Ақұштап ақын аспаны

0 1  718

акуштап апай 2

Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі қазақтың талай тұлғасымен жүздесіп, тағылымды кештер өткізді.
Өрімтал жастар үшін сондай бір өнегелі кештің бірі – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, “Құрмет” ордені мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Ақұштап Бақтыгереевамен дидарласу болды.

Мәдени шара соңында астаналық бір зиялы жанымызға келіп: «Айналайындар, сендер бүгін Ақұштап ақынның жырымен елорданы нұрға бөледіңдер ғой. Мені бұл кешке алып келген – студент немерем. Кәусардай таза өлең жастарға да, жасамыстарға да керек. Өркендерің өссін!» деп бата бергенде өзім де сол әсерден айыға алмай тұрғанымды несіне жасырайын.

Ақұштап апамыз арқалы ақын екен. Отырған орнынан атып тұрып өлеңдерін жатқа оқығанда, жыр сүйер қауымды өзіне бірден тартып әкетті. Бірде:
Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен,
Шындықты жақтап
жүретіндермен,
Сыйластық сырын білетіндермен,
танысқым келеді менің.

Жаманға жағынбайтындармен,
Жоқтыққа тарылмайтындармен,
Арманнан арылмайтындармен,
табысқым келеді менің.

Жанары мөлдірегендермен,
Жүрегі елжірегендермен,
Үмітке сендіре білетіндермен
достасқым келеді менің.

Мұң-қайғы жеңбейтіндермен,
Өсекке сенбейтіндермен
Наданға ермейтіндермен
бас қосқым келеді менің, –
деп шабыттың асқарына шықса, енді бірде:
Сенбе, дос, өз сертінде тұрмағанға,
Махаббат жалған десе, бұл жалғанда,
Махаббат болмаса егер, дала кезіп
Мәжнүн Ләйлісі үшін жынданар ма?

Махаббат теңеу емес өлеңдегі,
Емес ол аңыз болған елге ертегі,
Махаббат болмаса егер,
зарлап Жібек,
Қозы үшін сұлу Баян өлер ме еді, –

деп ағынан жарылып, жастармен ой бөлісті.

Ақынның әрбір жыры, әрбір сөзі шынайы, табиғи шығып жатты. Тіпті, кеш иесі мен көрермен арасында шек-шекара жойылып, рухани тұтасқан әлемді байқадық.

Ақұштап апамыз өзінің Оралда туып, Алматыда өсіп-өнгенін, кейіннен кіндік қаны тамған өңірге барып, жұртқа ұйытқы, жастарға үлгі болсам деген ниетін жүзеге асырғанын, уақыт өте келе еңбек нәтижесін бере бастағанын, бұл жолда небір қиыншылықтар кездескенін ашына айтқанда, мен де Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеген жылдарымды еріксіз еске алдым. Алматы мен Астанада тұрып қызмет істеген адамға провин­циалды түсінік ұғым деңгейі, мінез құлқы сенің айтқаныңды ұқпайтын, әр әкім-қараның аузына қараумен «ләпбайлап», өзінің қарсы пікірін айтса, «қоғамға жақпайтынын» көзім көрді. Бұрынғы әкімнің шақырған адамдарына қырын қарап, өз командасын жинақтап жап-жақсы қызмет істеп жатқандарды қиянат жасап орнынан алу, тіпті, жалған жала жаптырып қуғындау, «әкім ауысса, ақыл ауысатынын» көзіммен көріп қайтқаным жадымда жаңғырды. Қайран Ақұштап ақынның да елінде жүргенімен ойы алаң екенін, тіпті, кейде ел еркесі кең дүниеге сыймай кететінін ішім сезді. Залдан қойылған өткір де ащы сұрақтарға ашық айтқан сөздері оның ақиқатшыл ақын екеніне жұрттың көзін жеткізе түсті. Аққу-қазы қалқыған, бұрын арнасынан асып жататын қайран Жайықтың тартылып бара жатқанын Каспийге құятын сағасын құм басып бара жат­қанын, балықтардың өзен бойлап жүзе алмайтынын аралдағы полигонмен күн санап ластанып бара жатқан экологияның кесірі екенін ашына айтты. Қазақтың ғасырлар бойы бастан кешкен қиыншылықтарын тізбелей келе, қазіргі жастардың на­мыссыздықтарын сынға алды.

«Сөздерінің көбі басқа тілде, қолда – сыра, ауызда – темекі, кіндік белдері ашылып, өзге ұлт өкілдерінің қолтығында кеткен сіңлілерімнің болашағы толғандырады.
Гүлсімді – Гуля, Сәулені – Света, Алтынды – Аня, Сағындықты-Саня, Сүлейменді – Сеня деп атайды бір-бірін. «Бұларың болмайды ғой» де­сең, «Ну и что? Это – наше дело» дейді.

Елде, міне, осындай ұлтсыздықпен, рухсыздықпен күресіп жүрмін» деді Ақұштап ақын күрсіне.

Қанаттас, сырлас, қаламдас досы болған Фариза Оңғарсынованы қайтпас сапарға күллі қазақ қимай шығарып салғанда, арнайы елден келіп топырақ салғанын, өмірде көрген небір естеліктерін айтып, ақын қыздарға үлгі ретінде өлмес өлең жазған өжет те өр мінезді ардақты поэзия падишасына бағышталған арнау өлең оқыды. «Сен ақын да болдың, ұрпақ өрбіткен қатын да болдың. Бұл да – қазақ анасына тән қасиет» деген болжамын мысалға келтірді. Астанадағы іргелі оқу орнының соңғы кездерде жетістіктерге жетіп, жан-жақтан білікті ғалымдарды жи­нақтап, әсіресе, жастарға ақын-жазушылар мен өнер иелерін таныс­тырып, қанаттандыра септігін тигізу мақсатында университет ректоры Ерлан Бәтташұлының «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестік құрғаны басқаларға ой салатындай дүние еке­нін айта келе. «Көп естігеннен бір көрген артық» дейді, соны бүгін өз көзіммен көріп тұрмын» деді.

«Бесік тербетіп жүріп өлең жазам» деген Ақұштап ақын туралы сіңлісі Маржан Ершуова академик Зейнолла Қабдоловтың «Орал десе көз алдыма Қыз-Жібек, Мәншүк, Ақұштап келеді» деген сөзін еске алып, ұлттық ізетпен қолына алтын білезік тақты. Қаламгер Айбатыр Сейтақ ақынға арнау өлеңін оқыса, талантты жазушы Айгүл Кемелбаева кемел ой айтып, ұлт, тіл, дін, рух дегенде «А.Бақтыгерееваның жасандылығы жоғын» баса айтты. Астананың бас ақыны атанып кеткен Серік Тұрғынбекұлы Алматыда өткен шығармашылық өмірлерін көз алдына келтіре еске алып, «Жайсаң қызы қазақтың» деп жыр нөсерін төкті.

Жазушы, драматург, қоғам қай­рат­кері Алтыншаш Жағанова қыздар поэзиясының туын биік ұстаған, талант пен табиғилықты қадір тұт­қан Фариза мен Ақұштап туралы өзіне тән сөз сөйлеу мәнерімен майын та­мыза әңгіме айтты. Ақмола ұлт­шыл­да­ры­ның бірі атанған ар­дақты ақсақал, са­тирик жазушы Табыл Құлыяс ақын қарындасының ел мен жер тағды­рына қатысты айтқандарына толық қо­­­сылатынын айтып, «Шіркін, ұлт зия­­лылары дәл осы Ақұштаптай болар ма еді!» деген ақ-адал көңілін жеткізді.

Ақынның шығармашылығының тырнақалдысы – «Керімсал» жыр жинағынан бастап бүгінгі күнге дейін бар жазғанын зерттеп-зерделеп жүрген ақын, сыншы Жұмаш Сомжүрек қазақ қыздары поэзия­­сында махаббат лирикасын Ақ­ұштап Бақтыгереева қалып­тас­тыр­ғанын жан-жақты дәлелдеп, тұ­жы­рымдамалы ойларын баяндады.

Өзім әрі кешті жүргізуші, әрі ха­лық пен ақынның арасында рухани дәнекер болғандықтан, ақынның «Ой түйінділері» атты тамаша кітабынан үзінділер оқып бердім.
Ой түйінділері – турасын айтсақ, ақынның ғана пайымы емес, ха­лықтың талғамы мен таңдауынан өткен ха­лықтың пайымы дерлік дүниелер деп білеміз. Дәлірек байып­тасақ, ақын Ақұштап халық сөзін сөйлеп, халық ойын айтады.

Мысал керек пе – сіздер де оқыңыздар.

«Бақ қонды …
Ол жер басып жаяу жүрем деп ойлаған жоқ. Бағыныштылары есігін ашып берген машинаға сызданып әзер отыратын. Бақ тайды … Енді көшеде бүгежектеп жаяу кетіп барады»…

«Ол сырт көзге тәкаппар көрінеді. Өзінен лауазымы жоғары, ісі түсетін адам көрсе, әп-сәтте маймылға айналып жүре береді. Әйелі де түлкі күлкіні меңгерген. «Апама жездем сай» дейді халық. «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» Абай айтқан осындайлар. Бірақ байып тұр»…

«Құдай жоқ деп атеизм сабағын алған коммунистік заманының басшысы Мұхит Мералиевтің 150 жылдық тойын өткізуге жауапты болған-ды. Әр елден келген ақын, әншілердің баба бейітіне бет сипауына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Уақыт өтті. Енді өзі немересінің бейітіне құран оқитын болды. Таланттың киесі барын әлі де ұқпай жүргендер бар-ау»…

«Кез келген адам айта алмайтын, кез келген пенде көтере алмайтын ең ауыр жүк – шындық. Оның бетіне тіке қарау үшін батырдың жүрегі қажет. Сан ұрпақ бар ғасырда жете алмайтын ең биік шың да – сол шындық шығар деп ойлаймын»…

Әрине, мұндай үзіндіні көптеп келтіруге болады.

Мәдени шара бір деммен басталып, бір деммен аяқталды. Кеш соңына қарай Гүлім Мұратқызы: «Мен – сіздің жырларынызды жаттап өскен жастардың бірімін. Бүгін өзіңізбен жүзбе-жүз, көзбе-көз бірін­ші рет кездесіп отырғаныма шек­сіз қуаныштымын. Сіз – алдыңғы ға­сыр­дың қызы болсаңыз, бүгінгі ға­сырдың абызысыз. Зор рахмет, ақын апай!» деп студенттер қауы­мының атынан алғысын білдірді.

Кеш соңында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университет ұжымы атынан сонау Оралдан ат терлетіп келген халықшыл, қайраткер ақын Ақұштапқа ризашылығын біл­діріп, ардақты зиялылар мен қай­рат­­кер­лерді халық алдына орайлы шы­ғарып жүрген «Кәусар» бір­лес­тігіне алғысын айтты.

Сонымен бірге қарашаңырақ басшысы биыл тәуекел деп жыр жинағын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған ақынға «Еңбегіңіз бәйгеден озып, жұртшылықты қуантсын. Ақынның бағасын халық береді. Сіздің бәсіңіз бен бағаңызды халқыңыз бұрын-ақ беріп қойған» деп тілек айтты.

Біз өз тарапымыздан «Ақжайық­тың ақшағаласы» атанған ақынның елордада да, елде де қадір-қасиеті аза­маттық ұстанымына, адамшылық келбетіне қарап әрқашан арта бере­тініне сенім білдірдік.

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 5 =