«Ақшаң болса қалтаңда…»

0 56

Жыл басындағы есеп бойынша елімізде 5 млн адамның кредиті бар. Халықтың банк алдындағы қарызы 6 трлн теңгеден асты. Ал төленбеген кредиттің көлемі 600 млрд теңгедей екен. Мұның астарында қарапайым халықтың қаржы ұстауға келгенде сауатсыздығы мен қамсыздығы жатыр.

Иә, «Сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты» дегелі бір жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Одан бері көп нәрсе өзгере қоймады. Бүгінгі қазақтың заманына қарай пиғылы да ауысып, «ақшаң болса қалтаңда…» дегенінен танар емес. Қалтадағы емес, көкейдегі сағымға жетеміз деп несиеге ұрынып жүргеніміз осы. Ол да бір жау. Ішпей-жемей тапқан-таян­ғанымызды уыстап банкке аударып, қалтамыздың түбінде қалған тиын-тебеннің жылуын сезіне алмай-ақ қойдық.
Мұның өзі аяқ-қолымызды шырмап, ақша атты неменің құлақ кесті құлына айналдырып жібергендей. Жұмсаған жеріңе үндемей кететін ақша осылайша билігін баршамызға жүргізіп тұр.
Түптеп келгенде, мұның бәрі – ақшаны алақанымыз­да ұстай алмауымыздың салдары. Ақша ұстау да өнер. Сол өнеріміз кемдігінен жасымыздан тиынның қадіріне жетпей, есейе келе маңдай термен келгенді көбейтудің жолдарын білмей дағдардық. Несиеге белшемізден батқанымыз да сондықтан. Алғанда біреу­дің ақшасындай көресің, бергенде өз ақшаң болған соң қиналамыз.
Жалпы, есепшілерді оқы­татындай, алдымен азғантай ақшаны, сосын қаржыны басқаруды мектеп жасынан үйреткен жөн сияқты. Ол үшін тұрмыс-тіршіліктегі нәрселердің үнемін білгеннің ешкімге зияны болмас еді. Тиын сол үнемнен түседі, ұқыптылықтан басы құралады. Ол үйдегі өшірілмей қалған жарық, тоқтан суырылмай қалған қуаттағыш, шүмектен тамшылап тұрған су, жейтініңнен артық сатып алынғаннан…
Есебіне түзу бикелердің жанқалтасында отбасының кіріс-шығыстарын түгендеп жазатын дәптері болуы тиіс. Онда айына түсетін кірістерді есептеп, «қажеттілік, керек нәрсе және ақша жетсе алғанымыз дұрыс» деп жұмсайтын қаражатты үшке бөлсе шаруасы дөңгеленеді. Қажеттілік дегеніміз не? Оны негізінен төлемдер құрайды. Коммуналдық қыз­меттер, жол ақысы, пәтер ақысы, несие, байланыс құралдарының төлемі, айға жететін азық-түліктің шамамен алғандағы бағасы тағы бар. Бұл – төленбесе болмайтын шығыс. Арасында айыппұл, салық секілді ортадан қосылатын төлемдердің тиыны қалтаңызда болғаны жөн. Сонымен бірге алдағы жұмсалатын қаражаттың есебін реттеп отырған жөн. Баланың туған күні, аға­йын-туғандардың той-томалағы дегендей. Бұдан артылғанын жоқ деп есептеңіз. Алғашқы кезде жалпы кірістің 10 пайызын арттырып алуға тырысыңыз да, айдан-айға оның көлемін ұлғайта беріңіз. «Айлықтан айлыққа зорға жету» деген нәрсені басыңыздан алып тастасаңыз да болады. Қалтаңызға түскеннің бәрін жұмсап жіберетін әдеттен арылыңыз.
Екінші бір маңызды нәрсе – ақшаны аса қажет мұқтаждыққа жұмсап үйрену. Егер «тесік қалтаңыз» болса, ол да жаман әдет. Тесік қалта деп күнделікті майда-шүйдеге жұмсалатын ұсақ ақшалардың шығатын жолын айтады. Ай соңында есептей келсеңіз, жалпы қаражаттың 10-30 пайызы тиынмен майдаланып кеткенін білесіз. Қаражатыңыздың басын құрағыңыз келсе, қалтаңыздың тесігін жамаңыз. Әйтпесе айлығыңыз шайлығыңызға жетпей, күйіңіз еш өзгеріссіз қала бермек.
Мақаланың атын «Ақшаң болса қалтаңда» деп бекер қойған жоқпыз. Қол жетпес сағымның соңына еріп, көптен қалғымыз келмейді. «Ол жасаған тойды мен неге жасамаймын?», «ол мінген көлікті мен неге мінбеймін?» дейтін бәсеке біздің пайдамызға шешіліп тұрған жоқ.
Мұның емін бізден бұрындары өткен бабаларымыз «көрпеңе қарай көсіл» деп айтып кеткен. Яғни өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағамдаңыз. Алған көлігіңіздің бағасы жылдық табысыңыздан асып кетпеуі тиіс. Қарызға батып той жасаудың қаншалықты дұрыстығын салмақтаңыз. Бұл тойды шағын топпен, шамалап қонақ шақырып та өткізуге болады екен. Бұл ретте кедей байға, бай құдайға жетем деу мұрат емес.
Қаржыңыздың көлемі мен мүмкіндіктеріңізді байыппен сараптап, алдыңызға нақты мақсат қойыңыз. Қаржылық тәуелсіздікке жету үшін ең бастысын алға шығарыңыз. Көбіңіз үшін алдымен несиеден құтылу қажет болса, сол бағытта жұмыс істеңіз. Тиімді жолы артық шығынды азайту екенін еске саламын.
Алты айға созылған карантин көп нәрседен үнемдеуге болатынын үйретті. Осы күндері мезгілге сай киінеміз деп ойламадық, шкафтарды қарасақ әлі біраз жылға жететін киім-кешек жеткілікті. Осы күндер біздерді думан-асырсыз өмір сүруге болатынын көрсетті. Оның есесіне бала-шағасымен бақта серуен­деп, саламатты өмір салтын ұстанып, өз өмірімізге басқа көзбен қарай бастадық.
Әр нәрсенің бір қайыры болса осы шығар. Алдағы уақытта қарыз қамытын киген бес миллионның қатары сейілсе, ол да біздің қаржылық сауатымыздың артып, өз теңгемізді қалай жұмсау керектігін үйренгеніміздің белгісі болар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 2 =