«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақын ағынан жарылды

0 201

ҚР Ұлттық музейінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлымен кездесу өтті.

Шараға ақынның жырларын сү­йіп оқитын жас жеткіншектер мен музей қызметкерлері қатысты. Бас қаланы жырына арқау етіп, Астананың бас ақынына айналған сөз зергерін ортаға алған бұл жиын елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ақын тағдырының бас қаламен байланысы, Астанаға арналған біршама шығармалары туралы сөз айтылды. Жүздесуге келген оқушылар ақын бас қаланың 15 жылдығына тарту еткен «Астана – Дастан» өлеңдер топтамасынан үзінділер оқыды.
Алдыңғы толқын ағалары, замандастары мен үзеңгілес достары жайында естеліктерін жаңғырт­қан ақын жастарға ақыл-кеңесін де айтты. Арыда – батыр бабаларымыз, беріде Алаш арыстары қаны мен терін төгіп бүгінге аманаттаған тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, қастерлей білуді тапсырды. «Біз кеш болса да тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ал Астана – тәуелсіздіктің жемісі. Мәңгілік ештеңе жоқ. Дейтұрғанмен, Астана мәңгілікке қалады. Астананы бізден ешкім тартып ала алмайды. Осы Астанада тұрып, білім алып жатқан сендер үлкен бақытқа иесіңдер. Сендерді рухы мықты, нағыз патриот ұрпақ деп білемін» деді С.Тұрғынбекұлы.
Ақынның балалық шағы да оқушыларды қызықтырған тақырыптардың бірі болды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қаламды жанына серік еткен ақын ер жете келе, сөз өнеріне бет бұруды емес, темір тұлпар тізгіндеуді армандағанын жасырмады. Тіпті мектептен бұрын көлік жүргізушілерін дайындайтын курсты бітірген екен. Рұқсатсыз барып 2 айлық курсты тәмамдаған бала Серіктің тәртібі педсоветте қаралған көрінеді. Ақынның сөзіне қарағанда, сол замандағы көптің қолы жете бермейтін мамандықтардың бірі жүргізушілік болса керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Осы орайда ақын Серік Тұрғынбекұлының Астана тарихы мен даму кезеңдері, елорданың Сарыарқа төсінен орын тебуі, бас қаланың бүгінгі кескін-келбеті туралы жазған жырларының алар орны ерекше. Ақынның «Астана, Алашымның арманысың!..», «Астанаға – 15 жыл» туындыларымен танысқан жастардың ел астанасына деген сүйіспеншілігі оянатыны сөзсіз.

Досжан СҚАҚОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды