Ақшаңызды қалай аласыз?

0 20

Бүгінде Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кеткен бұрынғы отандастарымыздың көпшілігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақ ақшаларын қалай алуға болатындығы мазалайтыны белгілі.«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес ел аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттар ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың БЖЗҚ-дан мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен жинаған қаражатын толық көлемде алуға құқығы бар. Яғни, зейнетақы шотындағы жинақ ақша салымшының меншігі және салымшы өзі немесе мұрагері келіп алғанша Қорда мерзімсіз сақтала береді.
Сондықтан Қазақстаннан шетелге біржола көшетін адам ең алдымен елден кететіндігін растайтын құжаттарды рәсімдеп алуы тиіс. Содан кейін барып, Қазақстан азаматтығынан бас тартуға болады. Бұдан соң, белгілі бір мерзімнен кейін шетелдік паспортты алған соң, жинақ ақшасын алу үшін БЖЗҚ-ға келіп өтініш жасай алады.
Бұл не үшін керек? Бұл рәсім шетелге тұрақты тұруға кетіп бара жатқан азаматтардың Қазақстанда орындамаған (салық, мүлік, сот, мерзімді әскери қызметті өтеу және т. б.) міндеттемелерін анықтау үшін қажет.
Рәсімдеу қай жерде жасалады? ҚР Ішкі істер министрлігінің аумақтық көші-қон бөлімшелерінде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Бұдан әрі елден кетуді рәсімде­у­­­­­ге арналған құжаттардың барлығы ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорына жіберіліп отырады.
Өкінішке қарай, шетелге көшкен немесе көшетін кейбір азаматтар құжаттарын дұрыс рәсімдемейді. Олар алдымен шетелдің азаматтығын алады. Содан кейін барып Қазақстан азаматтығынан бас тартады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл жағдайда шетелдік болған және азаматтығы жоқ бұрынғы отандасымыз Қордан зейнетақы жинақтарын алу үшін Қазақстанға қайта келіп, елде тұруға ықтиярхат алып, Қазақстаннан кетуге арналған құжаттарды рәсімдеуіне тура келеді.
Сонымен Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен бұрынғы отандастарымыз жинақтарын алу үшін құжаттарды өздері келіп немесе сенім артылған үшінші тұлға не болмаса пошта арқылы ұсына алады.
Ал егер құжаттарға қатысты жағымсыз жауап алынса немесе қандай да бір ескертпелер болса, яғни, жоғарыда аталған құжаттардың бар екендігі және жарамдылығы туралы мәлімет алынса, сондай-ақ өтініш жасаған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткені жайында мәліметтер болмай шықса, Қор оның өтінішін орындаудан бас тартады. Алушыға бұл жайында ескертіп, қолхат ұсынып, себебін түсіндіреді. Егер құжаттар пошта арқылы келген болса, 10 жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама жібереді. Сондықтан елден кетуге арналған құжаттарды дұрыс рәсімдеген абзал.
БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (өзі келіп өтініш жасағанда, үшінші тұлға немесе пошта байланысы арқылы жібергенде) барлық қажетті құжаттар тізілімі, оларды рәсімдеуге қатысты талаптар, сондай-ақ өтініш бланкалары және оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері enpf.kz сайтының «Қызметтер»-«ҚР аумағынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты «БЖЗҚ» АҚ төлемдерді ресімдеу тәртібі» бөлімінде көрсетілген.

Мұхамед БАҒДАТҰЛЫ,
«БЖЗҚ» АҚ жұртшылықпен
байланыс
департаментінің
бас маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды