Ақұштап Бақтыгереева: Кісілік пен мейірімді сағынамын

0 612

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВАНЫ «Астана ақшамының» оқырмандарына таныстырып жату артық. Кезінде Әбіш ағамыз ақын қарындасы туралы «Ақұштап Бақтыгереева әйелдерді емес, әйелдікті жырлайды. Әйелдерді емес, әйелдікті қорғайды. Сол үшін де әйелді әйел етіп тұрған ең басты қасиет нәзіктікті дәріптейді» деп баға берген екен. Осы бір ауыз сөзге ақынның поэзиядағы орны, бітім-болмысы, осы кезге дейінгі еңбегі сыяды. «Мен жүрмін өлең жазып, Жұбан аға, бұл күнде немеремнің жөргегіне» деп жазғанындай, өлеңінде де, көпшілік алдында тарқатқан пікір-көзқарастарында да бесік пен жөргек, қазақ қызының қасиеті жайында көп айтатын ақын бізбен әңгімесінде де өз жүрегінен өткен көп ойдың бір тармағын, көп сырдың бір үзігін ағытты, дүниеден көшкен қаламдас ағалары туралы жылы естеліктер айтты, солардан көрген кісілік пен мейірімге шөлдейтінін жасырмады. Сонымен, ақын көзімен қарағанда, бүгінгінің бейнесі қандай?– Екі жылдан бері елордаға келіп тұрғаным осы дедіңіз. Жастығыңыз Алматыда өтті, соңғы жылдары Оралдасыз. Пандемия, жалпы соңғы кездері болып жатқан оқиғалар шығармашылық адамдарының көңіл күйіне әсер етіп жатқаны сөзсіз. Оның үстіне, ақынның ­ой кешпеуі мүмкін емес. Кейде ­ойыңызға не оралады, қандай күй билейді, әлдебір шақтарды, болмаса әлдекімдерді сағынасыз ба?
– Әр ғасыр өз ерекшелігімен қымбат, әр ғасыр жаңалық әкеледі, бірақ өткеннің қасиеттісін ұмытуға болмайды. Ол – бір ұлтыңның мейірімі мен анаңның асыл қасиеті сияқты, бабалар өсиеті сияқты нәрсе. Мен кісілікті, мейірімді сағынамын.
– Мысалы…
– Мысалы, біз Әбу Сәрсенбаев деген ақсақалды көрдік. Қазақтың талантты баласын көрсе жетектеп үйіне алып келеді. Ол қайдан келді, көшеде жүр ме, жағдайы жоқ па, оның талантын көрсе болды, жүрегі соған жылиды да, үйіне алып кетеді. Ол сол кезде Темірхан Медетбековті көрді ме: «мынау деген талантты бала» деп бүкіл редакцияға апарып таныстырып жүреді жетектеп. Шаршамайды, сол кезде шашы ақ бурыл, үлкен кісі. «Ақша бұлт» деген кітабы үшін көпшілік оны ақша бұлтқа теңейтін. Сайын Мұратбековті көрді ме: «мынадай талантты бала келді әдебиетке» деп жетектеп үйіне апарады, қондырады, тамақтандырады, редакцияларға апарады. Ол аяғы ақсап қалған, киіз үйден еңбектеп шығып өлең оқыған Қанипа Бұғыбаеваны көріп: «айналайын» деп әкеліп, госпитальға емдетіп, тұрмысқа ұзатып, өлеңімен, бөпесімен жетектеп редакцияда жүретін. Соғыста қалған солдаттардың өлеңін жинайтын, оның үйінде Абдолла Жұмағалиевтің, Қасым Аманжоловтың суреттері болу керек, әлі қызы күзетіп отыр. Сондай әулиедей қасиетті адамды көрдік. Қазір бар ма сондай адам? Ондай болғанды қазір мазақ етеді, өйткені ондай мейірімнен безіп кеткен. Мариям Хакімжанова деген әйелді көрдік. Не деген ана! Не деген келбет! Не деген ұстамдылық! Сөйтсек, тегі бар дейді екен ғой ондайды. Ыбырай Алтынсариннің тегі екен. Міне, ол кісі қуғын көрсе де өзгермеген, аптықпаған, айдалса да, қасірет шексе де сол ұлттың, сол кездегі адамдардың тілеуін тілеп отыратын өте парасатты адам еді. Бауыржан Момышұлын көрдік. Ол Жазушылар одағына кіріп келе жатқанда ерлік кіріп келе жататын. Жиналысқа кіріп келе жатқанда ұлттың айбары кіріп келе жататын. Шын батырлығы оның келбетінде, мінезінде, бітім-қимылында тұратын. Ол сөйлегенде ұсақ сөз сөйлемес еді, ешкімге бұрылмас еді, шындықты айтқанда алдында кім болса да жалтақтамас еді, көрген шындығын тура айтар еді. Біз соларды көре қалдық қой. Енді біз де азайдық. «Өзі білгіш» ұрпақтың басқа жаққа кетіп бара жатқаны ойландырады.
– Өзіңіз өлеңге алғаш келген кезде ағалық қамқорлық көрдіңіз бе?
– Ол кездің мейірімі айта қаларлық аңыз сияқты. Алғашқы өлеңдерімді оқып, жаңа жылдық «Қазақ әдебиетіне» жариялаған Ғафу Қайырбеков ағамыз. Поэзия бөлімін басқаратын. Өлеңім жарияланғанын білмеймін де. «Өлең жырдың аппақ даласына ақ қояндай талант иесі аяқ басты» депті алғы сөзінде. Сөйтіп үміт артқан ағаның ана сөзінен кейін аппақ далаға қара бояу жағып көр, ағамыз солай бір сөйлеммен үлкен жауапкершілік артты. Содан кейін нашар өлеңді жазбай, жарияламай-ақ қою керек деген ой келді. Міне, сондай ме­йірімді Ғафу Қайырбековтен өзім көрдім. Одан кейін «Қайда жүр бұл қазақтың ақын қызы? Нәзік лирик еді» деп, тұрмысқа шығып алысқа кетіп қалғанымда, Әбдірашит Ахметов деген аудармашы ағам хат жазады. «Ұлдарым бар, сендей қызым болса ғой деп армандаймын» деп жазыпты. Иманды болсын. Жерлесім емес, руласым емес осы кісілер.
– Әдетте алдыңғы буын ке­йінгі буынның көзқарастарын қабылдамай жатады ғой, жаңаша қалып тапқан бүгінгі әдебиетті жатырқайсыз ба?
– Жаңашылдыққа қарсылығым жоқ, жақсы келе жатқан жастар үшін қуанамын. Бірақ әдебиетті дамыту үшін оның ұлттық өзегінен алыстамау керек, бүгінде ұйқасы жоқ өлеңді керемет деп есептейді, шетелдің әдебиетінен тауып алған бірдеңемен жаңалық аштым дейді, жаңалық – ағалар қалдырып кеткен ескіні қайтадан тану дер едім мен. Қобыландының Құртқасының қандай жар болғанын қайта оқысақ, соның өзімен де есейер едік, ал біз валентин күніндегі махаббатты үлгі етіп отыр­мыз. Әр шөптің тамыры өзіне ғана нәр беретіні секілді ұлттың тамыры өзіне ғана керек. Қазіргі әдебиет, қазіргі поэзияны жоққа шығаруға болмайды, бірақ барлығы араласып кетті. Таңғалдырам деп бір әнді ана жақ, мына жақтан сапырып, бір-бірін будандастырып айтатыны сияқты сөзді де, әдебиетті де, сюжетті де солай, басқа бір елдің кейіпкерін, бөтеннің өнегесін қазақ әдебиетіне кіргізіп жаңалық іздегендер осындай бағытқа кетті. Қай кезде де әр ұлттың өз ерекшелігі болмағанда ол қойыртпақтан құралады, мүмкін, бір кино, драматургия не повесть «осы күннің тақырыбы екен, керемет екен» деген баға алар, бірақ оған даланың келбеті, жусанның иісі, төрдегі қара шалы, ананың мейірімі мен сағынышы араласпаса ұлттық әдебиет болмайды. Абайды аударуға да келе алмай тұрмыз, оны ұлттық тамырда өскендер ғана аудару керек. Біздің әдебиеттің әлемге кіре алмай тұрғаны сол деп ойлаймын.
– Есенғали ақын соңғы жылдары Орал жаққа жиі барып жүретін, апалы-інілі болып сыйластыңыздар. Ақын қайтыс болғанда әлеуметтік желіден: «Есенғали қарапайым ақын болмай, әкім болғанда ауруханада оған басқаша қарар еді» деген сыңайдағы пікіріңізді оқыдым. Бұл жазмыш десек те, күйінішіңіз байқалды…
– Ақынның өмірден кетуі – мен үшін орны толмайтын өкініш. Мысалы, Қадыр Мырзалиевтің кетуі, Әбіш Кекілбаевтың, Фаризаның, кешегі Есенғалидың, Қабдештің кетуі… Адам өзінің асыл түймесін жоғалтса да іші удай ашымай ма, біз бүтін ұлттың «асыл түймелерін» жоғалттық. Өмір заңы десек те… олар тек бір әдебиеттің өкілі, бірнеше кітаптың авторы емес еді. Ұлттың ары еді. Есенғали қарапайым ғой, дәрігерлер оған қарамады… Есенғалидың кетуі – қоғамдағы ақынға деген көзқарастың айқын көрінісі. Егер әкім ауырып қалса, ол жерде дәрігерлерден күзет тұрар еді, жалма-жан жиналып, қарап, бір-біріне табыстап… ал Есенғалиды оқымағандар оның ақын екенін, не айтқанын білмейді, мен соған қатты өкіндім… Оның бір шумағының өзі байлық еді ғой! Біз ақынды өлең оқымаудың кесірінен өлтіріп алған сияқтымыз. Орны толмайтын қаза… Енді оны шығарып салу мәселесі бар емес пе, басқа жерге жиынға баруға қорықпағандар Есенғалиды шығарып салуға бару керек еді, Есенғалиды қалай дегенде де үлкен бір орыннан, театрдан ба шығарып, күңіреніп жоқтау керек еді, ол осы ұрпақтың есінде қалуы керек еді, халық кімін жоғалтқанын сезінуі керек еді. Біз өлімнің бәрін тегістеп, өлімнің бәрін бір деңгейге қойып тастадық, бізге қазір жақсы көрген күшіктің өлімі, ақынның өлімі, бәрі бір түкке тұрмайтын нәрсе сияқты көрініп, адамзатты соған көндігуге үйретіп жатыр, бара-бара жоқтамауға үйренеміз. Осылай қадірлеу, қастерлеу деген сөзді ұмытады жұрт. «Е, өліпті ғой, көміпті ғой» деп жүре береді. Бұлай болмау керек, біз адамбыз. Тіпті ақынның денесін өртегеннің өзінде жоқтап тұрып өртеп, күңіреніп көму керек. Ақынын, батырын жоқтамаған ел – ел болмайды.
– Соңғы кездегі жағдай ақын-жазушыларға қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?
– Ақын-жазушының шығармашылығына әсері мынада – қазір үрей бар, үрей туған жерде қажырлы сөздер айтайын десең де оны ұғатын жан аз. Одан бөлек, қазір аристофобия деген термин бар. Адамзат азған кезде өзінен ақылды адамды жек көреді. Қазір бір адам дұрыс сөз айтса: «мынау дұрыс айтты» демейміз, қоғамда осындай ауру жүріп жатыр. «Мен өзім білемін» деген білместің төрге шыққан кезеңі болып тұр. Қазақ сөзін оқымағандықтан, тілін білмегендіктен «құл жиналып бас болмас, құм жиналып тас болмас» деген қарапайым сөзді түсінетін адам азайды, әрбір құм түйіршігі «мен асыл тас болам» дейді, осының барлығын, тойымсыздықты, қанағатсыздықты жаңарумен қосып қабылдап алдық та, табиғи тепе-теңдікті бұздық.
– Менің редакциядағы әріптес­терім: «ақыннан Төлеген Айбергеновтің «Көк қаршыға» өлеңінің тарихын сұрарсың» деп тапсырған еді. Енді осы туралы айтып берсеңіз.
– Біз де жас болдық, бұрымды өрген, ақ көйлек киген қыздар едік. Ұлттың қызының намысын ұстаймыз деп тыраштанып өстік. Алматының студенттер ортасында ақын қыз ретінде танылып жүрген кезім. Жиын-тойларда шумақ өлеңдермен қағып тастайтынбыз. Институтты бітірер кез, Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепке барып практика өтіп жатырмыз, сол кезде Тәшкен айналып, Қарақалпақстаннан сағыныш өлеңдерін жазып, «Елім, қайдасың, сағындым Қазақстанды» деп Төлеген Айбергенов деген ақын келді. Ол ақын Алматыдан пәтер таппай, арзан әрі қазақтар тұрады деп ­бала-шағасымен Қаскелеңге келеді. Студенттер өлеңге құштар, ақынның өлеңін жаттайды. Оқырман Төлегенге бірден елең ете қалды. «Қасымнан кейін мынадай ақын келді» десті. Лапылдаған от ақын, жалыны ішіне сыймайды, көшеде кетіп бара жатсақ, тасқа шығып өлең оқып тұр екен. Су тасығанда келген үлкен қой тастар болатын, соның үстіне шығып алған. Қасында студенттер. Біз қыздар топ болып өтіп барамыз, «қыздар, өлең тыңдаңдар, келіңдер» десе, біз бұрылмаймыз. Өлеңімді тыңдамай кетті деп намысына тиген ғой, біреулер «ортада кетіп бара жатқан шашы ұзын қыз өлең жазады, ЖенПИ-де оқиды» деген, келесі аптада концерт дайындап жатсақ, шашы бұйра, арық, Ташкенттің күніне күйген қара жігіт келіп тұр, мен де өлең оқиын десін:
Сен маған душар болдың,
батқанда бақтар сырға,
Мен саған сусар болдым,
қатқанда қақтар шыңға,
Деміме мынау алқынған,
сен енді тоқтарсың ба,
Оралып кеттің алдымнан,
Оралдан ұшқан көк қаршыға.
Жүрсің сен жанарымда,
жолы боп басқа өлеңнің,
Тастары табаныңда, жарқылдап
Қаскелеңнің.
Мен сені көп іздегем, әнді арман,
ариялы арман,
Сабылып шартараптан, бұраң бел дариялардан… – деп жаңағы өлеңді құйсын. Қыздар шу ете қалды, «мына өлең саған арналған, жауап бер, тұр!» деп. Қағынып тұрған кезіміз, үндемей кететін мен емес, ондай мінезім жоқ, асау кезім, шықтым да оқыдым:
Жырыңа қанбайтынмын,
ауатын назарым көп,
Мен сені ойлайтынмын,
жастықтың базары деп.
Мен сені ойлайтынмын,
таусылмас жыр-ән ғой деп,
Төменге қонбайтұғын тәкаппар
қыран ғой деп.
Жалынның барлығына күймес
деп ойлайтынмын,
Саусағы әр бұрымға тимес деп
ойлайтынмын…
Алмастың жүзі деп ем, ақынның
өткірлігі,
Қыз көрсе қызығатын, болдың ба көптің бірі? – деп салдым ғой, ­экспромт өлеңге студенттер шу-шу етті.
Бұл жерде сырттан тон пішіп ғашық болыпты деу артық, ол кезде оның жары, балалары бар. Кейін Қарақалпақстанға кетіп бара жатқан соңғы сапарында көрдім, «Қазақ әдебиетінде» отырған кезімде сол бөлмеге келіп, перзентханадағы ­Үрнисамен біздің телефоннан сөйлесті. Егіз қызы дүниеге келді, егіз қызын, өкінішке қарай, Төлеген көрген жоқ. Отыз-ақ жаста еді, Қарақалпақстанға сапарынан оралмады, отыздағы жігіт неге қайтыс болады, неге тез кетті – мен үшін жұмбақ. Лапылдап жанған ерекше талант еді… Қанша ақын Айбергенов стилінде өлең жазды. Кейін барып ағаларымыз да жарқ еткен найзағайдай із тастап кеткен ақыннан айырылып қалғанын бір-ақ білді, аянышты тағдыр…
– Рахымжан ағамыздың «Американың ұлттық байлығы» деген әңгімесінде кейіпкердің: «Шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын, мен сонда Қазақстанның кімімін?» деп мұңаятыны бар еді. Қалай болғанда да руханияттан алыстаған елдің ұлттық байлық туралы түсінігі де өзгерері анық. Осыған қатысты не дейсіз? Біз прагматик ұлтқа айналып барамыз ба, әлде…
– Менің ұғымымда ақын-жазушы, өнер адамдары – ұлттың байлығы. Сәнді сарай салдырып беріп, ішіне көргенсіз бала кіргізсең, ол оның бәрін сындырып тастайды, керемет бақша сал, көргенсіз бала оны таптап тастайды, содан сақтану үшін рухани байлық пен оны жасайтын ақын, жазушы, суретші, музыкант керек. Ұлттың осы байлығына біз қалай қарап отырмыз? Ақынды ақшалылар той өткізуші деп, жазушыны жұмсап ақша беріп баяндама жазатын адамдар деп қабылдайды. Олардан тым болмаса өзіміз оқымаған кітап туралы сұрайық демейтін болды. Головкиннің қолғабы 55 миллион теңгеге сатылды, ал ақын мен жазушының кітабы өтпейді, сөзі құнсыз. Құндылықтардың осынша өзгергенінен бас айналады. Рухани түсінігіміз төмендеп кетті, бұрын тап осындай емес еді. Өнер мен талантқа деген көзқарасының төмендігі қоғамның өзінің өресінің төмендеуіне әкелді. Театрды салтанатты қылып тұрғызғанмен, оған барып жатқандар аз. Ал шынында ұлтымыз бұдан қиын кезде де руханиятын, өз болмысын жоғалтпаған. Біз жалаңаяқ табанымызбен жерді басқан, дала өзеніне жуынған даланың ұрпағы – даланың отан екенін сезініп өскен ұрпақ едік, соғыстан кейін аштық, жоқтық, қиындық көріп отырғанның өзінде ата-бабаларымыз рухани дүниені жоғалтпап еді. Оны ана тілімен, ауыз әдебиетімен, батырлар жырымен әкелді. Біз оның бәрін тәрк етіп, табиғатқа қарсы шыға бастадық, қыздарымыз бала тумаймын дегенді айтып отыр, осыдан келіп табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдік бұзылды. Табиғат пен үндестік бұзылған кезде бәрі бұзылды. Оның бұзылуы мейірімнің азаюынан көрінеді, айтшы, қай кезде анасы баласын қоқысқа лақтырып еді? Біз баласын желкесінен тістеп жүгіріп жүрген мысықты, балапанын қорғап жүрген қарлығашты көрдік қой, осы болып жатқанның бәрі – Тәңірдің құдіреті, табиғаттың ісі, мейлі біреу ойлап шығарды десек те, адамдар пейілінен тауып жатқан нәрсе. Адам адамға мейірленіп бұрылса, бұл қатерден де өтерміз деп ойлаймын…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =