Ақылы азған, танымы тозған…

0 183

Осы біздің 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың бел ортасында дүниеге келген жастардың денін сауатсыздық жайлап алғаны аңғарылады. Өзі куә болған бір оқиғаны түсінікті тілде жеткізе алмай, бас-аяғы бытықы-шытықы бірдеңелерді оңды-солды сапырады-ай, келіп!

 Шаханов шайырдың «компьютер басты жарты адамдар» деп шырылдайтын-ақ жөні бар. Өйткені, кітап дәуіріндегі көп милардан осы компьютер дәуіріндегі көкмилар қауіптірек. Ішкі істер органдарының растауынша, бүгінгі ұғымымызға еріксіз ендіріп алған педофил деген пәлелер де жиырма жастың о жақ, бұ жағындағы ақылы азған, танымы тозған немелер екен. Бұзық ойлары түнімен көше кезуден, ішімдік пен нашаға салынудан, төбелесқұмарлықтан, бір реттік тән рахатына бөленуден басқаға жете қоймайтыны – шындық. Екі сөздерінің бірі – орысша-қазақша аралас былапыт, ғайбат!

«Ойланбаған ми сасиды». Әлгілердің кез келгенінен кітап, салиқалы газет-журнал оқитын-оқымайтынын сұрап көрсеңіз, алатыныңыз бір-ақ жауап: «жоқ». Саналарын сілкіп көрмекке талпынбайды. Сықпыты жеңіл жүрісті болған соң, бірдеңені үстірт ойлап, айтылған ақылды да жеңіл-желпі тыңдай салады. Қысқасы, қақпайды! Сөйте тұра, өздері шеттерінен «білгіш». Талап пен тәртібіңізді теріске шығарудың неше түрлі құйтырқы қырларын көлденең көлбеңдете қоюға бейіл. Қалайда шалағай шамаларына шаң жуытпай, шамданып, шамырқанып, шайпауланып шыға келеді. Міндерін мін демейді. Сонысын мақтау ретінде кері айтып кекетсең, мәз болады. Үндемейді.

Әлеуметтік желілер, оның ішінде «агент» жақсы болды оларға. Кәмелет жасына толғаны бар, толмағаны бар, «В7 привет», «нестеватсын» дегендей дәлдүріштікпен күнін өткізуде. Түркі тілдерінің ең көркемі – қазақы бояуы қанық тіліміздің омыртқасын опырып жіберген. Қазақшаның ең қарабайырын жаздым дегеніңіздің өзінде, олар түсінбей қалады. «Әдеби тілмен сөйлейсіз» дейді. Оу, мысалы «бірбеткей сияқты едің, кібіртіктеп қалдың ғой» дегеннің несі әдеби тіл?! Агент-әңгімеңді көркем проза үлгісімен жазсаң, санасының тар саңылауына тіптен сыймай қалатын түрі бар ғой!

Адам білім-білігінің қай деңгейде екені күнделікті ауызекі сөйлеу мәнерінен білінеді. Өзге тіршілік иелерінен айырмамыз сана мен сөзде болғандықтан, сөйлей білу мәдениеті дұрыс қалыптаспаған қарақтарым қай ұшпаққа шықпақ?! Ми қатпарсыз тегіс болса, тіл алашұбар жыланша жиырылып жатса, ол адамның адамдығын қай хайуандық теңеуден арашалап ала аласыз?.. Кез келгенінің санатына қосып жіберуге сұранып тұрған жоқ па?!

Сана мен сөзден бөлек, тіршілікте тек адамның аяғы әртүрлі: жуан, жіңішке, қисық, түзу, тізесі шодырайған, шодыраймаған… Сонысымен ар-ұятты таптай түскенде, үнемі нәжісін көміп кетіп жүретін хайуандардың аяғына жығылғың-ақ келеді! Демек, ақыл-ой мен асыл сөз азығы – руханият қайнарынан қанып ішкен адам ғана бойын жоғарыда айтылғандай азғындықтан аулақ ұстайды. Сөйтсеңдерші, сабаздар!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + six =