңірбергеновтерге қатысты біршама жаңа деректер табылды.

Абай мұражайының негізін салушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов мұражай ашылғаннан кейін ұлы ақын өміріне, шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне қатысты құнды деректер мен заттарды іздестіру ісіне басшылық жасап отырған. «Абай юбилейі туралы» және «Зерттеушілерге» деген мақалаларында ол мұрағат құжаттарын зерттеу қаншалықты маңызды екені турасында: «…Абайдың өмірі, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені – Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві көп мағлұматтар беруі тиіс еді. …Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері – Омск қаласының архивін де зерттеу керек…» деп бағыт-бағдар беріп, жол сілтеген.

Ия, Батыс және Шығыс Сібір, қазақтың байтақ жерінің тарихынан сыр шертер құжаттар Омбы мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Ертіс өзенінің екі жағасында орналасқан, үш ғасырға жуық тарихы бар Омбы қаласын қазақтардың ежелден мекендегені тарихтан белгілі. ХІХ ғасырда Батыс Сібір (1839 жылдан) кейіннен Дала генерал-губернаторлығының, Омбы әскери округының орталығы болды. 2011 жылы Абай мұражайының Омбы қаласының орталық архивіне ұйымдастырған іссапары барысындағы зерттеу, іздеу жұмыстары нәтижесіз болған жоқ. Соның бірі – ХХ ғасырдың бастапқы төрт-ақ жылын көрген ақынның өмiрiне қатысты архив дерегінің табылуы.

Ақындығымен қоса, өнердің қай саласына болмасын еркін бойлай білген Абай өз заманындағы қоғамда болып жатқан дүниелерден тыс қалмай, сол бір «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» «мыңмен жалғыз алыса жүріп», қазақ халқының мәдениеті мен этног­рафиясына да ден қояды. Өз заманының қоғамдық өміріне тек өлең-жырларымен үн қосып қана қоймай, қазақ қоғамына ісімен де үлесін қоса білді. Абайдың мұндай игілікті істері мұрағаттағы «Документы (список экспонатов, акт, переписка) об участии отдела на международной выставке в Санкт-Петербурге» деген бума (86-қор, 1-тізбе, 121-іс) құжаттарынан қапысыз танылады. Абайдың бір ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда, 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне екі киім үлгісін («костюм мальчика и киргиза») жібергендігі туралы деректі кездестірдік. Сібір ғылыми қоғамдарының өзара және шетелдік мекемелермен байланысының негізгі түрі ғылыми мәліметтермен алмасу болған. Әсіресе, баспа өнімдері, экспедиция нәтижелерімен бөлісіп, сонымен бірге халықаралық конгрестер мен көрмелер өткізген.

Тарих беттеріне үңілсек, әр жылдары Париж, Петербор, Екатеринбург, Мәскеу, Қазан, Омбы, Нижний Новгород қалаларында түрлі көрмелер ұйымдастырылып отырғанын көреміз. Құжаттың 9-бетіндегі Ресей Императорлық жағрапия қоғамы Батыс Сібір бөлімінің бланкісінде жазылған хаттың мазмұнын қазақша аударсақ, былай болар еді: «Нұрмұхамед Сағынаев мырзаға! Императорлық жағрапия қоғамы Батыс Сібір бөлімінің атқару комитеті Сізге ұлы мәртебелі княжна Ксения Александровнаның қамқорлығымен биылғы жылдың қараша айында Санкт-Петербургте ұйымдастырылатын халықаралық көрмеге төмендегі тізімде көрсетілген костюмдерді жинастыруыңызды және жіберуіңізді өтініп сұрайды. Жіберілген костюмдер көрме аяқталғаннан кейін алғыспен қайтарылады. Костюмдерді посылка түрінде мына мекенжайға жіберу қажет: Омбы, Батыс Сібір бөлімі. Поштамен жіберу шығындарын бөлім өз мойнына алады».

Буманың 10-бетінде дәл осы мазмұндағы жазбаның соңында берілген көрмеге қажет костюмдердің тізбесі ерлер, әйелдер, ұл бала, қыз бала, күйеу бала мен ұзатылған қыз киімі деп топталады. Беттің екінші бөлігінде хабарландырудың арабша жазумен жазылған аудармасы бар.

Осы беттің бас жағындағы «қырғызша мәтінді 20-50 данаға облыстық баспаханаға тапсыру. 27.ҮІ.1902» деген жазбасынан көрменің нақты өткізілген жылын анықтай аламыз.

Қоғамдық қызметке белсене араласып, әртүрлі қоғамдарға мүше болған Абай Ақмола, Атбасар уездерінің бай, болыстарымен бірге көрмеге заттар жіберген. Бұдан бұрын да, яғни, Семейдегі 1883 жылы ашылған өлкетану мұражайына қазақтың этнографиялық заттарын өз қолымен тапсырғаны мәлім.

Он екінші бетке зер салсақ, аталмыш көрмеге атақ-даңқы талай атырапқа жеткен, қазақтың көзі ашық адамдары, болыстар, байлар мен билердің осы оқиға дүрмегіне араласып, атсалысқандығын көреміз. Олардың аты-жөні мен ұсынған киім үлгілерінің тізімін сол нұсқада бергенді жөн көрдік:

1. Нурм.Сагнаев костюмы: киргиза и девочки
2. Темур. Нурекин киргизки и мальчика
3. Джангр. Бегалин жениха и невесты
4. Мейрам Джанайдар жениха и невесты
5. Махмуту Валих. киргизки и девочки
6. Ибраю Кунамбаеву киргиза и мальчика
7. Оразбаю Аккулину жениха и невесты
8. Садуакасу Чорман киргиза и девочки
9. Садуакасу Коппаеву киргизки и мальчика

Сонымен бірге, мұнда Қарқаралы уезі Ақбота болысы Әлімбетовтің де заттар жібергендігін, көрмедегі кейбір заттардың жоғалғандығын Әлихан Бөкейхановтың 1904 жылдың 14 қазанындағы хаты растайды. Императорлық жағрапия қоғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі Ә.Бөкейханов атқару комитетіне жазған хатында сырқаттанып қалуына байланыс­ты комитет мәжілісіне қатыса алмайтындығын айтып, «…Петр Андреевич атқару комитетіне Қарқаралы уезі Ақбота болысы Әлімбетовтің көрмеде жоғалған екі затының құнын алудан бас тартатындығы туралы маған жіберген хатын жеткізеді» деген.

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ, Абай қорық-мұражайы директорының орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 16 =