«АҚЫЛДЫ» АЯЛДАМАЛАР

0 227

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда кітапхананың орнын интернет, кітапты компьютер алмас­тырып отырғаны анық. Осы олқы­лықтың орнын толтыру  мақсатында елордамыз­да  ерекше жоба қолға алынды.

5645

Қоғамдық қоры «Астана – білім мекені» жобасы арқылы рухани байлықтың қайнарымен сусындататын электронды кітапхана жасады. Ең қызығы, бұл құндылықтарды қала тұрғындары аялдамаларда автобус күтіп тұрып-ақ оқи алады.

Смартфон арқылы кітап оқу өте қарапайым әрі жеңіл. Мұны телефонына интернет қосылған кез келген адам қолдана алады. Ол үшін QR кодты сканерлеуге арналған мобильді қосымшаны пайдалану керек. Ол R Code Reader деп аталады. Осы қосымша арқылы оқырман өзі қалаған кез келген туындыны ұялы телефонға жүктеп, қалаған кітабын оқып, аудио нұсқасын тыңдай алады. Бүгінде қаламыз бойынша 27 аялдамаға онлайн кітаптар тақтасы орнатылып жатыр. Алғашқы қондырғы «Хан Шатыр» маңындағы аялдамада тұр. Онда көпшілікке әлем және қазақ классиктерінің 150 шығармасы ұсынылған.  Алдағы уақытта сандық форматта 10 мың кітабы бар қорды 150 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Әсіресе, мектеп, емхана сияқты  халық көп шоғырланатын орындарға қоюды жоспарлаған электронды кітапханада Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы бастаған қазақ әдебие­тінің классиктері мен бірге ақиық ақын Мұқағалидан басталған  поэзия жауһарларының кітаптары бар.

Нартай Әшім, Wiki bilim қо­ғамдық  қоры­ның құрылтайшысы:

565456

– Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғырудың бірден-бір негізі – ақылды, білімді адамдардың қалыптасуы. Еліміздің мәдени мұрасы саналатын осы оқулықтардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Бұл бастамамыз адамдардың рухани дамуына, жас буынның қалыптасуына әсер етеді деп ойлаймыз. Біздің негізгі идеямыз да – сол. Алдағы уақытта әр көшенің атауына байланысты тақырыптық кітапхана орнатамыз деп жоспарлап отырмыз. Мәселен, Абай көшесіне Абайдың бүкіл дүниесін, Әуезов көшесіне Мұхтар Әуезовтің барлық шығармаларын топтаймыз. Бұл да оқырмандарымыз үшін ерекше үлгі болар еді. 

Өркениетті елдердің дені бүгінде кітап оқуға деген ынта-ықыласты арттырудың түрлі амалдарын жасауда. Осы тұрғыдан алғанда да бұл жобаның маңызы басым,бәсі артық. Ұйымдастыру­шылардың айтуынша, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеттерінен тұратын кітап әлеміне қазіргі заманның да ақын-жазушыларының шығармалары енгізілмек.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =