Ақыл қоссақ, артық болмас…

Жастар жылы аяқталды, бірақ көңілде түйткілдер көп...

0 13

Өткен жылдың аяғындағы мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты алдын ала атқарылған кейбір шараларды қорытындылады. Елімізде 19 бен 35 жас аралығында 3 млн 800 мыңдай жастар бар екен.Министрдің баяндауынша жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өскен. Алайда осыған қарамастан жастар арасындағы жұмыссыздық төмендемей, 200 мыңға жуық жастар жұмыссыздар қатарын көбейткен. Ал тіркелмей-ақ зейнеткер әке-шешесінің мойнында отырған жастар, әсіресе, ауылдағы туғандар арасында баршылық екенін несіне жасырамыз? Осындайларды қалай жұмысқа жегеміз? Біздіңше, оның бір амалы – жұмыссыз тіркелмей жүргендерді де есепке алып, арнайы заңмен 25 жастан асқандар болса жұмыс істемегені үшін айыппұл төлетіп, мамандық алатын қысқа дайындық топтарынан өткізіп, қара жұмысқа жіберуді қолға алғанымыз дұрыс сияқты.
2019 жастар жылына 89 бө­лімнен тұратын іс-шаралар белгіленіп, республика бойынша соның 13-і орындалған. Бұл, әрине, көңіл көншітпейді. Қорғаныс министрлігі жыл сайын 85-90 мың жігітті әскер қатарына шақырып жатады. Ал осы контингенттің үштен бірінің денсаулығы сыр берген. Майтабан, жүрек, қан тамырлары, көз, өкпе аурулары байқалуынан 40 мыңнан аса бозбала сарбаздыққа жарамай жатады. Ал осы үйіне қайтарылған бозбалалардың көпшілігі жұмыссыз ретінде тіркелмей, «көше таптаушылардың» қатарын көбейтуде. Бұл проблеманы қалай шешуге болады? Әрине, сылақшы, кірпіш қалау­шы т.б. құрылыс мамандықтары дайындықтарынан өткізіп, республикамыздың әскери қарулы күштері жетіспейтін шығыс, солтүстік, оңтүстік, батыста бұрыннан бос қалған әскери ғимараттарға орналастырса, әскери құрылысшылар еңбегін шаруашылық есепке негіздеп, қызмет өткеру мерзімін 2 жылға ұзартып, оларға жақсы жұмыстары үшін жалақы төленсе, екі жыл қызметтері біткен сарбаз бір кезде Дариға Нұрсұлтанқызы ханым айтқандай, елімізде әскери құрылыс батальондарын құрып әмбе қару ұстай алатын, әмбе дайын құрылысшы мамандығын игеріп, қалтасындағы жақсы қаржысымен ата-анасына оралып қуантар еді…
2017-2018 жж. шетелдерге қоныс аударған жастар көбейген. Zakon.kz сайтындағы мәліметте 2017 жылы 12 мыңдай жас маман шетелге қоныс аударған. Ал осының 4,8 мыңда техникалық білімі барлар екен. Демек, техникалық прогресті жүзеге асыратын жастар шетелге асып жатады. «Неге олай?» деп бас қатырған мемлекеттік органдар бар ма? Ал білімді жастардың шетелге асуына өз елінде біліміне сай жұмыс орны болмауында. Елімізде жұмыс орны көп. Ол орындардың көпшілігіне конкурстар өткенімен көзалдау жасалады, жұмыс орындары сатылатыны да өтірік емес. Парақорлық қоғамды ірітіп-шірітіп барады. Жаңа Президентіміз бұл дертпен күресті бастады, бірақ халық қолдауы нашар. Шетел асқан жастардың өз бақытын бөтен ел, жат жерден іздеуіне не себеп?
Ең алдымен дипломдарына сай елімізде жұмыс табылмауы, екіншіден, бойында күш-қайраты барлары аздап қаражат жинап алған соң бөтен жерде бағын сынағысы келеді. Ағылшын тілін біліп тұрса, UT мамандығы туралы дипломмен АҚШ, Ұлыбритания, Япония, Оңтүстік Корея сияқты радио­электроникадан жақсы дамыған елдерге табыс табу мақсатында сонда өмір сүруді
қалайды. Жастардың бұл қадамын сөгуге де келмейді. Сол жастардың бойында қазақтың қаны болса, ол аяғынан тік тұрып, UT мамандығын жетік меңгеріп алған соң Қазақстанға қайтып оралуды мақсат тұтады. Өйткені таңдайынан ана сүтінің дәмі кетпеген туған жерінің кіндік қаны тамған жусаны мен жалбызының иісі аңқыған туған жерге деген патриотизмі қайта оянуға тиісті.
Сол үшін әр жастың бойында туған елге деген патриотизмді дүр сілкіндірген шаралар қолға алынуы тиіс. Бұған еліміздің Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері өте белсене араласып, жастарға қатысты жан-жақты шаралар белгілеп отырса қанеки, өйткені облыстағы, аудандардағы биліктің тармақтары «балық» сияқты жоғары жақ не деп нұсқау берер екен деп, күтіп отыр. Әкімдіктердегі ішкі саясат бөлімдерінің де нағыз білек түріп тастап жастармен бірге тұрып, бірге жүретін шақтары ғой бұл. Бір замандағы жастардың бас қосу форумдарын қайта қолға алса, оны 2020 жылы одан кейін де әр аудан, облыстарда белгілі актуалды тақырыптарға бөліп, жиналыстар, диспуттар өткізіп, шаралар белгілеп, оны «Нұр Отан» партиясы бақылауға алып жатса, жастардың бүгінгі өміріндегі көптеген түйткілді мәселелерден хабардар болып, сол мәселелерді шешуге ұмтылар едік-ау…
Тағы бір өзекті мәселе – жас­тардың заңды некеге отырудағы «жеңіл көзқарасы». Жастардың көпшілігі бір-бірімен көшеде, қоғамдық көлікте интернет арқылы таныса салып некелесуге тұра жүгіреді.. Еліміз бойынша ресми деректерге көз жүгіртсек, күн сайын 380-нен астам неке қиылып, соның 151-і көп ұзамай айырылысып жатады екен. Осы орайда ҚР «Неке туралы» заңын да өзіміздің ұлтымыздың менталитеті мен дәстүріне орай қайта қарап оның кейбір талаптарын күшейту керек сияқты. Мәселен, екі жас айырылысқанда орталарындағы баланы әйел жағына қалдырып, ер-азаматқа алимент төлетіп жатады. Бұл – қазақ ұлтының дәстүрінде, қанында болмаған қасиет. Ал кейбір әйелдер екі-үш рет күйеуге шығып, бәрінен алимент алып баласын өзінің әке-шешесіне бақтырып қоятыны да шындық. Оны көзіміз көріп жүр. Сондықтан екі жас некеге тұруға қойылатын сынақ мерзімін 6 айға ұзартып, айырылысуға арыз берген тарапқа зор көлемде айыппұл төлетсе, жастардың айырылысуы азаяр еді. Жастар үйленерде жеті атасына дейін тыйымды сақтауы, әсіресе, қандарының тобы мен резус факторлары бірдей болмауы үшін үшін ЗАГС-те анықтама талап етілсе деген ұсыныс бар. Жастардың алды артын ойламай үйлене салуы салдарынан дүние­ге кемтар, жарымжан балалар келіп жатады, қазір олардың саны бес жүз мыңға жетіп қалыпты, мұның тең жартысын ядролық полигоннан көрсек те қалғаны ойлантады…..
Тағы бір мысал өткен жылдарға «елімізге белгілі 100 жаңа есім» жобасы талай білімді, талапты жастардың жолын ашты. Мен жақсы білетін тараздық Саршаев Марат Аманғалиұлы. Ол мамандығы бойынша – нейрохирург. Мәскеуде т.б. шетелдерде оқыған. Оңтүстік Кореяда аса күрделі операциялар жасаудың шеберлік мектебінен өткен. Таразда жүрген тәжірибелі маман бүкіл еліміздің назарына ілігіп, қазір Алматыдағы іргелі емдеу орталығында қызмет етеді. 2019 жылы да осындай жоба қолға алынып, әр өңірден лайықты жастар іріктелуде. Ал бүгінгі жастар міне, нақ осы есімдері әйгіленген әр сала үздіктері үлгілерімен тәрбиеленеді. Бұл орайда Астана қаласы ішкі сая­сат бөлімінің идеологтары еңбектерін атап өтуге тұрарлықтай. Қаламыздың Ақмешіт, Алматы, Сығанақ сияқты т.б. көшелерінде жаяу жүргіншілер көп жүретін жолының бойларында «100 жаңа есім» иелерінің портреттері жалаңаш қабырғаларға ілініп тас­талған. Осындай билбордтар тіпті мыңдаған адамдар бас қосатын Астана Арена, «Барыс» хоккей клубының мұз айдынына баратын алаңдарға апаратын жолдар жиегіне дейін орналастырылған. Әрине, бұл насихат құралы, оның тигізер пайдасы мол, спорт айдындарына бара жатқанда немесе қайтқанда жастардың жанарларына өз заманының озаттары ілігіп, санасына патриотизм мен отансүйгіш қасиеттерінің ұрығын себетіні ақиқат.
Қазіргі жастарымызға еліктейтін, құрмет тұтатын өз батырлары жетіспейді. Кеңестер Одағы кезіндегі идеологиядан қанша теріс айналсақ та әр бес жылда бір серпіліс тудыратын жастар қозғалыстарын неге ұмытуға тиіспіз? КСРО-дағы БАМ, Түрксиб теміржолы, жаппай сауаттану, жаппай колхоздастыру, тың көтеру, қой шаруашылығын ілгерілетіп дамыту, Қазақстан магниткасын салу т.б. толып жатқан шаралар жастар бастамасымен іске асты. Ал қазір осындай ірі бас­тама көтеруге жастарымыз неге дәрменсіз? Мәселенки, еліміздің солтүстігін қазақиландыру туралы неге жаңа бастама көтермейді? Сондықтан «Нұр Отан» партиясының жанындағы жастар ұжымының жұмысына түбегейлі өзгеріс қажет ететіні заман талабынан туындайды.
Жастар үшін ең өзекті мәселенің бірі – оқу орнына түсіп, әрі қарай жұмысқа орналасуы. ҰБТ мәселесі парақорлықпен оқуға түсудің алдын алғанмен, болашақ мамандар білікті, ойлы азамат болып тәрбиеленіп жатпайды. Жастар жылында Білім және ғылым министрлігі әртүрлі реформаларды қолға алғаннан гөрі терең, жан-жақты Отанын шексіз сүйетін кадрларды тәрбиелеуді бірінші орынға қойғаны абзал болар еді. Әр жоғары орта арнау­лы оқу орнын бітірген Қазақстан азаматтары тіркеуге алынып, болашақтары қалай басталды, не істеп жүр деген өзекті мәселелерді бақылауда ұстаулары керек-ақ. Өйтпесек, жақсы кадрларымыз бүгін жүздеп шетел асса, келешекте мыңдап кетуіне тосқауыл қоя алмаймыз. Бұл орайда еліміздегі Назарбаев университетін бітірген кадрлар неге табаны жерге тимей жатып жұмысқа орналасады деп ойлайсыз? Өйткені онда оқу бітіретін студенттер жоғары курстарда шетелдік компанияларда, отандық ірі бизнес орталықтарында практикадан өтіп, білімдерін тереңдетіп отырады да, көзге түседі. Олардың жұмыссыз қалмауын ректорат та үнемі қадағалайды. Міне, басқа институттарға үлгі алар тәжірибе қайда? Мәдениет, спорт салаларында да жетістіктеріміз бар ғой. Соңғы олимпиадаларда әртүрлі спорт түрлерінен жиырмадан астам ұлтымыздың оғландары жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әнші Димаш Құдайбергенов бүкіл әлемді аузына қаратты. Дегенмен, осындай жетістігі мен отансүйгіштігі биік өнер иелерін насихаттау нашар. Әйтпесе, әр ауданда, ірі елді мекендерде олимпиада, әлем чемпиондарын насихаттайтын алаңдар ашылып, оған билбордтар орнатылса, мектептерде сынып сағаттары өткізілсе жастар солардай болуға ұмтылатыны да анық емес пе?! Көңілде жастар жылына байланысты түйткілдер көп. Сол түйткілдерді шешуге біркісідей атсалысайықшы!

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
Қазақстанның құрметті

журналисі
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды