Ақұштап ақынмен кездесті

0 79

Тұран Астана университетінде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереевамен әсерлі кездесу өтті.

Университет проректоры Ғайнелғазы Әділғазинов кіріспе сөзінде «Мағыналы да тарихи кеш, ертеңге аңыз болар кездесу болғалы тұр» деп айтып өткендей, осы кеште ғибратты әңгіме мен сыршыл да сезімтал жыр кезегімен төгілді. Ақын өзінің өлеңдерін оқи отырып, қыз тәрбиесі, ұрпақ міндеті, ұлт намысы туралы салмақты әңгімелер айтты.
– Бізде қазір баланы жалғызілікті адамдар тәрбиелейді, сондықтан кейде олай-бұлай сөйлеудің өзінен қаймығып отырамыз. Бірақ әкеге тартып туған, әкеге қарап өскен баланың еңсесі тік болады. Отбасын құндылық деп ұғып, некені барынша сақтау керек. Қытайдың санының көп болуы және кейбір саладан бізден мықты болуы – олардың Конфуцийдің іліміне сүйенуіне байланысты екен. «Адамзат бабасының жасағанын – атасы, оның жасағанын әкесі, одан баласы жалғап отырса, үзбесе, сол кезде ғана ұлылық болады» дейді екен. Ал бізде бәрі үзіліп қалды. Біз әкенің орнын биіктетуіміз керек, «әкеңе айтам», «әкеңді тыңда» деген ұлағатты жоғалтып алдық, – деді ақын.
Желтоқсан оқиғасы, оның ұлт жадына өшпес таңба, жазылмас жара салғанын, Жұбан ақынның Колбинге қаймықпай қарсы сөйлеген қайраткерлігі жайында өте әсерлі әңгіме айтып, өзінің «Желтоқсан» атты шығармасын оқыды. Өз кезегінде университет студенттері мен магистранттары да ақынға деген құрмет сезімдерін өз өнерлері арқылы білдірді.
Ерлан Аманқожа шынайы құрмет сезімнен туған жырын арнаса, Шәкизат Наурызбаева ақынның сөзіне жазылған «Мен сені ойлайтынмын» әнін шырқады. Сондай-ақ Ризабек Нүсіпбекұлы «Ақ шыңдар» өлеңін, Еламан Сарқыт пен Жұпар Қосай өз өлеңдерін оқыды.

Гүлназ ТӨКЕНҚЫЗЫ,
Ф.ғ.к., Тұран Астана университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 9 =