АҚСYЙЕК ОЙНАП, АЛТЫБАҚАН ТЕРБЕТТІ

0 123

 Иә, елорданың төрiнде, жарты ғасырдан аса тарихы бар Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнiң ауласында, астаналық жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан тептi. Жұлдыздармен сырласып, көңiл көкжиегiндегi нәзiк сезiмнiң қылын шертiстi. Шын махаббаттың тұнығын лайламауға серттесiп, бiр-бiрлерiн Қозы мен Баяндай қадiрлеуге уағдаласты. Олай болатын жөнi де бар…


15 сәуiр – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнi. Бейресми бұл мере­кенi қазақ жастары бiрнеше жыл­дан берi ескерусiз қалдырмауда. Бiр-бiрiне деген шынайы махаб­батын растап, ұлықтап, паш етiп, тарихта есiмдерiн өшпестей қал­дырған қос ғашықтың күнiн елор­далық жастар да шат-шадыман көңiл-күйде атап өттi. Ымырт түсе С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетiнiң алдында жиналған 2 мыңға жуық қыз-жiгiттер оқу орны ұйым­дас­тырған мерекелiк кештi тама­шалады.
Ағымдағы жылы 55 жылдық мерейтойын атап өтетiн универ­ситет алдына қос киiз үй тiгiлiп, ал­ты­бақан құрылды. Ұлттық на­қышта киiнген бозбала мен бой­жет­кендер бiр-бiрiне тәттi сыр­ларын айтып, әсем ән әуенiмен тер­беле биледi. Жазиралы дала төсiн­дегi жазғы жайлауды еске түсiрген бұл сәт қол ұстасқан ғашықтарға ға­ламат күй сыйлаған. Олардың сыңғырлай шыққан күлкiсi, сы­быр­ласа айтқан сырлары Сары­арқаның түнгi самалымен баршаға мәлiм бола бергендей…
Жарасымды жұптарды құттық­тауға келген оқу орнының ректоры Ақылбек Күрiшбаев ақтарыла сөй­леп, ұлттық нақыштағы кешке риза­шылығын бiлдiрдi. «Бiздiң уни­верситеттiң жастары, сту­дент­терi қазақ елiне мұра болатын үлкен салт-дәстүрлердi жаңғыр­тып, насихаттау жолында жүр. Бұл – үлкен мағынасы бар, ұлт жас­тарына рух, патриоттық сезiм бе­ретiн еңбек. Сендердi бiз мақтан етемiз. Бүгiн Қыз Жiбек пен Төле­гендi, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды еске алып, махаббат күнiн атап өтемiз. Ғашықтар күнi құтты болсын»,- деп тiлегiн жеткiздi ол.
Одан әрi А.Күрiшбаев студент­тердiң сұрауымен жалындаған жас­тық шағында жүрегiн жаулаған ару­ларды еске түсiрдi. «Маған ма­хаббат сезiмi алғаш рет сегiзiншi сыныпта келдi. Ол кезде ауылда тұ­рамыз. Бiр күндерi ауылымызға Ал­матыдан, бiзге көршi болып мек­тептiң оқу iсi жөнiндегi мең­герушiсi көшiп келдi. Соның қы­зын ұнатып қалдым. Талай жылдар бойы оның сөмкесiн тасып, бағыма таласқан талай ұлмен төбе­лес­кенмiн»,-деп баяндап өттi. Ал екiн­шi махаббат оқу орны басшысына 20 жасында, үшiншi курста оқып жүрген кезiнде келген екен. «Бiр күнi экономика факультетiнiң қыз­дарына бардық. Ол кезде бүгiнгiдей «Қыз сыны» емес, «А ну-ка, девуш­ки!» деген байқау болатын. Осы байқауда жеңiске жеткен әлгi фа­культетте оқитын аруды ұнатып қал­дым. Ақырында, сол қызға үйлендiм. Үйдегi жеңгелерiңiзбен отауласқанымызға биыл бұйыртса, отыз жыл болады»,-деп ашық-жарқын әңгiмеледi ол.

 

 

 

 

 

 

 

 

Студенттiк шағында осы универ­ситетте танысып, шаңырақ көтер­ген, кешегi студент – бүгiнгi ұстаз, ерлi-зайыпты Әшiмовтар өз өмiр жолдарынан сыр шертiп, жастарға өнегелi әңгiмелерiн айтты. Таны­сып, табысқан сәттерiн, қол ұста­сып бақ қыдырысқан бал шақта­рын жеткiздi.
Кеш Ақан серi туралы театр­лан­дырылған көрiнiспен әрлене түстi. Бойды шымырлатқан «Балқадиша» әнi орындалып, елорда түнi ерекше күйге оранды. Артынан жастар ақсүйек ой­нады. Ойын барысында сезiм­дерiн бiлдiрiп, серттескен жас­тарға «Астана ақшамы» газе­тiнiң редак­циясы атынан сый-сияпат берiлдi. Мереке соңы би кешiне ұласты.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + nineteen =