Мәдениет

Ақұштап әлемін әспеттеді

Кеше Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 көпшілік кітапханасында көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Ақ желкен ақ шағала» атты өнер сағаты өтті.

Академик Зейнолла Қабдолов «Мен Оралды үш қызы арқылы таниды екенмін. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батыр Мәншүк, үшіншісі – өз мінезі, ақындық үні бар Ақұштап арқылы» деген екен. Ал Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы «Ақұштап Бақтыгереева әйелдерді емес, әйелдікті жырлайды, әйелдерді емес, әйелдікті қорғайды. Сол үшін де әйелді әйел етіп тұрған нәзіктікті дәріптейді» деп баға берді.

Өнер сағатына қатысқан №93 мектеп-лицейдің 3-6-сынып оқушыларына ақынның өмірбаяны, шығармашылығы таныстырылып, сұхбатынан үзінді көрсетілді. Балалар Ақұштап Бақтыгерееваның туған жер, ана, әже туралы өлеңдерін оқыды. Оның өлеңіне жазылған «Мәншүк» әнін Абдурохман Жакудаев деген оқушы шырқады. Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» атты күйін тағы бір оқушы Марал Махмұт күмбірлетті.

№6 көпшілік кітапхананың басшысы Раушан Серікбаева өнер сағатына атсалысып, балаларды дайындаған №93 мектеп-лицей мұғалімі Мөлдір Тоқтарқызына және өнерлі оқушыларға Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаеваның атынан алғыс хаттар тапсырды. Көрермен ретінде қатысқан қала тұрғыны, ақ жаулықты әже Жамбыл Ауғанбайқызы балалардың өнеріне риза болып, батасын берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button