«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақтоғай – алаштың кіші отаны

0 757

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» депті бабаларымыз. Алашқа есімі мәшһүр Қарамеңді, Жидебай, Сана, Шабанбай, Жалаңтөс секілді би-шешен, батыр-баһадүрлер ел бірлігін ту еткен, Әлихан, Әлімхан, Ақбайдың Жақыбы тәрізді Алаштың көсемдері дүниеге келіп, кіндігін кескен, Күләш, Манарбек, Әсет, Шашубайдай бұлбұл үнді әншілер, Нарманбет пен Жазықтай дүлдүл ақындар, Аққыз бен Мағауиядай бармағынан бал тамған күйшілер шыққан Ақтоғай ауданы өзінің 90 жылдығын дүркіретіп тойлады. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы өз мақаласында туған жерге, оның салт-дәстүрлеріне, мәдениетіне қал-қадерінше үлес қосу – шынайы патриотизмнің көрінісінің бірі екенін қадап айтқан болатын.

«Сарыарқаның төсінде,
отты бел де,
Тұрып талай дауылдар,
соқты жел де.
Әлихан мен Әлімхан,
Жақып туып,
Бір еңкейткен секілді көкті жерге» деп Ақтоғайдан шыққан көрнекті ақын Дәуітәлі Стамбекұлы жыр­лағандай, Алаш­тың Ақтоғайы – та­рихы ғаламат бай өлке. Тарлан тарихынан тағылым алған, өткенін жаңғыртып, өшке­нін жандырған киелі жердің бү­гінгі ұрпақтары Тоқырауынның жағасында сауын айтып, той жасады. Даладай дархандығымен, ерен еңбекқорлығымен ежелден ел бола білген өркенді өңір ақсақалдарын ардақтап, жастарына өнеге көрсетті. Бір қуанарлығы, Бәйгетөбедегі той-думан ұлттық өнердің, спорттың, мәдениеттің тойына айналды. Шатыршаның баурайынан аспанға көтерілген әсем ән мен тәтті күй шартарапқа тарап жатты. Есімі әлемге әйгілі «Тоқырауын толқындары» халық ән-би ансамблінің мерекелік концертін жиылған жұрт тік тұрып тамашалады. Қазақша күрес, қой көтеру, тай жарысы, аламан бәйгенің қызығына батқан ел ата дәстүрімен қайта қауышты.
Тоқсан жылдық тойдың көп жаңалығына куә болдық. Соның бірі – аудан орталығына кіребе­р­істе бой көтерген «Домбыра» мону­менті. Металдан құйылған 12 метрлік монумент алыстан менмұндалап тұр. Бұл – Арқаның Ақтоғайының өнерлі, әнші ел екенін ғана емес, қазақтың рухы домбырамен үндестігін айғақтайтын сәулет туындысы. Көре білген адамға монументтің өзі осы тойдан ұлағат ал деп меңзеп тұрғандай.
«Домбыра бұл ауылдың әнші, өнерпаз екендігін айғақтайды. Оның орнына мылтық қойса, ыңғайсыз болар еді. Домбыраның өзі келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Жас­тарымыз осыны жете түсінуі керек. Той дегенде ас ішіп, аяқ босатып, жай басқосу ғана емес, ұлағат алуы тиіс» дейді Ақтоғай ауданының тарихын зерделеп жүрген Тұңғышбай Мұқан ағамыз. Оның пікірінше, Ақтоғайды Алаштың кіші отаны, кіші астанасы деп атауымыз керек. Тойдың үлкен ғибраты осында. «Алаштың үш бірдей арысы осы топырақта туған. Таңғаларлығы, геог­ра­фиялық орналасуына қара­сақ, үш қайраткердің туған ауылы бір түзіктің бойында жатыр. Арақашықтығы 30-35 шақырым жер. Желтау деген жерде Әлихан Бөкейхан, Бөріктаста Әлімхан Ермеков, Төңіректаста Ақбайдың Жақыбы туған. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 99 қазақтың екеуі – ақтоғайлық. Ақтоғайдан екі бірдей КСРО халық әртісі, төрт бірдей Мемлекеттік сыйлықтың иегері шыққан. Бұл – тарихтың тек Ақтоғайға емес, қазаққа берген байлығы. Бүгінгі ұрпағымыз туған жердің әсем табиғатымен, тарихымен ғана емес, ұлы тұлғаларымен мақтануы қажет деп білемін» деді ол тойға қатысты ой-пікірімен бөлісіп. Айтпақшы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның жетек­шілігімен құрастырылған «Ақ­тоғай ауданы» атты 614 беттік энциклопедия тойға тамаша тарту болды.
Ақтоғайлық абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбыраймен тойдың тамашасын бірге қызықтадық. Оның айтуынша, ауданның кіреберісінің бір жағында домбыра, екінші жағында Алаш арыстарының алып ескерткіші тұруы тиіс. «Алаш арыстарының алып ескерткішін ауданның 100 жылдық тойының қарсаңында тұрғызу керек. Сырттан кіріп келе жатқан әр адам Алаштың кіші отанына келгенін ескерткіштен көрер еді. Алаштың тоғыз тармақтан тұратын ата заңын тасқа қашап жазып қойсақ, тіптен ғажап болар еді. Жас ұрпақтың алашшыл, саналы, өрелі болып өсуіне, тарихтан тағылым алуына ондай ескерткіштің ма­ңызы аса зор» дейді С.Ыбырай.
Алаштың айтөбел ақыны Жеңіс Қашқыновтай тектінің тұяғы – Ернат Қашқынов. Ернат туған жердің тойына қомақты үлес қосты. Ол туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті, салауатты өмір салтын насихаттауды сөзбен емес, іспен көрсетіп, ел өміріндегі екі айтулы оқиға – Астананың 20 жылдығы мен Алаштың Ақтоғайы­ның 90 жылдығына орай арнайы велошеру ұйымдастырды (бұл туралы «Астана ақшамы­нда» «Елжанды Ернаттың тартуы» деген мақала жазған едік). 4 қыркүйекте Ернат бастаған «Астана-Ақтоғай» велошеруіне қатысушылар елордамыздың төріндегі «Қазақ Елі» монументінен жолға шықты. Велошерушілер өз сапарын 7 қыр­күйекте Ақтоғайдың тө­ріндегі «Алаш» алаңында аяқтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды