«АҚЫМАҚТЫҢ АҚЫЛЫ ҮЙДЕН СЫРТҚА ШЫҚПАСЫН»

0 129

Дейдi ғасырлар бойғы Гамлет айтқан тәмсiл. 12-13 сәуiрде Қаллеки театрында жаңа премьера өттi. «Гамлет». Төрт жүз жылдық тарихы бар классикалық туынды. Жалпы, қазақ театрларында Шекспирдiң «Гамлетiн» қоюға көп режиссер тәуекел ете бермейдi. Бәлкiм, бұл классикалық туындының астарлы ауыр ойын жеткiзуге қиналатындықтан болар. Әлде,  көрермен алдындағы зор жауапкершiлiк салмағына төтеп бере алмай қаламын ба деген үрейден бе екен?! Қалай десек те, «Гамлет» қазақ сахнасында саусақпен санарлық рет қана көрiнген. Соңғы рет Маман Байсеркеновтiң режиссерлығымен қойылған. Сондықтан жаңа қойылым режиссерi Болат Ұзақовқа үлкен жауапкершiлiк артылғаны сезiлдi.
«Гамлет» – ең алғаш рет 1600 жылы қойылған екен. Ол да биылғыдай кәбиса жыл болыпты. Орысша аудармасын алғаш рет 1748 жылы А.Сумароков жасаған. Пьеса екi жылдан кейiн сахнаға жол тартады.
«Болу ма, әлде бордай тозу ма?» Дат ханзадасының басындағы азапты ауыр ой, ашу, ыза, кек, зорлық пен зом­бы­лыққа деген өштiк, соған қарсы тұра алмас тартыншақтық. Жамандыққа жақсылықпен жауап қату керек пе? Әлде зұлымдықты тек одан өткен жауыздық қана жеңбек пе? Адам бойын­дағы жақсылық пен жаман­дықтың арпалысын суреттеген пьеса адамзат ұрпағы қай ұлттың, ұлыстың баласы болмасын, шынайы адам­гершiлiктен аттамай өмiр сүруге талпынуы қажеттiлiгiн нұсқайды. Төрт ғасырдан берi өзектiлiгiн жоймай келе жатқан пьесаны көрiп, оның өзегiндегi адами қасиеттердiң әлi де жеңiстiк бермей келе жатқанын аңғарасыз. Дат елiндегi тақ таласы – ол жалпы адамдардың арасындағы бақталастық, екiжүздiлiк, сатқындық, жағымпаздық, немқұрайдылық, сел­қос­тық бүгiнгiнiң де басты тақы­рыбынан түспей келе жатқанын анық сезесiз. Пьеса режиссерi Болат Ұзақовтың да дiттеген мақсаты – осы адами құндылықтардың күнделiктi күйбеңде көрiнiс таппай, екiұдай күйде қалып келе жатқандығын меңзеу. «Есiрiкке ерiк бермек әбестiк» деп өмiрiн бақай есеппен өткiзетiн Клавдийлер бүгiнде де толып жүр. «Әркiмнiң еңбегiне қарай еп қылар» Полонийлер аз ба арамызда?
Иә, Дат елiнiң ханзадасы қазақша сайрағанда, өз замандасымыздың толғауын тыңдағандай болдық… Сыбызғы тартқан Гамлеттiң бейнесi бейқам, бейбiт адамның жайбарақат, алаңсыз өмiрiн елестеткендей едi. Клавдий мен Гертруданың «тақуасып, сиқырлауға келгенде, сайтанды да тамсандырып кететiн» мiз бақпас қасқөйлiгi кiмдi де болса бейжай қалдырмады. Гамлеттi сомдаған Нүркен Өтеуiловтiң ойынына жүрегi қарс айырылып, қайғысын аза тұтпаған көрермен болмады. Гамлет образы ғасырлар бойы түрлi пiкiрлер туғызып келедi. Ол сахнада да адамзат баласына ортақ ой салатын ерiк-жiгерiмен, жауыздықты жеңе бiлетiн қайсар­лығымен толғандыратын образдардың бiрi болып қала бередi. Әкесiн өлтiрiп, тағына отырып, тәжiн киген «қулығы мол жәдiгөй» Клавдийдiң түбiне жетсе де, кек алудан жаны жай таппайды. Ол өзiн лас тамұқтың тұтқынындай се­зiнедi. Оның жаны ақиқатты қалайды. «Жарамсыздау жартысымен қоштасып, қалғанымен жақсы өмiр сүр ендеше» деп шешесiнен бас тартуы – ақ сүт берген ананың таяздығы қан жылатып, қайғы жұтқызады. Өлмек пе, қалмақ па? Таусылу, түгесiлу, тұралау, бордай үгiтiлу.
Гамлеттiң ар азабын жерiне жеткiзе бiлген әртiс ойыны шынайы шықты. Күрсiнгендер аз болмады. Жалпы пьеса әртiстердiң бойына қан жүгiрткендей. Жинақы, тепсе темiр үзетiн жiгiттердiң жекпе-жектерi, темiр аспалардан қарғып түсiп, атып шығып, ортекедей қапысыз орғуы мүлт кетпедi. Ойын көрiгiн қыздырды. Пьесаның өн бойынан Дат ханзадасының аузымен бүгiнгiнiң ащы шындығы жаңғырып шыққандай болды. Сондықтан «Гамлет» уақыт талабына жауап берерлiктей қойылым атанары сөзсiз. Көргенде арман да, көрмеген де.
Пьеса режиссерының пьесадан кейiнгi ойын бiлмекке сұхбат құрдық.
– Спектакльдi қою кезiнде қандай қиындықтар кездестi?
– Қойылымды дайындамас бұрын өзiм екi айдай оны елеп-екшедiм. 200 беттiк пьесаны барынша ұғынықты болсын деп 30 бетке дейiн қысқарттым. Содан кейiн төрт жарым ай әртiстермен жұмыс жасадым.Гамлеттiң ойын әртiстiң бойына сiңiруге тырыстым. Оңай болмады, әрине. Үлкен жауап­кершiлiк. Көрермендер келiп, жақсы сомдады, ойынсезiмдерiмен айқын ұқтырды деген сөздердi естiгенде, олардың жүрегiне жеткенiн сездiм. Бұл – үлкен қуаныш.
– Мақсатыңызға жеттiңiз бе?
– Менiң мақсатым – күллi адамзат басындағы жағдайдың өзгермегендiгiн көрсету. Ол – болашақ туралы қайғы жеу. Келешек ұрпаққа ненi аманат ету, адами қасиеттерден арылмай өмiр сүру қажеттiлiгiн жеткiзу. Костюмге көп көңiл бөлiп, оны тым әспеттеп жiберсек, ол керi әсер етуi де мүмкiн едi. Сон­дықтан бүгiнгi буынның көзқарасына жақындатып, қазiргiнiң қазақы Гамлетiн жасап шығаруды көздедiм. Гамлеттiң ар арпалысы арқылы әр қазаққа ой салсақ, онда нысандағы мүддемiзге жеттiк деген ойдамын, – дедi режиссер сауалымызға.

Шынар ӘБIЛДА 

Уыз лебiз

Әкiм ТАРАЗИ,
ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, жазушы:

– «Гамлет» – Шекспир шығар­малары iшiнде алабөтен, ерекше, жұмбақ дүние. Өзге шығарма­ларына ұқсамайды. «Ромео-Джульетта», «Отелло» сияқты шығармаларында бәрi айқын. «Гамлеттi» – ХХ, ХХI ғасыр­лардың жазушылары жазды десең, сенедi жұрт. Өйткенi, болашақ ғасырлардың стилiн тануға болады. Бiр қойылымның iшiнде екiншi қойылымның жүруi – ол кездiң драматургиясына тән емес. Соңғы бiр елу жылдың көлемiнде Шекспир жеке тұлға емес, ұжымдық драматург деген пiкiр айтылып жүр. Л.Толстойдың Шекспирдi жерден алып, жерге салатын бiр сын мақаласы бар. Шекспир шығармаларында ала-құлалық бар екенi рас. Мен оған қосылам. Бiрақ «Гамлет» ондай шығармалар қатарынан емес.
Мен менсiне қоймайтын театрдың ойынына бiрiншi рет риза болдым. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, ұялмастан басқаларға көрсетуге тұратын қойылым. Ұлы драматург өзiнiң ұлылығымен шағын ұжымды биiктетiп тұр. Бұрын театрға келгенде кiшкентай ауылдық сахнаны көргендей болушы едiм. Бұл жолы сахна кеңейiп кеттi. Әлемдiк деңгейдегi театрда отырғандай күй кештiм. Драматургтiң ұлылығы бәрiн де жуып-шайды.
Драматургия жоқ жерде жақсы спектакль болмайды. Мейлi әртiс баспен тұрсын, аяқпен жүрсiн, драматургиясыз ойын көрiнбейдi. Бұл жолы әртiстердiң бәрi ғажап ойнады. Үлкен-кiшi деп бөле-жарудың жөнi жоқ. Өйткенi, драматург материал берiп отыр. Кәдiмгiдей керемет, бәрi анық. Домбыра iшегiн баптап, тартып қойғандай. Қолыңа алып, тарта беретiндей. Бiрiншi рет көңiлiме қонған, мен риза болған қойылым болды. Жазушы, драматург ретiнде қарамай, нағыз көрермен ретiнде риза болдым.

Асылболат ЫСМАҒҰЛОВ,
ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi:

– Жалпы алғанда, қойылым көңiлден шықты. Әрине, кейбiр жерлерiн басқаша қою керек пе деген ой туды. Айқай көптеу көрiндi. Тек Гамлеттiң жанайқайы ғана жүрекке жеттi бiлем. Шынайы шықты. Музыкасы да кейбiр тұста артықтау болды ма деп қалдым. Әртiстер келiп пьеса ойнағанда у құятын сәтке акцент беру керек едi. Кинода оны «стоп-кадр» дейдi. Уға қарап қалған кезде Король мен оны бағып тұрған Гамлеттiң бет жүзiндегi өзгерiс, сәл үзiлiс жасалса, анық байқалар едi. Болаттың өзiне де айттым мұны. Әлi де жалаң қимылдан гөрi iшкi түйсiкпен үндесетiн тұстарын ойнату керек сияқты. Дегенмен, «көш жүре түзеледi» деймiз ғой. Театрдың күн өте кемелдене беретiн жақсы қасиетi бар. Алғашқы толқудың кезiнде аздап ауытқулар болуы ықтимал. Оның үстiне екiншi құрамдағы әртiстердiң ойынын көру қажет. Нақты бағаны сонда қоя жатармыз. Беталыстары өте жақсы.
Ал жалпы алғанда, костюмдерi бүгiнгi көрерменге арналған. Қабылдауға, түйсiнуге жеңiл. Қазiргi заманмен жақсы параллель жүргiзiлген.

Алма УМАРОВА,
Астана қаласының
№58 қазақ орта мектебiнiң директоры:

– Жалпы, Шекспирдiң шы­ғармаларын қою қай театрға болса да, үлкен абырой деп ойлаймын. Ол – үлкен жауап­кершiлiк те. «Гамлет» қойы­лады дегеннен тағатсыздана күтiп жүрдiм. Өзiм театрға жиi келетiн көрермен болған соң, тұңғыш премьерасын өткiзiп алғым келмедi.
Бұл қойылымда уақытпен санаспайтын терең ой бар. Адамды не iстеп, қалай өмiр сүрiп жүрмiн деп ойлантады. Пенде ғұмырда жиған-тергеннiң барлығы алдамшы, опасыз екендiгiн паш етедi. Абайша айтсақ, «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» дегендi Гамлет те басынан кешiргенiн көрдiк. Оның да iшi толған у-запыран, қолында билiк, көкiрек көзi ояу болса да түк бiтiрмей, тек адамдардың азғындығының шиеленiске түсуiнен сыртын дүрдей етуге бейiмдiгiн жеке басының арпалысымен әшкерелейдi. Өскелең ұрпақ үшiн де мәңгiлiк тақырыптар өзектi болып қала бермек. Кез келген адам адамзатқа ортақ асыл қасиеттерiмен ғана саналы өмiр сүрмек дегендi ашып жеткiздi әртiстер. Тамаша ойнап шықты. Қойы­лымның көрермен жүрегiне жеткiзер ақиқаты адами құндылықтарды сақтауға жол сiлтейтiнi анық. «Гамлет» көңiлiмнен шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 9 =