АҚЫН – ЕЛДІҢ АРДАҒЫ

0 126

IMG_0927

№ 67 гимназияда «Ақын – елдің ардағы» тақырыбымен кездесу кеші өтті. Оған Халыққа білім беру ісінің үздігі, жарты ғасыр бойы ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттеріне туған тіл мен әдебиеттің мәйегін сүзіп берген Тілеубек Ысқақов, ақындар – «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы және халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Асылзат Арыстанбек қатысты.

Гимназияның қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Гүлім Әбдіғалиева ұйымдастырған кездесуде алдымен оқу орнының жас  буын қаламгерлері өнерлерін көрсетті. Кеш қонақтарының шығармаларын Назерке Әбдікәрімова, Айтолқын Өтеулина, Асқар Әли сынды оқушылар мәнерлеп оқыған соң кезек «өлеңге таласы бар» оқушыларға берілді. Онда қалалық ХVІ Тілдер фестивалінің аясында өткен жас ақындар мүшәйрасына қатысқан Абзал Орынбасаров, Аяжан Дәуренқызы ана тілі, ел мен жер туралы өлеңдерін оқып, қабілеттерін байқатты.  Әсем ән де әуеледі.

Оқушылардың өнеріне риза болған қонақтар ақындық өнер жайында ойларын ортаға салды. Әрине, олар сөздерін бар қазақ бас ақын санайтын Абай Құнанбайұлынан бастады. Алмахан Мұхаметқалиқызы өзі басқаратын орталықтың «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасы жөнінде айтып беріп, оқушыларды қызықтырды. Биыл осы жобаның арқасында Абай еліне барып қайтқан өзге қонақтар да сапардан алған әсерлерін айтты.

Кездесу соңында гимназия директоры Гүлнәр Садықова сөз алып, есте қаларлықтай тәлімді әңгіме айтқан кеш қонақтарына ұжым атынан алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарды тарту етті.

 Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =