АҚЫЛЫ ТҰРАҚТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

0 266

парковка1368851436

Қалада көлік көп. Есесіне автотұрақ тапшы. Астананың ескі және жаңа орталығында, сауда үйлері маңында көлік ошаратын орынның жетіспеушілігі салдарынан жол бойындағы қозғалыс қиындайды. Бұған дейін аталған мәселе машина қоюға арналған қосымша алаңдар құру жолымен шешіліп келді. Бірақ іс жүзінде осы шаралармен ғана шектеліп, нәтижеге қол жеткізуге болмайды. Қазіргі заманғы халықаралық тәжірибеге сәйкес, ірі қалаларда реттелетін тұрақтарды енгізу түбінде ақталатын қажеттілік екенін көрсетті.

Елордада тек күндіздің өзінде 13 мыңға жуық көлік қоятын орын жетіспейді. Сондықтан 2017 жылға дейін 7 автотұрақ салу жоспарланып отыр. Соның бірі –Есілдің сол жағалауындағы француздар салатын үш көп деңгейлі автотұрақ. Құрылысы биыл басталады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатын жобалар отыз жылдан кейін муниципалдық меншікке өтеді. Бұдан бөлек, қала әкімдігі осы жылдың соңына дейін тағы төрт автотұрақтың құжаттамаларын әзірлемек.

«VINCI Construction Grands Projeсts» компаниясының Орталық Азия бойынша коммерциялық директоры Франсуа Шевалье бұл келісім Астана әкімдігімен жасасқан алғашқы қанатқақты жоба екенін айтқаны есімізде. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында қала басшылығы ақылы тұрақ жүйесін қолданысқа кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылдаған. Бірінші кезекте қаланың қалыптасқан ескі бөлігінде, кейін елорданың жаңа әкімшілік орталығында орын тебеді.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін еуропалық мамандар тартылған көрінеді. Оның бастапқы кезеңінде көлік жүретін жол бойындағы 20 мыңға жуық тұрақ орны бар аумақ қарастырылмақ. Нәтижесінде көше-жол желісіне түсетін ауыртпалық азайып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады. Сонымен қатар, жаңа тұрақ орындарын құрудың инвестициялық тартымдылығы жақсарады. Ақылы тұрақтардан түсетін табыс қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде коммуналдық паркингтер салуға бағытталмақ.

ПАРКИНГТІҢ ПАЙДАСЫ

ФИНЛЯНДИЯ. Бұл елде автокөлік құралын тұраққа қою арнайы заңдық ережемен реттелген. Заң шеңберінде көлігін тұраққа дұрыс қоймағаны үшін салынатын айыппұл санкциялары мен олардың мөлшері белгіленген. Финляндияда тегін және ақылы көлік тұрақтары көп. Ақылы тұрақтардың өзі жер үсті және жер асты болып бөлінеді. Жер үстілік тұраққа қойғанда төлем автоматты түрде жүргізіледі. Жер асты тұрақтарының кіре берісінде ақша салуға арналған арнайы терминал орнатылған. Финляндияның ірі қалаларында тұрақ ережелерінің сақталуын полиция мен арнайы муниципалды қызмет бақылайды.

ЧЕХИЯ. Мұнда автокөлікті жолдың тек оң жағына ғана ошаруға рұқсат етілген. Дегенмен, жол ережесі бір бағыттағы жолдарға қолданылмайды. Көлікті трамвай желілерінің жанына тастап кетуге болмайды. Егер трамвай желілері мен тұрақтағы көлік арасындағы қашықтық 3-5 метрден кем болса, эвакуатор ескертпей-ақ алып кете береді. Жол қиылыстарынан, қоғамдық көлік аялдамаларынан, жаяу жүргіншілер өтпесінен 5, ал темір жол тораптарынан 15 метрден алыс қашықтықта ғана көлік қаңтаруға рұқсат етілген. Жол бойының көк зоналары (жол бойындағы көк сызық) үшін арнайы тұрақтау карталары жасалған. Ал сары сызық бойында көлік құралын қоюға тыйым салынады. Кімде-кім көлігін дұрыс қоймаса, полиция қызметкерлері арнайы блокиратордың көмегімен көлікті жүргізбей тастауға немесе айыпкер тұрақтарына сүйретіп әкетуге қақылы. Айыппұл салынған көлікті қайтарып алу үшін көлік иесі шамамен 3000-5000 крон төлеуге мәжбүр болады.

НИДЕРЛАНДЫ. Бүгінде жер асты тұрақтарын салу жобасы жүзеге асырыла бастады. Жобаға сәйкес, Амстердам қаласының жер астына көлік жуу орындары, спорт залдар, көлік дүкендері мен бассейн және кинотеатрлары бар үлкен көлік тұрағының құрылысы жоспарланған. Оны толық жүзеге асыру үшін 20 жыл уақыт пен 10 млрд доллардан астам қаражат жұмсалмақ.

ДАНИЯ. Данияның тұрғын үй кешендерінде үлкен стадионға ұқсатып салынған трибуналар бар. Орындықтар орнына сатылы террасалар салынып, төменгі қабатына көлік тұрақтары орналастырылған.

АҚШ. Американың көлік тұрақтары қабырғасы мен шатыры жоқ көп қабатты биік ғимараттар түрінде салынған. Лифт арқылы көлік жүргізуші бос орынды іздеп тауып, көлігін қояды. Басқа қалаларда дажүргізуші өз көлігін жол жиегіне, тұрғын үй маңайына қалдырып кете алмайды.

ЖАПОНИЯ. Жапонияның барлық тұрақтары жер астында орналасқан. Жапондықтардың негізгі көлік құралы – велосипед. Велосипед арқылы олар жақын маңдағы жүрдек пойыз немесе метро бекетіне дейін жетіп, сапарларын ары қарай жалғастырады.

ОНЛАЙН ТӘРТІП ОРНАЙДЫ

Өткен жылдың соңында астаналық «Паркинг Сервис НТ» ЖШС-нің директоры Еділ Сүлейменов автотұрақ мәселесіне қатысты жағымды жаңалықтарды жеткізген еді. Оның айтуынша, елордада ақылы көлік тұрағы жүргізушілер үшін сағатына 70-пен 100 теңге аралығында болады.

Алғашқы кезекте елорданың Ғабдуллин, Бараев, Сейфуллин және Сарыарқа көшелері бойына 7 000 автокөлікке шақталған паркинг салу жоспарланған. Ақылы автотұрақтарда ақша қабылдау мен чек басып шығаруға арналған арнайы жабдықтар орнатылады. Шамамен алғанда бір паркинг 30 орынға арналмақ. Тұрақтар күндізгі уақытта, яғни, сағат 10:00 мен 19:00 аралығында ғана ақылы, түнгі мезгілде оны тегін пайдалануға болады. Жобада әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған екен. Паркинг орнатылған үйдің кез келген тұрғыны өз көлігін үйінің жанындағы тұраққа қою мүмкіндігіне ие болады.

Жалпы алғанда, жобаның мақсаты – адами факторды барынша қысқарту және оның орнына онлайн тәртібі арқылы автокөліктер нөмірлерін салыстырып тексеретін арнайы құрал-жабдықтарды пайдалану.

Мамандардың пікірінше, бұл ең алдымен ақшаның заңсыз айналымын жояды. Яғни, ақшаның жеке адамның қалтасына кетуін шектейді. Бұдан былай автокөліктер нөмірлерін салыстырып тексеретін арнайы құрал-жабдықтар пайдаланылып, онлайн тәртібімен көлік жүргізушінің тұраққа төлегені не төлемегені туралы ақпарат тексерілетін болады. Жоба 2014 жылдың екінші жартысында іске қосылады деп жоспарлануда.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 7 =