Ақылды құлтемiрлер айлағы

0 194

«Жасылдар командасы». Өздерiн осылай деп атайтын бiр топ жас Назарбаев университетiнiң Ғылым және технологиялар мектебi, Роботехника және мехатроника департаментiнде дәрiс алып жүр. Шеттерiнен бiлiмдi. Бiлмейтiндерi – жердiң астында. Топ тәулiктiң үштен екi бөлiгiн робот құрастыру зертханасында өткiзедi. Бұл – олар үшiн қалыпты жәйт. Әйтсе де, олардың қазiргi жұмысы тiптi қауырт екен. Себебi, алда «Ең үздiк робот дизайнын» сарапқа салатын сайыс таяп келедi…

Бастауыш сыныптарында жаттаған мына өлең жолдары есiңiзде ме: «…сиыр суды iшiп келсе, тамақ алға пiсiп келсе…». Бiтпейтiн әрi орындалмайтын «Жалқаудың арманы» едi бұл. Мұны айтып отырған себебiмiз, жалқауға да, тақпақты жаттаған сiзге де бос қиял көрiнетiн сол арман бiрте-бiрте шындыққа айналып келедi.
Мәселен, осыдан бiраз уақыт бұрын Орал өнертапқыштарының өрiстегi мал қайыратын роботтарды жасау жолында iзденiп жатқандығын естiгенбiз. Ал, еден жуып, қазан қайнататын роботтарды жапон елi әлдеқашан қолданысқа енгiзiп үлгердi.
Дәл қазiргi кезде технологиясы мықты дамыған елдердi былай қойғанда, бiздiң өзiмiз роботтың көмегiне аз жүгiнiп жүрген жоқпыз. Бiр сәт айналаңызға көз жiберiңiз, робот-банкомат ақшаңызды сыртылдатып санап берiп жатыр, киiмiңiздi жуып, кептiрiп, үтiктеп берiп жатқан да, МАИ саласында қолданылатын шамадан тыс жыл-дамдықпен келе жатқан көлiктi автоматты түрде суретке түсiрiп алатын да осы «ақылды кiр жуғыш мәшине», «ақылды камера», өзiмiзшелеп айтсақ, «құлтемiрлер».
Әрине, бiздiкiлердiң құдiретi Америка, Жапония елдерiндегi құлтемiрдiкiне жете қоймас. Десек те, iргесi ендi ғана қаланып келе жатқан Назарбаев университетiнiң жас ғалымдары алдағы уақытта осы сала бойынша тыңнан түрен салары анық.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен ашылған шаңырақта елдiң нағыз интеллектуалды элитасы тәлiм алып жатыр деуге толық негiз бар. Небәрi 17-19 жас шамасындағы өрiмдей жастар тек бiлiм алып қана қоймай, қазiрден бастап ғылым дамуының бел ортасында жүр.
Ғылым және технология мектебi Роботехника және мехатроника департа-ментiнiң ассистент-профессоры деген дардай атты иемденген Алмас Шың-темiровтiң өзi небәрi 33 жастағы жiгiт болып шықты. Профессордың жас болса да, талай жаңалыққа бас болар түрi бар.
Алмас докторантураны «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ливерпуль университетiнде тәмамдап келiптi.
Жалпы, университеттегi оқытушы профессорлардың денi – кезiнде «Бола-шақ» бағдарламасымен әлемнiң жетекшi жоғары оқу орындарында оқып келген қазақтың қара домалақ балалары. Бұған қарап, қазақтың «бiлiмге де бар таласы» деп ой түйесiң.
Робот құрастыру – осы мамандық бойынша бiлiм алып жатқан студенттердiң күнделiктi жұмысы.
Кiрпiштiң бiр түрiнен алуан түрлi ғимарат тұрғызуға болатыны сияқты бiр модульден сан түрлi роботтарды жасап шығуға болады. Тек, өрең жетсе болғаны. Балалардың айтуынша, роботтың қаңқасын жасау аса қиын емес. Қиялыңа ерiк берiп, оны қолданыстың әр саласына лайықтап жасауға болады. Ал,оған бағдарлама енгiзу, яғни, құлтемiрге «жан бiтiру» әжептәуiр қиын жұмыс көрiнедi.
Алайда, Америкадан келген профессор Атакан Варол қазақ жастарының бұл салаға деген қызығушылығы өте жоғары екенiн айтады. Осы уақытқа дейiн Америкадағы 140 жылдық тарихы бар Вандербильт университетiнде жемiстi еңбек етiп келген Варол мырзаның ендi ғана iргесi қаланған Назарбаев университетiне ауысуға тәуекелi қалай жеттi екен деген сауал бiздi де қызықтырды.
«Мұның таң қалатын түгi жоқ» дедi ол шетелдiктерге тән салқын қандылықпен:
– Менiң көзiм жеткенi, тарихы әбден қалыптасып болған оқу орнына жаңалық енгiзу өте ұзақ уақытты талап етедi. Назарбаев университетi – жаңа оқу орны. Сондықтан, кез келген жаңалыққа қорықпай қадам жасауға болады. Мұнда жаңалықтар ашуға, тың iзденiстермен айналысуға зор мүмкiндiк бар екенiн байқадым. Университетке ел басшылығы тарапынан да зор қолдау байқалады. Роботехника, мехатроника дәрiстерiне алып жатқан құрал-жабдықтары да, жалпы оқу бағдарламасы да заманауи. Жастары да талантты.
Қос профессор жақында Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң арнайы грантын ұтып алыпты. Осы грант негiзiнде оларға гибридтi робот жасау мүмкiндiгi берiлдi. Бойы бiр жарым метрдей болатын төрт аяқты немесе төрт дөңгелектi адамға ұқсас роботтар апатты жағдайдан құтқару кезiнде, медицина саласында кеңiнен қолданылады екен.
Демек, аурухана палаталарында науқастардың халын сұрап, дене қызуын тексерiп жүретiн құлтемiрлердi көретiн күнiмiз алыс емес секiлдi.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =