Ақылы автотұрақтың артықшылығы қандай?

0 178

Елордада ақылы көлік тұрағын енгізу жөніндегі «Астананың көлік тұрағы кеңістігін басқару» жобасы іске қосылды. Оның алғашқы кезеңі «Нұржол» желекжолында жүзеге асырылды. Аталған аймақта 472 тұрақ орны белгіленіп, жол таңбалары сызылды, ақпарат алу тақталары мен 12 паркомат орнатылды.

Қалада көлік көп. Есесіне автотұрақ тапшы. Астананың ескі және жаңа орталығында, сауда үйлері маңында көлік ошаратын орынның жетіспеушілігі салдарынан жол бойындағы қозғалыс қиындайды.
Өткен жылдың өзінде Астана қаласында көлігін автотұраққа дұрыс қоймағаны үшін 4124 құқықбұзушылық тіркелген. Бос орын таппай әбігерге салынған жүргізушілер көліктерін тротуарға, жолдың шетіне, балалар ойнайтын алаңға, аула кіреберістеріне, мүгедектерге арналған орындарға қаңтарып қоя салады. Тіпті, айыппұл салынса да, азаяр емес. Мәселен, өткен жылы елордалық жүргізушілерге 56 млн 501 мың теңге айыппұл салынса, оның 49 млн теңгесі өндіріліп алынған. Бұған дейін аталған мәселе машина қоюға арналған қосымша алаңдар құру жолымен шешіліп келді. Бірақ іс жүзінде осы шаралармен ғана шектеліп, нәтижеге қол жеткізуге болмайды. Қазіргі заманғы халықаралық тәжірибеге сәйкес, ірі қалаларда реттелетін тұрақтарды енгізу түбінде ақталатын қажеттілік екенін көрсетті. Жағдайды жақсартудың жалғыз жолы – ақылы автотұрақ.

Көлігі көп қала

Көліктің көбейетіні – заңдылық. Өйткені халықтың саны миллионнан асты. Статистикалық деректер әр мың адамға 345 көліктен келетінін айтады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Қала билігі автотұрақ қиындығын шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы ауқымды жобаны жүзеге асырмақ.
Мамандар алдымен Түркістан, Достық, Орынбор және «Нұржол» жасыл-желек жолындағы автотұрақ алаңдарына зерттеу жүргізді. Нәтижесінде таңғы 7:00 мен түнгі 2:00 аралығында аталмыш нысандарда жүктеме шамадан тыс болып шыққан. Мәселен, «Нұржол» автотұрағына бір күннің ішінде 564 жүргізуші көлігін қойған. Оның 238-і құқық бұзған. Автотұрақта тұрудың орташа уақыты 2 жарым сағатқа созылса, жүргізушілердің 42 пайызы көлік қоюда заңсыздыққа жол береді екен.
Енді Астанаға енгізіліп жатқан ақылы автотұрақ жобасы осы мәселелерді барынша реттейтін болады. Әлемдік тәжірибеге негізделген жоба Париж, Лондон, Сингапур, Токио және Мәскеу секілді қалаларда қолданысқа ие.
15 қаңтардан бастап жобаның алғашқы сатысы «Нұржол» желекжолы тұрағында іске қосылатынын айттық. Бұған қоса ақылы тұрақ теміржол аумағында орналасқан. Ақылы тұрақ вокзал алаңындағы аумақта көлік құралдарының айналымын 30-40 пайызға көбейтуге, қоғамдық көлікке сұранысты 15-20 пайызға арттыруға, вокзал алаңындағы ауданда жол желісіне түсетін жүктемені 20-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар бұл жүйе жол қозғалысы ережесінің бұзылуын 70-80 пайызға азайтуға септігін тигізді. Вокзал аумағындағы тұрақ 251 көлікке арналса, «Нұржол» тұрақ алаңына 472 көлікке дейін сыяды. Жыл соңына дейін Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандарында 9000-ға жуық ақылы автотұрақ енгізу жоспарда бар.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Ашық алаңдағы автотұрақтың жұмыс істеу жүйесін қысқаша түсіндіре кетейік. Алдымен ақылы автотұрақтар жанында арнайы құрылғылар орналасады. Ол келіп кірген көлікті бірден есепке алады. Ол құрылғының өзі бірыңғай орталыққа тіркелгендіктен, әр тұрақты бір базадан қадағалауға мүмкіндік береді. Келген көлік тіркеуге алынғаннан кейін оған сағаты бойынша ақы есептеле бастайды. Тұрақтың ақысын типтік үлгідегі паркоматтар арқылы төлеуге болады. Мұндай паркоматтар қазір әлемнің көп елінде қолданылады. Сондай-ақ, қаланың көп бөлігіне екі мыңнан астам терминалдар арқылы, мобильді қосымша арқылы да төлем жасауға мүмкіндік бар. Төлемді бақылау мобильдік сертификаттандырылған фототіркеу кешендері көмегімен жазылып алынған деректер негізінде жүзеге асады.

Сағатына – 100 теңге

Ақылы көлік тұрақтары жүйесінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізуді Диспетчерлік орталық жүзеге асырады.
– 2016 жылы 27 сәуірде Президент қатысуымен өткен кеңесте ақылы көлік тұрақтары жүйесін ұйымдастыру, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын электронды жолмен төлеуді енгізу және Астананың көлік магистральдарында автокөлік кептелістері мәселесін шешудің орындалу мерзімі көрсетілген шаралар жоспарын қабылдау туралы нақты міндет қойған еді. Елорда әкімдігі осы міндеттерді жүзеге асыру үшін жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізді, сынамалы жоба тексеруден өтіп, оның барлық жақсы жақтары мен кемшін тұстары зерттелді, – дейді Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов.
Тұрақ ақысы таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін сағатына – 100 теңге. Төлемақы тұрақ сессиясы басталған сәттен бастап, алғашқы отыз минут ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлік қою тегін. Тұрақтарды пайдалану тәртібі, төлем тәсілдері және паркомат орналасқан орындар, оларды пайдалану тәртібі және төлем тәсілдері туралы ақпараттарды www.2888.kz. сайтынан немесе 57 64 81 нөміріне хабарласып, білуге болады. Былайша айтқанда, төлем жасаудың технологиялық мүмкіндігі өте мол. Сондықтан көлік жүргізушілеріне бұл жағынан ешқандай қиындық тумайды.

Кімдер тегін  пайдаланады?

Тұрақ қызметін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көліктерін арнайы бөлінген орындарға қоятын бірінші және екінші топ мүгедектері, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерінің иегерлері, «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» тағынған көп балалы аналар, Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардан зардап шеккендер, сондай-ақ, Ауғанстандағы және басқа да елдердегі әскери ардагерлер мен мүгедектер тегін пайдалану құқына ие.
«Елордалық жаңа жоба көлік магистральдарын жүйесіз тұрақтардан арылтып, тиісінше, көлік қозғалысы көп көшелерді көлік кептелістерінен айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ көптеген көлік жүргізушілерін қолжетімді көлік тұрақтарымен қамтамасыз етеді. Қаламызда қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған осындай тұрақтың жағымды үлгісі ретінде «Астана» темір жол вокзалы аумағындағы ақылы тұрақты айтуға болады. Бұл жерде автокөлік қозғалысы бірнеше есеге артты, кептеліс азайды. Енді жүргізушілер, бұрынғыдай тәулік бойы заңсыз такси көліктерінен босамайтын тұрақтан орын таба алмай шыр айналып жүрмейтін болды» дейді Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов.

Паркингтің пайдасы

Қазіргі уақытта қалада тұрақтардың орнын белгілеу жұмыстары нақтыланған. Ақылы автотұрақтардың орнын белгілеу туралы Астана қаласы әкімінің қаулысы да бар. Осы құжатта 259 автотұрақ мекенжайымен көрсетілген. Осынша аумақта 10 мыңға жуық көлік қоятын орын болады.
Жалпы елордада ақылы автотұрақтар ашу біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Тек өткен жылдан бастап бұл жобаны жүзеге асыру бағытында нақты істер атқарыла бастады. Бұған дейін әлемдегі ірі қалалардың да тәжірибесі сарапқа салынды. Оны жасақтауға халықаралық сарапшылар да қатысқан екен. Сала мамандарының пікірінше, ақылы автотұрақтың екі үлкен алаңы оң және сол жағалауда орналасады.
Ақылы автотұрақтар жұмысын жолға қою, оны одан әрі жүргізу ісіне жа­уапты мамандар бастапқыда жалпы бірыңғай тариф енгізілетінін айтқан болатын. Бұл кезеңде әр аймақтағы автотұрақтың жүктемесіне жүргізілген сараптамаға сәйкес әр автотұрақтың өзіндік тарифі айқындалады. Былайша айтқанда, Бөгенбай көшесіндегі автотұрақтың ақысы, Тұран даңғылындағыдан бөлек болуы мүмкін. Сондай-ақ, тарифті анықтау­да адамдардың тұрмыс жағдайы, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы, орташа жалақы сияқты өлшемдер де есепке алынады. Ал енді заң бұзушыларды мамандар арнайы автоматтандырылған құрылғылар: фото және бейне тіркеу көмегі арқылы анықтап, жазалайтын болады. Жаңа автотұрақтың тағы бір ерекшелігі – арнайы ақпараттық құрылғы арқылы бос орынның бар-жоқтығын ертерек білуге болады екен. Оның көмегімен жүргізуші бос орын іздеп уақыт жоғалт­пай, бәрін алдын ала біліп отырады.

Әлеумет  ұсынысы ескерілді

Бұл жоба қолға алынбас бұрын қала тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Автокөлікке иелерінің 50-60 пайызы ақылы автотұрақ болса, ақы төлеуден қашпайтындарын білдірген. Көпшілігі сағатына 100-150 теңгеден аспаса деген тілектерін де жеткізген. Осыған қарап-ақ, көлік иелерінің тең жартысынан астамы ақылы автотұрақтардың іске қосылуын қуана құптайтынын бағамдауға болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − one =