Ақылды қаланың адымдары

0 110

«Ақылды қаланың» алғышарттары бес жобадан тұрады. Бұл бес инновациялық жоба денсаулық сақтау, білім беру және ақпараттық технологиялар саласына тікелей қатысты.

«Open Wi-Fi»

Алғаш болып іске қосылған «Open Wi-Fi» жо­басы – Wi-Fi нүктелерін орнату арқылы ха­­лықты тегін интернет желісімен қамтуға ба­ғыт­­талған. Жобаның бірінші кезеңі 2011 жылы сол­ жағалауда бастау алды. Екінші ке­­зе­ңінде елор­­даның тарихи ескі бөлігіндегі қо­­ғам­­дық орын­­дар қамтылды.

Ең алғаш Wi-Fi нүктесі Есілдің сол жаға­­ла­уын­­­­дағы «Нұржол» саябағында қолданысқа ен­­генін айту керек. Тегін интернеттің осындай 16 желісі іске қосылғаннан кейін оның жыл­­дам­дығы едәуір артып, халықтың көңілінен шық­ты. Бүгінде жоба шеңберінде Астананың көп­­те­ген орындарында ғаламтор арқылы ақпарат ал­масуға мүмкіндік жоғары. Мәселен, Wi-Fi нүк­­телері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қа­­зақ­­стан» орталық концерт залында, Тәуел­сіз­дік са­райында, Бейбітшілік және келісім са­райында, «Шабыт» сарайында, «Астана-Арена» стадионын­да, «Алау» мұз айдынында жә­не барлық ойын-сауық орталықтарында ор­­натылған. Қала тұрғындары мен қонақтары осы­­лайша кез келген уақытта ин­тер­­нетті пайдалана алады.

2012 жылы да ауқымды жұмыс­тар атқарыл­ды. Қаланың қоғамдық орын­дары мен ғима­­рат­­тарына Wi-Fi нүктесінің барлығы 296 құ­­­­рылғысы орнатылды. Сонымен бұл­ жоба тәмамдалып, қаланы те­­гін ин­­тер­­нетпен қамтама­­сыз ету жұ­­мыс­­тары сәтті аяқталды. Нә­­ти­­же­сін­де тәулігіне 20 мың адам Wi-Fi нүк­­тесін тегін пайда­­ла­нады екен.

Болашақтың мектебі

«Болашақтың мектебі – бүгін» жо­­басы Астана мектептеріне ке­шен­­ді қауіпсіздік жүйесін енгізу­ге арналған.

Оқушыларға берілетін көп функ­­­ция­­лы­­ элек­­тронды куәлік мек­­тепке келген және мектептен қайтқан уақытта ата-аналарына sms арқылы хабар беріп отырады. Жоба болашақта мектептегі тамақтануды немесе қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу қызметтерін атқара алады. Бүгінде аталмыш жобаның қанатқақты нұсқасы №54 мектеп-лицейіне тәжірибе ретінде іске қосылды. Жобаның екінші кезеңі қаладағы 10 мектепте енгізіледі. Сонымен қатар, «Е-асхана», «Е-кі­тап­хана» және «Бейнебақылау» жобалары да жү­зе­­ге асып, жоба аясы кеңейе бермек.

«Е-жедел жәрдем»

«Ақылды қаланың» ақылды қадамы – «Е-же­дел жәрдем». Ол­ жедел медициналық жәрдем қыз­­­метінің сапасын арттыруды діт­­тейді.

Бүгінде тұжырымдама аясында 59 жылжыма­­лы медициналық жедел жәрдем бригадасы­ электронды планшеттік құрылғылармен жарақтан­ды­рыл­­ды. GPS-навигатор, IP-телефония және элек­­тронды медициналық анықтамалық – негізгі үш функцияны атқарады. GPS-навигатор жедел жәрдем бригадасына қала көшелеріндегі кептелістен айналып өтіп, жүру уақытын қыс­­қар­­­туға мүмкіндік береді. IP-телефония арқылы па­­циент­­пен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Электронды медициналық анықтамалықта ау­­рудың диагностикасы, емдеу тәсілдері мен дә­­рілік препараттар туралы қажетті ақпараттар топ­­тастырылған.

Нәтижесінде, медицина қызмет­кер­лерінің жұ­­мысы бірнеше пайыз­ға жеңілдеген. Қоңырау қа­­былдау және науқасқа жету уақыты азайып, план­­­шет көмегімен көрсетілген ме­­кенжайға ке­­дер­­гісіз жету едәуір жақсарған.

Алдағы уақытта қызмет тетігін жетілдіру үшін қызметкерлердің білім сапасын тексеретін он­­лайн тест жүйесі мен қосымша бас­­қа бригада­­лар­­­ды жабдықтау жұ­­мыс­­та­­ры жүргізілетін бо­­лады.

«3D технологиялар орталығы»

Төртінші жоба – «3D технологиялар орталығы» жобасы. Заманауи 3D технологияларды оқыту, зерттеулер мен сараптама жасау орталығының алға қойған мақсаты көп.

Жобаның мазмұны – сәулет өнері, құрылыс, машина жасау, медицина және т.б. салалардағы жобаларды интерактивті симуляциялау мен визуализациялау. Мамандар жобаның тиімділігін жоғары бағалап отыр. Біріншіден, өндірістік және бюджеттік шығындар төмендейді. Екінші­ден, экономиканың басым салаларында еңбек өнімділігін көтереді. Кез кел­ген жобаны 3D-­мо­­дельдеу, 3D-жобалау және 3D-құрастыру ар­қылы нақты нәтижесін береді. Өн­­дірістік кезеңнің уақытша шы­­ғындары мен құнын қысқарту өз алдына ұзақ әңгіме.

Бизнес-инкубатор

Ақылды қаланың келесі қадамы – технология­лық бизнес-инкубатор, инвестор­ларға қолдау көр­сету ор­­та­­лықтары. Бұл инновациялық дамуға сер­пін беретін тың бастама екені сөзсіз.

Бизнес-инкубатор жобасында инновациялық менеджмент пен отандық және халықаралық сарапшыларды шақыру арқылы жобаларды басқару негіздері жөнінде дөңгелек үстелдер, тренингтер және дәрістер өткізіліп тұрады. Мұнда келіссөздер жүргізу, идеяларды талқылау, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалған.
Әлемнің көптеген елдерінде кә­сіп­­керлерге қыз­мет көрсету ақы­­лы жүргізіледі. Мәсе­лен,­ Санкт-Петербургтағы «Ингрия» техно­сая­ба­ғын­да бағдарламалардың бағасы айына – 500 рубль,­ ал инкубаторлау бағдарламалары 1500 рубльді құрайды.

Бас қаланың ерекшелігі де сол, бизнес-инкубатор жобасына қатысу тегін. Семинар, тренинг кезінде кәсіпкерлерге тегін пицца мен сусындар ұсынылады. Астанада кәсіпкерлік орталық құру басты мақсат болғандықтан, атқарылған жұмыстың нәтижесі көңіл қуантады.

Осы уақытқа дейін «Кәсіпкерлік экожүйе мен Greenfield және Brownfield дегеніміз не?», «Кә­­сіп­­керлік стратегия және құн­­ды­­лық­­тарды құру. Жобаның бизнес жоспары мен тұжырым­дама­сын қа­­лай жасауға болады?», «Потенциалды нарықты қалай бағалауға болады?», «Бизнесті немесе дизайнерлік модельді қа­лай дұ­­рыс қалыптастырып, таңдауға бола­ды?», «Idea­ Pitch 90 секундта өзіңіздің идеяңызды қалай айтуға болады?», «Бизнесті ойлау мен құ­ру стратегиясын қалыптастырудағы ког­­не­­тивті ерекшеліктердің әсе­рі» және тағы басқа ауқымды та­қы­рыптарды қамтыған семинарлар азаматтардың бизнес туралы тү­­сі­­ні­­гін кеңейтуге ықпал еткен.

Күдіктіні кім анықтайды?

«Ақылды қала» жобасының негізгі бағыт­та­ры­ның бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Астана қаласының мамандары күдікті аза­­мат­тарды анықтау жүйесін енгізу жөнінен израильдік компаниялардың тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Бұл жүйе құқық қорғау органдарына іздеуде жүрген немесе жүріс-тұрысы күмәнді көрініп тұрған азаматтарды қоғамдық көлікте белгі беру арқылы оңай анықтайды. Қазіргі таңда аталмыш компания-мен «Астана Innovations» АҚ арасында тығыз қарым-қатынас орнауда. Интеллектуалды қауіпсіздік жүйесін енгізу миллиондаған долларға бағалануда, алайда, мамандар оның өзін-өзі ақтайтынына сенімді.

«Sime Technology» компания­сы­ның бұл жетістігі Израильдің өзінде көптен қолданылып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын Израильде жиі орын алған террористік қимыл-әрекеттер осы жобаның арқасында тыйылған көрінеді.

Сондай-ақ, Астана әкімдігі әрбір тұрғынның, кө­­ліктегі жол ақысын, емханадағы немесе ауру­­хана­­дағы қызмет түрін төлеуіне, дәрі­хана­лар­дан дәрі алуына мүмкіндік беретін бірегей әлеу­­меттік картаға өту жөнінде тағы бір «ақылды» шешімді қарастыруда.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + five =