«Ақылды қаланың» алғышарттары

0 38

Өткен жылы елорданы «Ақылды қалаға» айналдыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, мемлекеттік қызметтердің 100 пайызы онлайн форматқа ауыстырылды, ал «iQala» орталығы тәулік бойы тікелей режимде жұмыс істейді. Бұл туралы онлайн режимдегі брифингте Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек мәлімдеген еді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 159 мемлекеттік қызметті көрсетеді. 2020 жылы сол бойынша 7 млн-ға жуық операциялар жасалған, оның 6 млн-нан астамы – электронды түрде. Қала басшысының тапсырмасы бойынша әкімдік жанынан цифрландыру жөніндегі IT-кеңес құрылды, оның аясында халықтың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған IT-шешімдер енгізілетін болады. Сондай-ақ биыл елорданың инновациялық экожүйесін дамыту шеңберінде халықтың белсенділігін ынталандыру үшін инновациялық конкурстар өткізу жоспарланған.
– Өткен жылы біз бірнеше пилоттық жобаны іске қостық, олардың бірі – «Ақылды шлагбаум» жобасы. Шлагбаумға орнатылған жүйе тәуліктің кез келген уақытында жедел жәрдем және басқа да жедел әрекет ету қызметтері үшін шлагбаумдардың автоматты түрде ашылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл осы бағыт бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады, – деді басқарма басшысы Б.Қасабек.
Сонымен қатар, «Smart Astana» мобильді қосымшасының сервис­тері мен қызметтерін пысықтау және өзектендіру, қажеттілігіне қарай жаңа сервистерді іске асыру бойынша шаралары қолға алынды.
Қала тұрғындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» қанатқақты жобасы іске қосылды. Қазіргі кезде жоба – сынақтан өткізілу сатысында.
Ерекше айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласының интеллектуалды көлік жүйесі IDC халықаралық компаниясының нұсқасы бойынша Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдері арасында көшбасшыға айналды.
2021 жылы елордада цифрлық жаңғырту бойынша бірқатар стратегиялық міндеттер жүзеге асырылмақ. Б.Қасабектің айтуынша, цифрлық технологиялар қаланы дамытуда маңызды рөл атқарады.
Цифрлық даму келесідей бағыттар бойынша жүргізіледі: 1) Әкімдіктің IT-архитектурасын әзірлеу. Сәулеттік цифрлық трансформация мен әкімдік қызметтерін жүргізу үшін мемлекеттік органдарды ағымдық ақпараттандыру. 2) Тұрғынның бірыңғай картасы жобасын енгізу арқылы әлеуметтік салаға бағытталған бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Ол арқылы жеңілдік алушылар көлік, дәріхана, дүкен, ТКШ, мектеп, балабақша санаттары бойынша жіктеп ақы төлей алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, әртүрлі басқару органдарының автоматтандырылған жүйелерінің интеграциясы мен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. 3) Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы. Бұл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің электрондық ақпарат ресурстарын, ақпараттық жүйелерін, телекоммуникация желілерін және басқа да ақпарат­тандыру объектілерін қорғау қызметін жүзеге асыратын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + ten =